Instagram арқылы сауда жасау: дүкенді ретке келтіру

Табысты дүкен үлгісі

Instagram арқылы сауда жасау: дүкенді ретке келтіру

Instagram қолданбасы әдемі фото көрсететін желі форматынан алшақтағанына біраз уақыт болды. Шағын және орта бизнес оны тауар көрсетіп, сатып алушылармен сөйлесіп, тапсырыс қабылдайтын орынға айналдырды. Instagram әсіресе фото немесе видео арқылы көрсетуге болатын киім, косметика, жергілікті бренд өнімдері сияқты тауарларды сатуға жақсы көмектеседі.

Кәсіпкерлердің көбі Instagram-ды базар ретінде пайдаланып, қателеседі: фото салып қойып, астына бағасын жазып, қашан сатылады екен деп күтеді. Бірақ ондай тәсіл қазір жұмыс істемейді. Instagram тауар сатуға көмектессін десеңіз, профильді түсінікті етіп толтырып, тауарларды толық сипаттап, сатып алу процесін оңайлатып, клиенттердің сенімін қалыптастырып, сұрақтарына жылдам жауап беріп отыру керек.

Профиль толтыру

Ең алдымен профильді жөнге келтіру керек. Парақшаңызға алғаш рет кірген адам сіздің кім екеніңізді, не сататыныңызды, қай қалада орналасқаныңызды, қалай сатып алуға болатынын және сізге неліктен сенуге болатынын үш секунда түсіне алуы керек.

Профиль сипаттамасында «Сапа, стиль, ыңғай» деп жазсаңыз, ешкім ештеңе түсінбейді. Бұл дегеніңіз мәні жоқ сөз тізбегі. Жақсы сипаттамада тауардың түрі, кімге арналғаны, ерекшелігі, тапсырыс беру тәсілі нақты жазылып тұрады. Мысалы, «Табиғи косметика» емес, «Ерекше күтім қажет ететін теріге арналған косметика, Алматы, Қазақстан аумағына жөнелтеміз, директ арқылы таңдауға көмектесеміз» деуге, «Дәмді торттар» емес, «Бенто және десертке тапсырыс аламыз, 24 сағатта дайындаймыз, Алматы аумағына жеткізіп береміз» деуге болады.

Кәсіби аккаунт және оның көрсеткіштері

Содан кейін аккаунтты кәсіби форматқа ауыстыру керек. Бизнеспен айналысуға жеке аккаунт емес, бизнес-профиль қажет, ал жеке бренд арқылы сататын болсаңыз, автор аккаунты қажет.

Ол статистиканы тексеруге, байланыс батырмасын қоюға, жарнама құралдарын пайдалануға, каталог қосуға және адамдар қай посттарыңыздан келетінін көруге мүмкіндік береді. Мұның бәрін талдамасаңыз, ішкі ойыңызға сеніп жүре бересіз. Маркетингте ойға сене беруге болмайды.

Каталог және парақша құрылымы

Келесі қадам — каталог жасау. Тауарларыңыз үнсіз фотосуретте тұра бермей, нақты атауы, бағасы, сипаты және сатып алуға сілтемесі жазылған жөнді карточкада тұрсын десеңіз, каталог жасаңыз.

Интернет дүкеніңіз бар болса, каталогты соның сайтына байланыстыра аласыз. Сайтыңыз болмаса, тауарларды бәрібір реттеп қойған жөн: ассортиментті бір қалыпқа келтіріп, хайлайттарды бөлек жинап, маңызды посттарды парақшаның жоғарғы жағына бекітіп, прайс жасап, жеткізу, төлеу және қайтару шарттарын жазып, жиі қойылатын сұрақтарға жауап дайындаңыз.

Тауар карточкасы: фотосуреті мен сипаты

Тауар карточкасын дұрыс жасаған да өте маңызды.

Фотосурет өнімнің әдемі жақтарын ғана көрсетіп қоймай, түсінікті етіп сипаттауға тиіс. Клиент оның өлшемін, түсін, бітімін, құрамын, қаптамасын және пайдалану тәсілдерін көруге тиіс. Киім сатсаңыз, адамға кигізіп, жақыннан қалай көрінетінін, қимылдағанда қалай жарасатынын, матасы қандай екенін көрсетіңіз. Тағам сатсаңыз, салмағын, турағандағы түрін, қаптамасын, жеткізген кезде түрі қандай болатынын көрсетіңіз. Қызмет сатсаңыз, жұмыс барысын, нәтижесін, орындалған үлгілерін және клиенттердің шын пікірлерін көрсетіңіз. Instagram-да клиент көзбен көргенін ұнатып тұрса да, ойланып сатып алады. Әдемі сурет көзге түсуге көмектессе, толық ақпарат тауарды сатып жіберуге көмектеседі.

Тауар сипаттамасы қарапайым тілмен жазылуға тиіс. Оны ресми құжаттағы мәтінге айналдырмаңыз. Өнім кімге арналғанын, қандай мәселені шеше алатынын, қандай шектеу бар екенін, қалай ұстап, сақтап, тапсырыс беруге болатынын жазыңыз. Өнім бәріне бірдей жақпаса, ол туралы жасырмай айтыңыз. Мысалы: «Бұл крем қозып тұрған акнеге жақпайды, бірақ тері қорғанысын қалпына келтіре алады» десеңіз, саудаңыз төмендемейді. Керісінше, қайтарылған тауар, жағымсыз пікір, көңілі қалған клиент саны азаяды. Ол да табысқа әсер етеді.

