Шетел сервистерінің ақысын төлеуге көмектесетін делдал: жұмыс тәртібі, салықтары мен құжаттары
Агент моделі, салық шегерімдері және бейрезидент үшін ҚҚС төлеу

Мақаланың мазмұны
Бізге бір оқырман мынадай жағдаймен жүгінді: жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС, яғни ҚҚС төлеуші, қазақстандық компаниялар мен жеке кәсіпкерлерге ChatGPT, Claude, CapCut сияқты шетел цифрлық сервистеріне жазылым сатып алу және оның мерзімін ұзарту қызметін көрсетпекші. Жұмыс тәртібі мынадай:
- ЖШС шетел сервисіне корпоративтік көпвалюталы карта арқылы шетел валютасымен төлем жасайды.
- Жазылым клиенттің жеке аккаунтында іске қосылады, сондықтан инвойс клиенттің өз атына рәсімделеді. ЖШС-ның БСН-ы мен деректемелері көрсетілмейді
- Клиент жазылым құнын төлеп, ЖШС-ға қосымша сыйақы төлейді. Ал ЖШС клиентке орындалған жұмыс актісі мен шот-фактура береді.
Оқырман мұндай мәмілені қалай рәсімдеу керегін, қандай құжаттар қажет екенін, бейрезидент үшін салық төлеу тәртібі мен операцияларды бухгалтер есебінде қалай көрсету қажет екенін сұрады. Бұл сұраққа «Точный учет» бухгалтерлер агенттігінің мамандары жауап берді. Олар бейрезиденттермен жасалатын мәмілелерге салық салудың өзіндік ерекшеліктері көп екенін ескертеді. Сондықтан жұмыс барысын нақты келісімшарттардың талаптарына бейімдеу қажет. Мұндай операцияларды салық сарапшысының көмегімен жүргізген жөн.
Қысқаша анықтамалар
- мұнда агент моделі мен тікелей қайта сату моделінің екеуін де қолдануға болады
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі — 16%
- КТС бойынша шегерім: клиенттің атына рәсімделген инвойсты ЖШС өз шығыны ретінде шегере алмайды
- бейрезидент үшін ҚҚС төлеу міндеті ҚҚС төлеушінің өзіне жүктеледі
- ҚҚС төлеу кезінде шетел компаниясының инвойсындағы салық сомасын шегеруге болмайды
Мәміле моделін таңдау
Салық есебі тұрғысынан екі модельді де қолдануға болады.
Агент моделі — бұл агенттің, яғни делдалдың клиент атынан оның жеке қаражатын жұмсай отырып әрекет ететін жұмыс тәртібі. Мұндай модельде ЖШС-ның табысына тек агенттің сыйақысы кіреді. Ал жазылым құнын клиент өзі төлейді, сондықтан бұл сома ЖШС-ның табысы болып есептелмейді. Жазылымды тікелей алып-сатқан жағдайда ЖШС-ның табысы мен ҚҚС салынатын айналымға толық сома, яғни жазылым ақысы да, үстеме баға да кіреді.
Агент моделі бойынша салық есептеу тәртібі:
- КТС. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап КТС жаңа Салық кодексінің 237—256-баптарына сәйкес айқындалады. Сұрақтағы 225-бап ескі Салық кодексіне қатысты. Жаңа кодекстің бұл бөлімінде агент қызметтеріне жеке анықтама берілмеген. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайда 239-баптың 2-тармағына сүйенуге болады. Агент тек делдал қызметін көрсететіндіктен, оның табысы ретінде сол қызмет үшін алынатын сыйақы есептеледі.
- ҚҚС. Клиентке сатып алған қызметтердің құны агенттің ҚҚС салынатын айналымына кірмейді.
- Салық мөлшерлемесі. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесі — 16%.
Клиент атына жазылған инвойстағы соманы шығын ретінде шегеру
Жазылымды тікелей алып-сатқанда жұмсалған соманы КТС бойынша шегеруге болмайды. Жалпы ереже бойынша пайда табу мақсатында жұмсалған ақшаны салық есебінде ескеру үшін растайтын құжаттар болуы керек. Клиенттің атына рәсімделген инвойс сіздің шығыныңызды емес, клиенттің шығынын растайды. Ал корпоративтік картадан алынған төлем тек ақшаның төленгенін дәлелдеп, қызметтің кімге көрсетілгенін растамайды.
