Қайта оралғың келетін бар ашу

Нина Всеволодова пандемия алдында қалай ашылғандарын, бар иесі сыраны не үшін төгетінін және қонақтарды барға иттері қалай ертіп әкелетінін айтып берді

Қайта оралғың келетін бар ашу

Victory Mexican and Wild — біздің екінші барымыз. Көптен күткен бизнесіміз — басында бұдан да ауқымды, бұдан да үлкен болсақ деп армандадық. 2019 жылдың желтоқсанында орын тауып, жөндеу жұмыстарын бастадық. Ақпан айында өз достарымызға арнап алғашқы сауық кешін өткіздік. Сторис түсіріп, енді жариялайын деп жатсам — 112-ден: «Үйде болыңыз» деген хабарлама келді.

Біз пандемия кезінде ашылдық. Оны өзіміз де бірден түсінбеппіз.

Барлығы «жоқ» дегеннен басталды

18 жасымда университетте оқып жүріп, мейрамхана әкімшісі болып жұмыс істегім келді. Бірақ мені алмады, өйткені түнгі жұмысқа тым жас болып көріндім. Сонда біз Артеммен — өмірлік және бизнес серігіммен — Victory Pub деген өз барымызды аштық.

Қабырғаларды өзіміз бояп, жәшіктерді тасып, қоқыстарды шығардық. Мен бардың артында тұратынмын, ол — ас үйде жұмыс істеп жүрді. Екі жыл бойы бәрі екеуміздің арқамызда істеп тұратын. Кейін ғана қызметкерлерді жалдай бастадық.

Нина Всеволодова, Victory Mexican and Wild-тың иесі 

Бәрін өзгерткен дәм

Бұрын мексикалық тағамдарды ұнатпайтынмын — үрмебұршақ, қаймақ, күріш. Бірақ бірде Артем екеуміз Одессаға қыдырып бардық. Ол тако алып, маған дәмін татып көруге берді, мен үшін бұл нағыз жаңа дәм болып шықты. Дәмді, нәзік, ерекше. Бұған дейін жеп көргендеріме мүлде ұқсамайды. Біз сол тако дайындайтын жермен тәжірибе алмасуға келістік, және сол сәтте ой туды: неге Алматыда да шынайы мексикалық асхананың қандай екенін көрсетпеске? Біз әр дәмі ерекше әсер сыйлайтын бар ашқымыз келді.

Концепцияны ойластыра бастадық. Достармен бірге мексикалық кештер ұйымдастырдық, тамақ әзірледік, дәмін сынадық, пікірлерін сұрадық. Қазір мәзірдегі барлық тағамдар осы жолдан өтті: әуелі саяжайымыздағы қазанда, кейін — қонақтың табағында. Артем шеф-аспазға айналды, рецепттерді біздің жағдайымызға сәйкес жергілікті өнімдерге бейімдеді. Біз қалдырмай жегің келетін тағамдарды ғана таңдадық. Осылай Victory Mexican and Wild атты бар пайда болды.

Орналасқан жер — тамақтану бизнесінде басты фактор

Біз орталықта орналасқымыз келді, бірақ Абылай хан немесе Достық көшелерінде емес — бұнда жалдау ақысы тым қымбат. Бір жақсы орынды тауып, қатты қуанып едік, бірақ кейін бұл жер саябақ аумағында орналысқаны, сондықтан ішімдікке лицензия берілмейтіні белгілі болды. Бұл бізге ауыр соққы болды.

Орынды жарты жыл іздегеннен кейін Богенбай батыр көшесінен жертөле қабатында орналасқан бір орынды таңдадық. Бағасы тиімді болды, тұрғын үй қорынан шығарылған, лицензия алу жағынан еш қиындық болмады.

Үй тұрғындарымен байланыс құру — бұл бөлек квест. Мекемең халал, тек шай ғана берілсе де, қонақтарға әмірің жүрмейді — көңілдері көтеріңкі адамдар тобы бәрібір дауыстап күлетіні анық.

Біз бұл сұраққа байыппен қараймыз. Жолымыз болды деуге болады: бар мен пәтерлердің арасында техникалық қабаттар орналасқан. Оған қоса төбеде бірнеше қабат дыбыс оқшаулайтын материал тұр. Сондықтан біздегі у-шу үй тұрғындарына жетпейді, тек жанды дауыспен өлеңдер естілуі мүмкін, бірақ ол да 23:00-ге дейін ғана айтылады. Қосымша шара ретінде бізде жұма және сенбі күндері көшеде күзетші тұрып, біреу темекі шегуге шыққанда шу деңгейін бақылайды.

Ең бастысы — атмосфера

Бірінші барымызды «Жесть» клубының жанынан аштық — ол жерде бізбен бір толқында болатын рокерлер жиналатын. Қонақтарың екі қадам жерде болғаны бізге жақсы көмектесті.

Екінші барымызбен де солай болды. Әуелі — достар, кейін – достардың достары, алғашқы бардың тұрақты қонақтары келіп тұратын. Атмосфера табиғи түрде қалыптасты: бізге расымен де келген адамдардың кімдер екені қызық болды, олармен араласып, әңгімелерін тыңдап, жақынырақ танысқымыз келді.

Қазір бәрінің атын жатқа білмесем де, сол қалыптасқан рух сақталды. Біз оны сақтап келеміз. Құрмет көрсету, достарымызға ықылас білдіру — бұл бонус емес, бұл — басты қағида. Қызметкерлеріміз де сондай: шынайы, қонақтарға жандарын аямай қызмет көрсетеді.

