2026 жылы 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларация тапсыру тәртібі
Қолдану аясы және негізгі талаптар

Жалпыға бірдей декларациялау — белгілі бір санаттаға жеке тұлғалар кірісі, активтері мен міндеттемелері туралы есеп беру жүйесі. Тиісті мәлімет 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияда көрсетіледі. Осы мақалада нысандардың айырмашылығы мен оларды кім тапсыратынын түсіндіреміз.
250.00 салық есептілігі нысаны
250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларация есептік жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында жеке тұлғаның қолында бар активтері мен міндеттемелері туралы ақпаратты қамтиды. Мысалы, 2026 жылы тапсыратын декларацияда жеке тұлға 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша деректерді көрсетеді.
Жеке тұлға 250.00 нысаны бойынша декларацияны тек бір рет, яғни жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне енді қосылғанда тапсырады. Бірақ арнайы заңдар бойынша міндеті бар азаматтар басқа тәртіпке бағынады. Олар бастапқы декларациядан кейін кезектіcін тапсырады.
Егер тұлға бастапқы декларацияда қате жібергенін анықтаса, ол түзетулерді енгізіп, қосымшасын тапсыра алады. Салық органы камералдық бақылау кезінде қателіктер тапса, жеке тұлға есепті қайта тапсыру қажет.
Декларацияны тапсыруға тиіс тұлғалар
- сайланбалы лауазымға үміткерлер
- мемлекеттік қызметшілер
- қаржы секторындағы (банктер, сақтандыру компаниялары, бағалы қағаздар нарығы) басқарма мүшелері, құрылтайшылар немесе акционерлер
- жоғарыда көрсетілген тұлғалардың жұбайлары
- шетелде мүлкіcі бар Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары
Егер кәмелетке толмаған, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі тұлғаның салық міндеттемелері (мысалы, шетелдегі мүлік) болса, ол үшін декларацияны оның заңды өкілі (ата-анасы немесе қамқоршысы) тапсырады.
Декларацияда көрсетілетін мәліметтер
Басқа мемлекетте тіркелген мүлік:
- жылжымайтын мүлік (пәтерлер, үйлер, учаскелер)
- әуе, теңіз және өзен кемелері
- автокөлік, арнайы техника, тіркемелер
- шетел банктеріндегі барлық шоттардағы салым сомасы 1 000 АЕК-тен (2026 жылы 4 325 000 теңгеден) асқан ақша
ҚР-да немесе шетелде тіркелген мүлік пен міндеттемелер:
- жылжымайтын мүлік құрылысына салынған үлес
- шетелде тіркелген компанияның жарғылық капиталындағы үлес
- бағалы қағаздар
- цифрлық активтер
- инвестициялық алтын
- зияткерлік меншік нысандары, авторлық құқықтар
- 10 000 АЕК-ке (2026 жылы 43 250 000 теңгеге) дейінгі қолма-қол ақша
- дебитор және кредитор берешектің барлық түрлері (ерекше жағдай — АХҚО краудфандинг платформалары арқылы жасалған шарттар)
- шетелдегі брокерлік шоттардағы ақша
- өзге мүлік
Тізімдегі берешек туралы ақпаратты нотариалды куәландырылған қарыз шарты, салыстыру актісі немесе сот шешімімен расталған құжатпен бірге ұсыну қажет. Банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешек бұл талапқа кірмейді.
270.00 салық есептілігі нысаны
270.00 нысаны бойынша кіріс пен мүлік туралы декларация жеке тұлғаның есептік кезеңде түскен кірісі мен сатып алынған мүлкісі туралы ақпаратты қамтиды.
Декларацияны тапсыруға тиіс тұлғалар
- жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне қатысушылар
- квазимемлекеттік компаниялардағы немесе басқа да заңды тұлғалардағы 10%-дан астам үлеске ие тұлғалар, ұйымдардың құрылтайшылары мен басшылары және олардың жұбайлары
- табысынан салықты өз бетінше есептеп, төлеуге міндеті бар жеке тұлға (мысалы, пәтерді жалға беруден немесе сатудан түскен табыс)
мұндай табысқа кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс кірмейді - есептік жылдың 31 желтоқсанында шетел банктерінің шоттарында барлығы 1 000 АЕК-тен (2026 жылы 4 325 000 теңгеден) асатын сома бар жеке тұлға
- бір жыл ішінде 20 000 АЕК-тен (2026 жылы 86 500 000 теңгеден) асатын сомаға сатып алулар жасаған жеке тұлға (жылжымайтын мүлік, автокөлік, компаниялардың үлестері, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, құрылыстағы үлес, инвестициялық алтын)
- цифрлық активтері бар жеке тұлға — криптовалюта немесе тұлғаның атына тіркелген токендер
- бір жылдың ішінде табысы 8 500 АЕК-тен (2026 жылы 36 762 500 теңгеден) асатын жеке тұлға (жалғыз табыс көзі салық ұсталатын еңбекақы болғанда қолданылмайды)
- дивидендтерден (шетелдік дивидендтерді қоса алғанда) түсетін кірісі жылына 230 000 АЕК-тен (2026 жылы 994 750 000 теңгеден) асатын жеке тұлға
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне қатысушылар 250.00 нысаны бойынша бастапқы декларация берген кейінгі жылдан бастап жыл сайын 270.00 нысаны бойынша декларация тапсырады. Мысалы, егер жеке тұлға 2025 жыл үшін 250.00 нысанын тапсырса, онда 270.00 нысаны бойынша есепті 2026 жылдан бастап жыл сайын тапсырады.