Салық кодексінде бастапқы құжаттардың нақты тізімі берілмеген. Оларды рәсімдеуге қойылатын талаптар «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» заңның 7-бабында белгіленген.
Бейрезидент үшін ҚҚС төлеу тәртібі
Егер сіз ҚҚС төлеуші болсаңыз, бейрезиденттен Қазақстанда алған қызметтер үшін ҚҚС төлеуіңіз керек. Электрондық қызметтер мен бағдарлама жасақтамасын пайдалану құқығы бойынша қызмет көрсету орны сатып алушының орналасқан жеріне қарай анықталады. Серверлер мен қызмет көрсететін мамандардың қай елде орналасқаны маңызды емес. ҚҚС мөлшерлемесі — 16%.
Төлем көзінен ұсталатын КТС
Бейрезиденттің Қазақстаннан алатын табысына ақпарат өңдеу қызметтері үшін төленетін ақы мен роялти кіреді. Бағдарлама жасақтамасын пайдалану құқығы үшін төленетін ақы роялти болып саналады. Ал зияткерлік меншікке қатысты айрықша құқықты толық сатып алғанда төленетін ақша роялти түріне жатпайды.
Бейрезиденттің табысына 5%-дан 20%-ға дейін салық салынады. Алайда жалпы ережеден тыс жайттар көп. Олар жеткізуші тіркелген елге, көрсетілетін қызметтің түрі мен орнына байланысты. Салық мөлшерлемесін анықтау немесе салықтан босатуды негіздеу үшін жеткізушінің резиденттік сертификаты қажет.
Бухгалтерлік жазбалар мен есеп тіркелімдері
Сарапшылар валюта айырбастау, банк комиссиялары мен бағам айырмашылығын бухгалтерлік есепте ҚР шоттарының үлгілік жоспарына сәйкес тәртіппен көрсетуді ұсынады:
- Валюта сатып алу үшін теңгені транзиттік шотқа аудару: Дт 1020 — Кт 1030.
- Валютаны Ұлттық банктің операция жасалған күнгі ресми бағамы бойынша есепке алу: Дт 1040 — Кт 1020.
- Айырбастау нәтижесі (банк бағамы мен Ұлттық банктің ресми бағамы арасындағы айырма). Шығын: Дт 7470 — Кт 1020. Табыс: Дт 1020 — Кт 6280.
- Банктің аударым үшін алатын комиссиясы: Салық кодексі бойынша бұл комиссия қарыз сыйақысына жатпайды. Сондықтан оны әкімшілік шығын ретінде есепке алады. Комиссияны шығын ретінде көрсету: Дт 7210 — Кт 3310. Комиссия төлеу: Дт 3310 — Кт 1030 немесе 1040.
- Бағам айырмашылығы. Валюта қалдығы мен қарыздары операция жасалған күні және есепті кезеңнің соңында қайта бағаланады. Оң айырмашылық: Дт 1040 (немесе 1210, 3310) — Кт 6250. Теріс айырмашылық: Дт 7430 — Кт 1040 (немесе 1210, 3310).
Бухгалтерлік есеп тіркелімдері:
- 1020, 1030 және 1040 шоттарының карточкаларын, бухгалтерлік және валюталық есепті бөлек жүргізу керек
- 1020 шотын талдау: банк операциялары жүргізілген күнгі сальдо нөлге тең болуы керек, бұл валюта айырбастау операциясының аяқталғанын растайды
- бағам айырмашылықтарын (6250 мен 7430 шоттары) және банк комиссияларын (7210 шоты) тексеруге арналған айналым-сальдо ведомосы
Бағам айырмашылығын есепке алатын салық тіркеліміне сүйеніп жиынтық жылдық табыс пен шығысты растауға болады. Мұнда операция жасалған күн, Ұлттық банктің валюта бағамы, валютадағы сома, оның теңгедегі баламасы және есепке алынған бағам айырмашылығы көрсетіледі. Нақты жағдайдың ерекшелігін ескеру үшін тиісті маманнан кеңес алған жөн.