Қайырымдылық: қазақстандық бизнеске арналған нұсқаулық

Жүйелі түрде көмектесу жолдары, алғашқы қадамдар және қоғамдағы маңызы

Қайырымдылық: қазақстандық бизнеске арналған нұсқаулық

Қазақстанда қайырымдылық бизнестің әдеттегі тәжірибесіне айналып келеді. Көптеген компаниялар анда-санда ақша аударып қана қоймай, мұны корпоративтік бағдарламалар, жылдық бюджет пен есептілік жоспарын құру арқылы жүйелі түрде жасайды. Игі істер жасаудың дұрыс әрі қауіпсіз жолдарын қарастырайық.

Қайырымдылық туралы заң

Қазақстанда «Қайырымдылық туралы» заң 2015 жылы қабылданды. Оған бірнеше рет өзгерістер енгізілген, соңғысы — 2022 жылы болды. Бірнеше қазақстандық қорлармен байланысты қаражат мақсатсыз жұмсау оқиғаларынан кейін, мемлекет жаңа түзетулерді дайындап жатыр. Олар 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Мәжіліске түседі деп жоспарлануда.

Қолданыстағы заңнан бизнеске маңызды негізгі ережелер:

  • компания қайырымдылықпен үнемі айналысса, оның ішкі құжаттары болуы тиіс — онда кімге және қалай көмектесетіні, шешім кім қабылдайтыны, бюджет қалай қалыптасатыны жазылуы керек
  • қайырымдылық ұйымдары жария түрде есеп беруге міндетті — жылына кемінде бір рет қанша қаражат жиналғаны, қалай жұмсалғаны және қандай нәтижеге қол жеткізілгені туралы хабарлауы керек

Компанияда қайырымдылық ұйымдастырудың тәсілі

Егер компания қайырымдылық көмек көрсетуді жоспарласа, мұны ашық түрде жасау керек. Бұл тек ұсыныс қана емес, заңның талабы. Қазақстандық заңнаманы сақтап, халықаралық құқық нормаларын ескеретін, сондай-ақ компанияның ішкі құжаттары бойынша жұмыс істеуге көмектесетін алгоритм бар. Оны егжей-тегжейлі қарастырайық.

Ішкі құжаттарды бекіту

Компания көмек көрсетуді бастамас бұрын қайырымдылық бағдарламасын және қайырымдылық көмек көрсету ережесін бекіту керек. Бұл құжаттарда мақсаттар, қағидаттар, негізгі бағыттар, қайырымдылық көмек көрсету тәртібі, шығындар бюджеті жазылуы керек. Шешім қабылдайтын жауапты тұлғаларды да көрсету маңызды — мысалы, директорлар кеңесі, қайырымдылық комитеті немесе жеке жауапты менеджер деп белгілеу керек.

Ережеде көмекке жататын бағыттарды шектеуге болады, мысалы, тек білім беру саласында көмектесу немесе тек белгілі бір өңірдегі жобаларды қолдау. Сондай-ақ көмектің нақты форматын белгілеуге болады:

  • меценаттық көмек — ғылым, білім, мәдениет, спорт дамыту және мәдени мұраны сақтау
  • филантропия — қиын жағдайға тап болған жеке адамдарға көмек
  • демеушілік — егер демеушінің немесе компанияның атын жарнамалау қажет болса

Шетелдік қатысуы бар қазақстандық компанияларға халықаралық заңнаманы ескеру маңызды — әдетте, олар FCPA американдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды немесе британдық UK Bribery Act сияқты «Парақорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» нормаларды көрсетеді.