Жеткізу және төлеу тәсілдері

Жеткізу және төлеу тәсілдерін бөлек жазған дұрыс.

Көптеген бизнестің клиенттері өнімнің нашар болғанынан емес, сатып алу процесі түсініксіз болғандықтан кетіп қалады. Мысалы, клиент: «Сәлеметсіз бе, тауар қолыңызда бар ма?» — деп сұраса, оған төрт сағаттан кейін «Иә» деп жауап береді. Бағасын сұраса, жауабын дауысты хабарлама түрінде алады. Сөйтіп тауарды тек ертең жеткізіп беретінін, төлемін аударым арқылы жіберетінін, сауда чегі берілмейтінін естиді. Сол жерде клиент кетіп қалады.

Сатып алу процесі қысқа болуға тиіс. Жеткізу және төлеу шарттары бірден көрініп тұрсын: оны хайлайт, бекітілген пост, автожауап немесе тауар карточкасы арқылы беруге болады.

Ең ыңғайлы жол мынадай: клиент тауарыңызды көріп, бәрін түсініп, таңдап, жазып, қысқа да нұсқа жауап алып, төлеп, тапсырыс ойдағыдай қабылданғанына растау алады.

Хайлайттар

Дүкен иелерінің көбі мән бере қоймайтын құралдардың бірі — хайлайттар. Шағын бизнестің хайлайттары әртүрлі стористер жинағы түрінде: «Жаңа», «Пікірлер», «Біз», «Қолдағы тауар», «Науқандар» деп топталады.

Шын мәнінде хайлайттар шағын сайт сияқты жұмыс істеуге тиіс. Оған каталог, тапсырыс беру, жеткізу және төлеу шарттарын, пікірлерді, сіз туралы ақпарат, қолдағы тауар, науқандар сияқты нәрселерді салуға болады. Тауардың бірнеше түрін сатсаңыз, санатына қарай бөле аласыз. Адам өзіне қажет нәрсені ретсіз топталған стористерден іздеп отырмасын. Клиентіңіз неғұрлым аз ойланса, тауарыңызды соғұрлым тез сатып алады.

Дүкен неге өзінен-өзі сата бермейді

Келесі қадам — клиент сенімін қалыптастыру. Сенімі жоқ Instagram дүкенінде тұрақты сауда болмайды. Бұл жерде клиенттердің пікірлері ғана емес, брендті ұсынатын адам да, сауда процесі де, ашық ақпарат та, тұрақты жаңару да, шын клиенттер де, қаптама да, сұрақтарға жауап та, шағымдармен жұмыс та — бәрі маңызды. Егер сіз әдемі фотосурет салып қойып, жұмыс барысын көрсетпей отырсаңыз, клиент аккаунттың иесі кім екенін білмейді. Адамдар компанияның шын келбетін, яғни тапсырыстарды жинайтын кім, кеңес беретіндер кім, қойманың іші қандай, қатемен жұмыс қалай істеледі деген нәрселерді көргісі келеді. Бірақ бизнесті реалити-шоуға айналдырудың да керегі жоқ, адамдар сіздің компанияңыз бен өнімдеріңіз шын екеніне көз жеткізсе жетеді.

Instagram дүкенін ашқан кездегі жиі кездесетін қате — дүкен өзінен-өзі сата бастайды деген тұжырым. Алайда дүкен де бір сиқырлы батырма емес. Оған контент, жарнама, өтінімдермен жұмыс, қайтып келуге жасалатын жағдай және адамша қызмет көрсету жүйесі қосылған кезде ғана сауда жақсы жүре бастайды. Егер менеджер дұрыс жауап бермесе, тауар қолыңызда болмаса, жарнама бос профильге сілтесе, пікірлер ескі болса, ал жеткізу тәсілі түсініксіз болса, дүкеннен еш пайда болмайды.

Бизнеске пайдалы чек-лист

  • парақшаның сипаттамасын тексеріңіз: адам сіздің не сатып отырғаныңызды үш секундта түсінуге тиіс
  • хайлайттарды шағын сайтқа ұқсатып жинақтаңыз
  • тауар карточкаларын, суреттерін, бағаларын, сипатын және қолда бар-жоғын ретке келтіріңіз
  • тапсырыс беру, төлеу және жеткізіп беру тәртібін толық жазыңыз
  • директте жылдам жауап беру мүмкіндігін жасаңыз
  • пікірлер мен шын кейстерді жинақтаңыз
  • Instagram парақшаңызды қолданып жүрген жалпы сауда жүйесімен, өтінім кестесімен немесе CRM жүйесімен байланыстырыңыз
  • аптасына бір рет адамдардың назарына не түскенін, қай посттарды сақтағанын, қай посттардан директке өткенін тексеріп отырыңыз

Instagram дүкенін ұстау үшін тауар суретін салып қойған жеткіліксіз. Ең алдымен адам түсінетін жылдам әрі қауіпсіз сатып алу жолын құру керек. Клиентіңіз неғұрлым аз сұрақ қойып, аз күмәнданса, саудаңыз соғұрлым жақсы өтеді.