Ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер жалға алу

Жер беру тәртібі, жалдау мерзімі, жеңілдігі бар тұлғалар санаты

Ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер жалға алу

Астық пен көкөніс өсіру, мал шаруашылығымен айналысу үшін жерді мемлекеттен 49 жылға дейін ұзақ мерзімге жалға алуға болады. Коммерциялық мақсатта берілетін жерден айырмашылығы — бөлінетін жер аукцион арқылы емес, байқау арқылы беріледі. Мұнда фермердің қанша төлейтіні емес, бизнес-жоспардың мазмұны мен жүзеге асырылуы маңызды.

Жалдау құқығы туралы не білу керек

Жерді жалға алу — бұл келісімшарт негізінде рәсімделетін уақытша және ақылы жер пайдалану түрі. Кәсіпкердің жер учаскесін жалдау мерзімі ішінде келісімшартта көрсетілген шарттарға сай пайдалануға заңды құқығы бар.

Жалдау құқығын басқаға беру немесе сату тек ол құқықты сатып алған жағдайда ғана мүмкін болады. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді дүкен, жанармай бекеті немесе басқа нысан салу үшін алуға болмайды — тек ауыл шаруашылығы мақсатында ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Өтінім беру жолдары

Кәсіпкер әкімдіктердің сайттарында және БАҚ-та жарияланатын байқауларды қадағалай алады. Егер нақты бір жер телімі қызықтырса, онда аудан әкімдігіне бастамашыл өтінім беруге болады. Ол өтінімде мыналар көрсетіледі:

  • жер телімін пайдалану мақсаты — мысалы, фермерлік шаруашылық немесе егіншілік
  • орналасқан жері
  • жер телімінің аумағы

Сонымен бірге байқау ұсынысы да бірден дайындалады — бұл толыққанды бизнес-жоспар, мұнда жерді қалай пайдаланатыныңыз, қандай дақылдар егетініңіз, қанша қаражат салатыныңыз, техника мен мамандардың бар-жоғы, қанша жұмыс орны ашылатыны жазылады. Бұл құжат кейін жалдау келісімшартының бір бөлігіне айналады. Мысалы, 20 жұмыс орнын ашамын деп уәде беріп, орындамасаңыз, бұл келісімді бұзу себебіне айналуы мүмкін. Сондықтан шынайы, нақты жоспар жасау маңызды.

Келіп түскен өтінімдер мен бос жерлер негізінде әкімдік байқауға шығарылатын жер телімдерінің тізімін жасайды. Бұл тізім бірнеше құрылыммен — қоғамдық кеңестер, «Атамекен» ҰКП, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және бейінді ҮЕҰ-мен келісіледі. Келісім алу барысы міндетті болып табылады, әсіресе жайылым жерлер болса — олар тек бекітілген жайылымдарды басқару жоспарына сәйкес енгізіледі. Сондықтан жарияланған байқауларға қатысу тез нәтиже әкелуі мүмкін — олар барлық келісуден өтіп қойған.

Байқау барысы

Жер телімдерінің тізімі бекітілген соң, кемінде 30 күн бұрын жергілікті басылымдарда, әкімдік сайтында және ақпараттық тақталарда байқау туралы хабарлама жарияланады. Онда әр жер телімі туралы толық ақпарат беріледі: көлемі, орналасқан жері, жер түрі, топырақ сапасы, сумен қамтамасыз етілуі мен өңірдің агросалалық ерекшелігі.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі — 15 күн, қағаз түрінде немесе egov.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Өтініммен қоса байқау ұсынысы қоса тапсырылады. Жеңімпазды балдық жүйе бойынша жер комиссиясы анықтайды: бизнес-жоспардың сапасы, техника мен мамандардың бар-жоғы, тәжірибе, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және агротехнологияны сақтау бойынша міндеттемелер ескеріледі. Ауданда кемінде бес жыл тұратын немесе ауылшаруашылық кооперативін ұсынатын фермерлер қосымша ұпай алады. Көп төлей алатын адам емес, ең шынайы, жақсы ойластырылған жобасы бар адам ұтады — мысалы, техникасыз 100 гектар жерге егін салу деп айту — минус балл әкеледі, сондықтан көрсеткіштерді шынайы жазған жөн.