Өтінім алу және тексеру жүргізу

Құжаттар дайын болса, енді кімге көмектесетініңізді таңдап, қайырымдылық туралы өтінімді заңды түрде бағалау қажет. Заң бойынша қайырымдылық көмек — бұл қолдау көрсету мақсатында мүлікті өтеусіз беру:

  • жеке тұлғаларға әлеуметтік көмек ретінде
  • жарғыдағы қызмет шеңберінде коммерциялық емес ұйымдарға
  • әлеуметтік салада жұмыс істейтін ұйымдарға
  • демеушілік көмек ретінде

Іс жүзінде бизнестің көбі коммерциялық емес ұйымдарға (КЕҰ) көмектеседі. Мұндай ұйымнан өтінім келіп түссе, компания оның жарғысы мен заңды тұлға ретінде тіркелгені туралы анықтама сұрау керек. Ұйым жарғы бойынша расымен коммерциялық емес екеніне, мысалы, қор, қоғамдық бірлестік немесе басқа нысан, және сұралған көмек мақсаты олардың жарғылық қызметіне сәйкес келетініне көз жеткізу керек.

Egov.kz сайтында әртүрлі бағыттағы 30-дан астам қайырымдылық қорлардың тізімі бар, оған қоса тізімде жоқ басқа да қорлар бар — мысалы, жануарларды қорғау бағытында жұмыс істейтін ұйымдар. Ауыр салдарға тап болмау үшін қор өз қызметін қаншалықты ашық жүргізетінін, қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын, есептерін және серіктестердің пікірлерін зерттеген жөн. КЕҰ-мен жүйелі түрде ынтымақтастық орнату үшін заңгерлерді жұмылдыру немесе ресми түрде серіктестік құру қажет. Қай қорды таңдау компанияның өзі шешу керек.

Компания қорды таңдағанда, оның мақсаттары мен жұмыс бағыты бизнестің құндылықтарына қаншалықты сәйкес келетінін ескеру маңызды. Мысалы, егер компания білім саласын қолдағысы келсе, көп балалы отбасылардың балаларын оқыту жобаларын жүзеге асыратын қорларды таңдаған дұрыс. Бірақ, менің ойымша, ең бастысы — бұл қордың қайырымдылық жасаушының алдындағы беделі, оларға өз қаражатын сеніп тапсыруға қаншалықты дайын екені.

Біз үшін бизнестің ең құнды қолдауы — бұл ақпараттық және қаржылық көмек. Сондай-ақ біз бизнес өкілдері біздің еріктілер тобына қосылғанына әрқашан қуанамыз — компания қызметкерлерін біздің науқандарымызға қатысуға шақырамыз. Біз қайырымдылық жасаушының сұранысы бойынша барлық қажетті құжаттарды — жүкқұжаттар, актілер, фото және видео материалдар береміз.

Алибек Туселбаев, «Шұғыла» Қоғамдық қорының атқарушы директоры

Шарт жасасу

Компания көмек көрсететін қорды таңдаған соң, қайырымдылық жасаушы мен алушы арасында шарт жасалуы керек. Онда келесі жайттар көрсетіледі:

  • қайырымдылық көмектің мақсаты
  • салықтарды ескере отырып, ақшалай түрдегі көмек сомасы
  • қаражат аудару және пайдалану тәртібі
  • тараптардың жауапкершілігі
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау туралы ережелер
  • дау-жанжалдарды шешу тәртібі
  • қаражаттың мақсатты жұмсалғанын растайтын бухгалтерлік құжаттарды қоса алғанда, алушы тарапынан есептілікке қойылатын талаптар

Егер көмек демеушілік түрінде болса, онда демеушінің атын жария ету тәртібі қосымша белгіленуі керек — мысалы, логотипті орналастыру, басылымдарда атап өту және т.б.

Егер компания жарнама жасауды мақсат етпесе, көмекті меценаттық қайырымдылық гранты ретінде рәсімдеуге болады. Бұл жағдайда алушы қаражатты тек қайырымдылық жасаушының келісімімен ғана басқа мақсатқа пайдалана алады.

