2026 жылы ҚҚС қалай өзгереді
Жаңа Салық кодексіндегі ең ауыр мәселе

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ҚҚС бойынша түзетулерді көздейтін жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. ЖК мен ЖШС-ға қатысты ҚҚС қалай қолданылатынын қарастырайық.
2026 жылғы ҚҚС мөлшерлемесі
2026 жылдан бастап ҚҚС-ның жалпы мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін көбейіп, салық салынатын айналым мен салық салынатын импорт мөлшеріне қолданылады. Бұл ретте кейбір қызмет түрлері бойынша 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10% төмендетілген мөлшерлеме белгіленеді.
Төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі:
- Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, медициналық бұйымдардың жиынтықтаушы бөлшектері мен техникалық қосалқы (компенсаторлық) құралдарын өткізу және импорттауға қатысты салық салынатын айналым мөлшеріне қолданылады.
- Медициналық қызметтерді, соның ішінде кешенді түрде көрсетілетін қызметтерді сатудан түскен салық салынатын айналым мөлшеріне қолданылады.
- 10% мөлшерлеме отандық мерзімді баспасөз басылымдарын сатудан түсетін айналым мөлшеріне қолданылады.
ҚҚС-дан кім босатылады
ҚҚС екі бағыттағы қызметке салынбайды:
- ТМККК және МӘМС шеңберіндегі, сондай-ақ Үкімет бекіткен сирек және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеуге арналған дәрілерді өткізу және импорттау.
- ТМККК және МӘМС шеңберіндегі медициналық қызметтер, сондай-ақ Үкімет бекіткен тізбе бойынша ауруларды емдеу бойынша қызмет көрсету.
Сонымен бірге ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмейтіндер:
- мемлекеттік мекемелер
- резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері
- жеке практикамен айналысатын тұлғалар
- арнаулы режимдегі салық төлеушілер
- жеке тұлғалар
ҚҚС төлейтіндер
- Қазақстанда ҚҚС төлеушілер ретінде тіркелген, жылдық айналымы 10 000 АЕК-тен асатын тұлғалар.
- Қазақстанға тауар импорттайтын тұлғалар.
- Салық органдары өтінішсіз ҚҚС төлеуші ретінде тіркеген тұлғалар (шартты түрде есепке қойылған). Бұл жағдайда сізге ҚҚС бойынша тіркелу қажеті туралы хабарлама келеді.
ҚҚС бойынша есепке қою
Міндетті түрде есепке қою
Тауар айналымының белгіленген шегіне жеткен заңды тұлға немесе ЖК міндетті түрде ҚҚС бойынша тіркелуге тиіс.
ҚР жаңа Салық кодексіне сай шекті мән 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендеді. Жылдық айналым осы лимиттен асып кетсе, ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге өтініш беру қажет.
Өтініш беру мерзімі:
- Бір күнтізбелік жылдағы салық салынатын айналымыңыз 10 000 АЕК-тен асып кетсе, онда сіз осы шектен асып кеткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей ҚҚС бойынша тіркелу туралы салық өтінішін беруге міндеттісіз.
- Ірі көлемде мәміле жасаған кезде, яғни шекті айналымнан асыра алатын мәміле жасайтын болсаңыз, сіз тіркелу туралы өтінішті мұндай мәмілені жасамас бұрын беруіңіз керек.
Ерікті түрде есепке қою
Айналымыңыз шекті мәнге жетпесе де, сіз өз еркіңізбен ҚҚС төлеуші ретінде тіркеле аласыз. Ол үшін Салық төлеушінің Жеке кабинеті арқылы электронды түрде немесе салық органында қағаз жүзінде тиісті салық өтінішін беруіңіз қажет.
Бухгалтердің кеңестері
ҚҚС-дан кәсіп жүргізуді жеңілдететін жалпы кеңес:
- Бухгалтер есебін мұқият жүргізу. Құжаттарда олқылық байқалса, ҚҚС есептелмей қалуы немесе тексеру барысында айыппұл салынуы мүмкін.
- ҚҚС төлейтін жеткізушілермен жұмыс істеу. Тауарлар немесе қызметтерді осындай компаниялардан сатып алсаңыз, сатып алған кезде төленген ҚҚС-ны шегере аласыз. Шегерілген сома неғұрлым көп болса, бюджетке төленетін салық соғұрлым аз болады.
- Тауарларда дұрыс рәсімделген электрондық шот-фактуралар мен ілеспе жүкқұжаттардың (олар талап етілетін жағдайда) бар болуын қадағалау. ҚҚС сомасын осы құжаттар дұрыс рәсімделген кезде ғана заңды түрде шегеруге болады.
Жаңа Салық кодексі негізгі мөлшерлемені 16%-ға дейін көтеріп қана қоймай, тіркеу тәртібін де өзгертіп, міндетті тіркелу шегін 10 000 АЕК-ке дейін төмендетеді. Бұл өзгерістер қаржы жағынан тәртіпті болып, құжат айналымына мұқият болуды талап етеді. Есепті дұрыс жүргізу арқылы салық шегерімдерін тиімді пайдалануға және қажетсіз шығынға жол бермеуге болады.