Жеңімпазбен жалдау шарты жасалады. Оның мерзімі келесі шарттарға байланысты:

  • фермерлік шаруашылықтарға: ҚР азаматтарына — 10 жылдан 49 жылға дейін, қандастарға — 25 жылға дейін
  • заңды тұлғаларға (ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге) — 49 жылға дейін

Жеңімпаз келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бір жыл бойы байқауға қатысу құқығынан айырылады.

Бақылау және шартты ұзарту

Кәсіпкер келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауы тиіс — жерді тек мақсатына сай пайдалану, агротехнологияны сақтау, жерді тиімді пайдалану. Алғашқы бес жыл ішінде тексеру жыл сайын өткізіледі, кейін әр 3–5 жылда бір рет өтеді. Егер бәрі дұрыс болса, кәсіпкердің жалдау мерзімін ұзартуға құқығы бар.

Егер жер теліміне бір ғана өтінім түссе немесе байқау бір ғана адам жіберілсе, байқау өткізілмеген деп танылады. Сол тәртіппен қайта байқау жарияланады.

Қоныс аударушылар үшін оңайлатылған тәртіп

Ауылдық аумақтарды дамыту және қоныс аудару бағдарламасы аясында өңірлерге көшкен азаматтар жерді байқаудан тыс, бес жылға дейінгі қысқа мерзімді жеңілдетілген тәртіппен жалға ала алады. Мұндай жерді сату, кепілге қою немесе үшінші тұлғаға беру мүмкін емес.

Бес жылдан кейін қандастар жалпы шарттар бойынша ұзақ мерзімді жалға алу құқығына ие болады. Бірақ бұл құқық бір рет қана, алғашқы көшу кезінде ғана беріледі.

Байқауға қатыса алмайтын тұлғалар

Өтінім келесі жағдайларда қабылданбайды:

  • егер кәсіпкер бұрын жер телімінен мәжбүрлеп айырылған болса
  • жер заңнамасын бұзған тұлғалар тізілімінде тіркелсе
  • өтінімде талаптар сақталмаса, мысалы, бизнес-жоспар қоса тіркелмеген болса немесе қарама-қайшы мәліметтер көрсетілсе

Құжаттарда сандар мен орфография бойынша ұсақ қателер болса — бұл өтінімді қабылдамауға себеп емес, мұндай қателер бағалау кезінде есепке алынбайды.

Жалдау ақысы мен салықтар

Ауыл шаруашылығы жерлерінің жалдау төлемдерін ҚР Үкіметі бекітеді, бірақ әр өңірде әкімдік топырақ сапасы, сумен қамтамасыз ету, қашықтық және басқа да шарттарға қарай түзету коэффициенттерін қолдана алады. Бірақ жалдау ақысы жер салығынан төмен болмауы тиіс.

Әкімдік жалдау ақысын нақты жер телімінің кадастрлық бағасы негізінде белгілейді. Бағалау барысы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы түзету коэффициенттерін ескере отырып есептейді. Мысалы, егер жер ірі қаланың маңында немесе шипажайларға жақын аймақта орналасса, базалық мөлшері екі есе көтерілуі мүмкін.

Байқау жеңімпаздары үшін жалдау ақысы байқау нәтижесі бойынша белгіленіп, келісімшартта бекітілуі мүмкін.

Салыққа тоқталсақ, кәсіпкер жер салығын төлемейді, бірақ жер телімін пайдаланғаны үшін ақы төлейді. Бұл ретте 851.00 — «Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша салық есебi» нысаны тапсырылады.

Шаруа немесе фермер қожалығының арнайы салық режимін қолданатындар жерді мақсатына сай пайдаланса жалдау ақысынан босатылады. Бұл жағдайда олар бірыңғай жер салығын төлейді, бұл төлем жалдау ақысын алмастырады.

 

Ауыл шаруашылығымен айналысу мақсатында жерді 49 жылға дейін жалға алу үшін өтінімді толтырып, бизнес-жоспар дайындап, міндеттемелерді орындау қажет. Жоба жоспары неғұрлым нақты әрі шынайы болса, жерді ұзақ мерзімге алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.