«АНА ҮЙІ» қоры 12 жылдан бері әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалар санын азайту бағытында жұмыс істеп келеді. Біздің бірнеше жылдар бойы жобаларымызды қолдап келе жатқан тұрақты жебеушілеріміз бар. Бұл әр ресурс орталығындағы аналар мен балаларға қолдау шығындарын жүйелі түрде жоспарлауға мүмкіндік береді. Біз көмекті алғаннан кейін ай сайын қайырымдылық жасаушыларға қаражаттың мақсатты пайдаланылуы бойынша есеп береміз. Бізді қолдауға дайын жаңа серіктестер мен бизнес өкілдеріне әрқашан ашықпыз. Бизнес тек бір реттік қажеттіліктерді өтеуге көмектесіп қана қоймай, бізбен бірге жүйелі түрде мәселелерді шешкенде ғана нақты өзгеріс болатынына сенеміз.

Ажаркүл Қлышбаева, «АНА ҮЙІ» Қоғамдық қорының атқарушы директоры

Есеп жүргізу мен тексеру

Көмек көрсетілді, енді барлық кезеңдерде — алушы тарапынан да, компания тарапынан да айқындықты қамтамасыз ету маңызды. Алушы келісімшартта белгіленген тәртіп пен мерзімге сай қаражатты пайдалану туралы есеп беруі керек, ал егер қаражат толық игерілмеген болса, мысалы, қайырымдылық гранты немесе жеке стипендия беру кезінде, онда пайдаланылмаған сома қайырымдылық жасаушыға қайтарылуы тиіс. Халықаралық ұйымдардан немесе шетелдік тұлғалардан көмек алған ҚР резиденттері жыл сайын бұл қаражаттың қолданылуы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында есеп жариялауы тиіс.

Компания да өз қайырымдылық қызметі туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға есеп беруге және ақпарат ұсынуға міндетті. Мұндай міндет жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға болсын барлық қайырымдылық жасаушыларға және демеушілік, меценаттық немесе бір реттік қолдауға қатысты.

Бизнес көмектің кімге, қашан, қандай көлемде және негізде, қандай түрде — ақша, тауар, қызмет көрсету ретінде көрсетілгенін тіркеу керек. Бұл деректер салық органдарының тексерісі кезінде немесе қайырымдылық қызметін қадағалайтын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бақылау кезінде талап етілуі мүмкін.

Былай көмектеспеген дұрыс

Кейде компаниялар тез көмектескісі келіп, белгісіз қорларға бір реттік аударымдар жасап немесе тікелей ақша жібереді. Бұл игі ниет, бірақ бизнеске тиімді емес болуы мүмкін. Неден аулақ болу керек:

  • тексерілмеген қорларға аударым жасау — жарғысы мен есептері жоқ қорлар ақшаны мақсатсыз жұмсауы мүмкін
  • бір жолдық сыйлықтар мен сырт көзге ғана жасалған шаралар — мысалы, нақты қажеттілігін білмей балаларға тәттілер тарату, одан да қордан нақты не қажет екенін сұраған дұрыс
  • жүйесіз атаулы көмек көрсету — бір адамды қолдау маңызды, бірақ бұл түпкі мәселені шешпейді, кешенді түрде жұмыс істейтін қорларды таңдаған дұрыс

Біздің қорға кез келген көмек маңызды — біз балалар денсаулығын сақтау саласындағы жобаларға арналған әр тиінді арнайы қораптар мен банк қолданбалары арқылы жинаймыз. Жеткілікті сома жиналған кезде жабдық сатып аламыз және әрқашан әлеуметтік желілерімізде есеп береміз.

Біз бизнес өкілдерімен тек нақты мерзімі мен іске асыру шарттары бар келісімшарт бойынша жұмыс істейміз, оның нәтижелері бойынша міндетті түрде PR-қолдау көрсетеміз — оны да өз қолымызға алып, іске асырамыз.