Бұл ретте 250.00 нысанында көрсетілген мүлік пен активтерді (мысалы, шетелдегі пәтер) 270.00 нысанында қайта көрсетудің қажеті жоқ — мұнда есептік жылы пайда болған кіріс пен жаңа мүлік енгізіледі.
Жеке тұлға жалпыға бiрдей декларациялау жүйесіне қатыспаса, ол тізімде көрсетілген табысты алған жыл үшiн 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыруға тиiс.
Егер кәмелетке толмаған, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі тұлғаның салық міндеттемелері (мысалы, шетелдегі мүлік) болса, ол үшін декларацияны оның заңды өкілі (ата-анасы немесе қамқоршысы) тапсырады.
Декларацияда көрсетілетін мәліметтер
Сатып алынған, сатылған немесе тегін алынған мүлік (сонымен бірге шетелдегі мүлік) және оны сатып алуға жұмсалған қаржы көздері туралы ақпарат:
- жылжымайтын мүлік
- автокөліктер мен тіркемелер
- компаниялардағы үлестер
- тұрғын үй құрылысына салынған үлес
- бағалы қағаздар
- цифрлық активтер
- инвестициялық алтын
- зияткерлік меншік нысандары және авторлық құқықтар
- дебитор және кредитор берешектің барлық түрлері (ерекше жағдай — АХҚО краудфандинг платформалары арқылы жасалған шарттар)
Тізімдегі берешек туралы ақпаратты нотариалды куәландырылған қарыз шарты, салыстыру актісі немесе сот шешімімен расталған құжатпен бірге ұсыну қажет. Банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешек бұл талапқа кірмейді.
Декларация тапсыру тәртібі
Декларация тапсыру мерзімі:
- 250.00 нысан бойынша декларация тапсыру міндеті туындаған жылдың 15 қыркүйегіне дейін
- 270.00 нысан бойынша декларацияны есептік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру, салықты — есептік жылдан кейінгі жылдың 25 қыркүйегіне дейін төлеу керек
Есептілікті екі жолмен тапсыруға болады.
- Электронды түрде:
- салық төлеушінің кабинеті арқылы
- egov.kz порталында (250.00 және 270.00)
- мобильді қолданбалар: e-Salyq Azamat және eGov mobile
- Тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына қағаз нұсқада:
- жеке барып тапсыру
- пошта арқылы тапсырыс хатпен
Декларацияны екінші деңгейлі банктер арқылы тапсыру мүмкіндігін тікелей банкте нақтылау керек.
Декларация тапсырудан кім босатылады
Шетелдегі активтер болмаған жағдайда:
- зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер
- жеке меншік компаниялардың қызметкерлері
- қосымша негізі жоқ жеке кәсіпкерлер
- дипломатиялық өкілдіктерде, консулдық мекемелерде немесе халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар және олардың отбасы мүшелері
Айыппұлдар
Жеке тұлға декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмаса, алғаш заңбұзышылық үшін ескерту алады. Бiр жыл iшiнде заңды қайта бұзғанда — айыппұл төлейді. Айыппұл мөлшері бизнес түріне байланысты 15–70 АЕК (2026 жылы 64 875–302 750 теңге) аралығында болады.
Егер тұлға декларацияны қателермен немесе толық емес мәліметтермен тапсырса, алғаш рет ескерту алады. Бір жыл ішінде қайта заңбұзушылық анықталса — 3 АЕК (2026 жылы 12 975 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.
Жеке тұлға декларацияда көрсетуге міндетті шетелдегі мүлікті немесе ақшаны (мысалы, пәтерді немесе шетелдік банктегі шотты) жасырса, 100 АЕК (2026 жылы 432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.
Берер кеңесіміз
Мемлекеттік кірістер комитетінде (МКК) жалпыға бірдей декларациялау мәселелері бойынша түсіндірме беретін чат-бот жұмыс істейді.
Есептілікті толтырмас бұрын активтер мен міндеттемелеріңізді келесі бағыттар бойынша алдын ала тексеріп алған дұрыс:
- бағалы қағаздар
- тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар
- зияткерлік меншік нысандары, авторлық құқықтар
- сенімгерлік басқаруға берілген мүлік
- қарыз шарттары — Республикалық нотариаттық палатаға сұрау салу арқылы
Сонымен қатар қаражат көздерін растайтын құжаттарды сақтап, МКК-нің ресми түсіндірмелері мен gov.kz сайтындағы жарияланымдарды қадағалап отырған жөн.