Біздің қонақтарымыз — 25 пен 40 жас аралығындағы адамдар. Өте жағымды, ашық-жарқын жандар. Жанжал деген болмайды. Ал басты жұлдыздарымыз, айтпақшы — бұл иттер. Мысалы, Люси. Оның иесі Макс жиі күліп айтады: «Мен барға барамын деп ойламадым, итім алып келді».

Жай ғана жақсы жасау аздық етеді

Сіз жиһаз сатып алып, бар үстелшесін орнатып, жақсы алкоголь құйып беріп, бірақ сонда да адамсыз отыра аласыз. Кім үшін ашылып жатқаныңызды түсінбесеңіз, мұның бәрі жұмыс істемейді.

Біз бірден білдік: аудиторияң кім, ол саған не үшін келеді және сен жайлы қайдан білетінін нақты түсіну керек. Тек харизмамен алысқа бармайсың — достарын бір-екі рет келеді, бірақ ол жеткіліксіз. Қонақтарға құндылық керек.

Біз гипотезаларымызды бірден барда сынап жүрдік. Іс жүзінде үйрендік. Бірінші көмектескен нәрсе — бұл Instagram-дағы таргет жарнамасы. SMM жағынан жолымыз болды — агенттіктегілер видеоконтенттің трендке айналарын басқалардан бұрын-ақ сезіп, сол толқынға ерте ілінді (Мадияр, сәлем!). Біз мекеме жайлы қызық видеолар түсіре бастаған алғашқылардың бірі болдық — бұл шын мәнінде нәтиже әкелді.

Бұған қоса, бізде бірінші бардан қалыптасқан аудиториямыз болды. Миллион болмаса да — 30–40-қа жуық адам болатын, олар бізді біліп, басқаларға ұсынып жүрді. Күшті бастама болды. Біз ұзақ уақыт бойы ұзынқұлақ арқылы жұмыс істеп келдік — жай ғана жақсы істеп қана қоймай, қонақтардың күткенінен де асырып жұмыс істедік. Адам риза болып кетіп, келесі жолы досын ертіп келетіндей деңгейге жеткіздік.

Барға келуге себеп те керек. Біз сауық кештер, жанды дауыстағы музыка, квиздер өткіземіз — жаңа форматтарға әрдайым ашықпыз.

Қателескен кездеріміз болды

Біз кемшілігі жоқ мінсіз мекеме жасағымыз келді. Бұл жолда бір-екі сәтсіз шешім қабылдадық. Мысалы, екі зал ашу, екі бар үстелшелерін қою, әрқайсысында — бөлек сыра беретін шүмек орнату. Бұл әдемі көрінеді, қонақтарға өздерін жайлы сезінуге көмектесуі мүмкін, бірақ экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

Біз премиум сыра ұсынамыз, ол баяу сатылады. Ал жүйе ортақ еді — бір салқындатқыш камера, бір ыдыс. Ақырында сыраны литрлеп төгіп тастадық, ақшамыз да сонымен бірге кетті. Қазір бір барда сыра, екіншісінде — коктейльдер құйылады, бұл шешімнің қисыны бар. Қайта бастаған жағдайда бірден аймақтарды бөліп, мәзірді қысқартар едік.

Ең ауыр шешімдердің бірі — тек екінші барға қатысты емес, жалпы алғанда — бұл түнгі клубтың фудкортында бардың филиалын ашу.  Бұл тәжірибе бізге тек шығын әкелді. Бұл шешімге қалай келгенімізді түсіндірудің өзі қиын. Сол жақта қалыптасқан атмосфера бізге жат болды, ережесі көп, ештеңеге ықпал ете алмайсың — бірақ бәріне жауап бересің. Өзіңе де, қасындағы он көршіңе де.

Егер біреу осындай форматты сынап көруді ойлап жүрсе — мұқият ойланған жөн. Бұндай жерлердің иелерінің негізгі табысы — орынды жалға беру, бардан тапқан табыс емес. Бұл көп нәрсені түсіндіреді.

Алдағы жоспар

Біз қазір бизнесімізді кеңейту алдында тұрмыз. Бұл жай ғана арман емес, нақты жасалып жатқан әрекеттеріміз бар. Бірнеше бағытты қарастырып жатырмыз: Victory Mexican and Wild франшизасын дайындап, басқа қалаларда да ашуға мүмкіндік бермекпіз. Сонымен қатар қарапайым форматтарды да зерттеп жатырмыз. Мүмкін — стритфуд болар, мүмкін — өзіміз күтпеген бір нәрсе.

Ештеңеге қарамаста өсуді мақсат етпейміз. Біз үшін жобаның жанын, яғни ақжүректігімізді, қалыптасқан атмосфераны, қонаққа деген құрметімізді жоғалтпау маңызды. Сондықтан біз баяу болса да, бірақ жобаға деген сеніммен алға жылжып келеміз.

Ақпанда бізге 5 жыл толды. Бұл жасқа жеткеніміз — кездейсоқтық емес. Бұл біз көп қиыншылықты бастан кештік деген сөз. Үнемі жолымыз болғандықтан емес, керісінше жолымыз болмаған кездер болды, бірақ біз оны да өттік. Біз үшін бұл өзімізді мақтан тұтудың басты себебі.

 

Бар ашқыңыз келсе — ешкімге құлақ аспаңыз. Бірақ оңай болады деп те ойламаңыз. Қиын болады. Сыраны босқа төгетін кездер де болады. Таңдаған орын туралы өкінетін боласыз. Кейде — ақша құртып, жүйкеңіз тозатын кездер болады. Бірақ бәрін сүйіспеншілікпен істесеңіз — барлық қиындық ақталады.