Біз бір реттік көмектің ұзақ мерзімді серіктестікке айналғанын қалаймыз. Мысалы, Samsung Қазақстанмен серіктестігіміз дәл осылай басталды — шағын еріктілік жобалардан бастап, кейін бірнеше жыл ардагерлерге көмек көрсеттік және жеті жылдан бері осы компанияға Қазақстандағы ұлттық білім беру жобаларын іске асыруға көмектесіп келеміз — Samsung Innovation Campus орта мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған мобильді қолданбаларды дамыту, дата-аналитика бойынша тегін курстарды және Solve for Tomorrow STEM-жобалар байқауын қолдап келеміз.

Біздің қормен жұмыс істеудің ерекшелігі — барлық жиналған қаражатты 100% көлемде әлеуметтік жобаларға жұмсаймыз. Әкімшілік шығындарды — қызметкерлердің жалақысы, кеңсе жалдау, іссапар шығындары және т.б., қордың құрылтайшысы төлейді.

AYALA қайырымдылық қоры біздің қолдаушыларымызға ішкі процедуралар аясында ұсынылуы қажет кез келген құжаттарды ұсынады: дью-дилидженс пен комплаенс-тексеруден өтеміз, жеткізушілермен, серіктестермен жасалған келісімшарттардың барлығын береміз, жобалар аяқталған соң жүкқұжаттар, қабылдау-тапсыру актілері, орындалған жұмыстар актілері, шот-фактуралар, БАҚ-тағы мақалалар туралы есеп, фото-, бейнематериалдар, әлеуметтік желілердегі посттар мен рилстерді көрсетеміз. Халықаралық қолдаушыларымыздың көбі нақты көмек туралы фактілер мен іске асырылған қайырымдылық көмектің тиімділігі туралы толық есептер беруді сұрайды. Кейбір ұйымдарға біз мұны тіпті ағылшын тілінде жасаймыз. Жалпы, қолдаушылар келесі жылы да бізбен қарым-қатынасты жалғастыруы үшін бәрін жасаймыз.

Наталья Еськова, AYALA қайырымдылық қорының коммуникациялар жөніндегі вице-президенті

Салық міндеттемелері

Қайырымдылық көмек көрсететін компаниялар табысқа салынатын салықтың мөлшерін азайта алады, яғни корпоративті табыс салығын аз төлей алады. Жеңілдік мөлшері компанияның жылдық жиынтық кірісіне қолданылады және келесідей болады:

  • салық органдарында бақылауда тұратын ірі салық төлеушілерге — табысының 3%-ы
  • қалған салық төлеушілерге — 4%

Бұл жеңілдік тек келесі жағдайларда ғана қолданылады:

  • қайырымдылық бойынша шығындарға, көмек сұраған адамның/қордың жазбаша өтініші болған жағдайда және бұған қатысты компанияның шешімі болса. Мысалы, көмекке мұқтаж отбасынан немесе қордан хат бар, яғни салық есептеу кезінде компанияның шығындары есепке алынады
  • КЕҰ-ға өтеусіз берілген мүліктің құны түріндегі шығындарға. Мысалы, компания компьютерлерді қайырымдылық қорына сыйға тартса, бұл сыйлықтардың құнын шығындарға қосуға болады

Мұндай шығыстар салық есептілігінде 100.00 нысанында көрсетіледі. Барлық растайтын құжаттарды — хаттарды, қабылдау-тапсыру актілерін, басшылықтың шешімін сақтау маңызды.

 

Көмек көрсету — жақсы іс, ал оны жүйелі түрде жасау — одан да жақсы. Қайырымдылық ауыр салдарға әкелмес үшін, компания ішкі ережелерді алдын ала рәсімдеп, ақшаның кімге және не үшін жұмсалып жатқанын тексеріп, тіпті жеке пайда немесе мүдделер қақтығысын жоққа шығару керек. Сонда қайырымдылық тек пайдалы бастама ғана емес, компания беделінің бір бөлігіне айналады.