Фастфуд және балмұздақ нүктелерін ашуға қажетті құжатар

Сәлеметсіз бе! Фастфуд және балмұздақ нүктелерін ашуға қандай құжатар керек?
Керемет бастама! Фастфуд — Қазақстандағы шағын бизнестің ішінде табысты форматтардың бірі, ал жазда балмұздақ нүктелері әсіресе жақсы табыс әкеледі. Бірақ бизнесті заңды түрде бастау үшін біраз дайындық қажет.
Біріншіден, ЖК тіркеп, қызмет бастағаныңыз туралы хабарлама жіберу керек, оған қоса санитарлық кітапша алу қажет. Кейін фастфуд пен балмұздақты сатуды жоспарлап отырған орынды таңдау керек.
- егер сіз сауда орталығының, базарлардың, кафелердің және басқа да коммерциялық нысандардың жанында немесе ішінде орналасқыңыз келсе, осы алаңдардың иелерімен келісуіңіз керек — бос орындар туралы біліп, шарттарды талқылап, жалдау шартын жасасу керек.
- егер сіз саябақтарда, скверлерде немесе жағалау аймағында сауда жасауды жоспарласаңыз, әкімдіктен рұқсат алу керек. Ретсіз сауда заңсыз болып саналады және оған айыппұл салынады. Алматы мен Астана қалаларында көшедегі саудаға арналған жерлер онлайн-аукциондар арқылы беріледі. Астанада бұған Astana ӘКК жауапты, басқа қалада тұрсаңыз, өз қалаңыздағы әкімдіктің кәсіпкерлік бөліміне хабарласқан жөн. Рәсімдеу тәртібі әр қалада әрқалай болуы мүмкін.
Санитарлық кітапша балмұздақ пен фастфуд сияқты тамақ өнімдерімен жұмыс істейтіндердің барлығына керек. Ол арнайы медициналық мекемелерде беріледі, МӘМС-ке кірмейді.
Қосымша келесі құжаттар қажет болады:
- егер балмұздақ немесе фастфуд өз өндірісіңіз болса, онда өнімге құжаттар қажет — бұл техникалық сипаттамалар, рецептуралар және зертханалық қорытындылар, ал егер франшиза немесе жеткізушіден дайын рецептті пайдалансаңыз — олардан өнімнің қауіпсіздігі мен талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың толық тізімін сұраңыз.
- ФДО-ға қосылған кассалық аппарат
Іске сәт!