Кофе чемпионаттары: маңызы, қатысу мақсаты және өту тәртібі

Баристалар бақ сынайтын дода

Кофе чемпионаттары: маңызы, қатысу мақсаты және өту тәртібі

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Баристалар арасындағы жарыстар — кофе индустриясының бір бөлігі. Олар сапа стандарттарын жетілдіруге, брендтерге жабдықтарын таныстырып, сатуға және баристалардың кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Renoir Coffee кофе жабдықтарын жеткізушісі Ситали Тюяковпен мұндай жарыстардың кімге және не үшін қажет екенін, сондай-ақ сахнаға шығар алдындағы дайындық туралы сөйлестік.

Чемпионат түрлері

Спешелти кофе саласындағы жарыстар бірнеше бағытқа бөлінеді және әрқайсысы әртүрлі өтеді.

  • Классикалық баристалар чемпионаты — қатысушы белгіленген уақыт ішінде барлығына бірдей жабдықты пайдаланып, төрт эспрессо мен сүт қосылған төрт сусын дайындайды.
  • Кофені балама әдіспен демдеу чемпионаты — қатысушылар V60, кемекс, аэропресс және басқа да әдістермен кофе демдейді.
  • Латте-арт — сүт көбігіне сурет салу техникасы бағаланатын жеке бағыт.
  • Cup Tasting (сенсорлық чемпионат) — қатысушылар кофенің шығу тегі мен ерекшеліктерін дәмі арқылы анықтайды.

Өнерді бағалау

Бірден бір таптаурынды жоққа шығарған жөн: кофені жылдамырақ немесе «дәмдірек» дайындаған қатысушы жеңіске жете бермейді. Қазылар бірден бірнеше көрсеткіш бойынша бағалайды:

  • техникалық жағы — жұмыс орнын таза ұстау, регламентті сақтау
  • сусындар дәмі
  • қатысушының сахнада өзін ұстауы
  • өз таңдауын түсіндіре білуі — неліктен дәл осы дәнді, қуыру тәсілін және ұсыну әдісін таңдады

Ситали соңғы тармақты ең маңызды деп есептейді: «Кәсібиліктің маңызды бөлігі — жұмысты жақсы орындап қана қоймай, жасаған дүниеңді түсіндіре білу». Яғни чемпионатта кофенің дәмі ғана бағаланбайды: қатысушы қазылар алдында өз шешімін түсіндіріп, шағын жоба секілді таныстырады.

Жарыс ережесін белгілейтіндер

Жарыстардың әлемдік регламентін халықаралық спешелти кофе ұйымы (SCA) белгілейді. Елдің ұйымға ресми түрде қосылуы үшін бірнеше шарт орындалуы керек: сертификатталған Q-грейдерлердің белгілі бір саны, жан басына шаққандағы кофе тұтыну деңгейі және оқыту орталықтарының болуы.

Қазақстан әзірге бұл ұйымға кірмегендіктен, елдегі жарыстар жүйелі қолдаудың арқасында емес, жекелеген ұйымдастырушылардың ынтасымен өтіп жүр.

Қазақстандағы кофе сахнасы

Елдегі жергілікті чемпионаттарды осы іске қызығушылық танытқан шағын топтар ұйымдастырады. Көбіне бірнеше адам жарыс ережесін әзірлеп, қазыларды шақырып, өтетін орынды іздеуге дейінгі барлық жұмысты өздері істейді. Қазір балама әдіспен демдеу чемпионаты және кофе қуырудан жекелеген жарыстар өтіп жүр.

Мұндай іс-шаралардың мақсаты — жеңімпазды анықтау ғана емес, жергілікті индустрияны біртіндеп халықаралық стандарттарға жақындату: баристалардың регламентке сай жұмыс істеуіне, ал көрермендердің кофені жай ғана «дәмді» немесе «дәмсіз» деп емес, кәсіби тұрғыда бағалауына ықпал ету.

Баристалар үшін жарыстың пайдасы

Қатысушы үшін чемпионат жүлделі орын алумен ғана шектелмейді:

  • кәсіби дағдылар мен біліктілікті арттыру
  • сала мамандарымен байланыс орнату
  • ұйымдастырушылар мен серіктестерден ақшалай және басқа да сыйлықтар алу
  • кәсіби ортада танылу
  • кеңес беруге шақырту алу
  • жұмысқа орналасу немесе жалақыны талқылау кезінде өзіне сенімді болу

Ситали өзі жарыстарға қатыспайтынын ашық айтады, себебі жарысқанды аса ұнатпайды. Бұл чемпионаттардың салада кәсіби дамудың жалғыз жолы емес, барлығы бірдей таңдай бермейтін мүмкіндіктердің бірі екенін көрсетеді.

Кофехана мен бизнес иесі үшін жарыстың пайдасы

Қызметкердің чемпионатқа қатысуы кофехана үшін маркетинг құралына айналады:

  • PR және тұрақты қонақтардан бөлек басқа аудиторияның назарын аудару
  • витринадағы кубоктар мен мақтау қағаздары — кофеханаға алғаш келген адам үшін сапаның бір белгісі
  • қатар орналасқан бірнеше кофехананың бірін таңдап тұрған қонақтың шешіміне әсер ететін себеп

Жарыстың ұйымдастырушы брендтерге берері

Чемпионаттарға жабдық өндірушілер жиі демеушілік жасайды және мұның оларға тікелей пайдасы бар:

  • жабдықты жарнамалау — мысалы, чемпионат толықтай бір брендтің жабдығында өтуі мүмкін, ал дайындық кезінде сол жабдықпен жұмыс істеуге үйренген баристалар чемпионаттан кейін де оны ұсына бастайды
  • маман іздеу — кейде бренд чемпионат арқылы жеңімпазды ғана емес, болашақ бренд-амбассадорды немесе белгілі бір міндетке қажет қызметкер іздейді

Чемпионатқа дайындық барысы

Қазақстанда баристаларды чемпионатқа дайындайтын жүйелі коучинг әзірге жоқ. Әдетте қатысушы өзі танитын сала маманымен келісіп, дайындыққа көмектесуін сұрайды.

Дайындыққа кемінде бір ай қажет.

Дайындық кезінде сусынның дәміне ғана көңіл бөлмейді, таныстыру сөзі мен презентацияны бөлек пысықтап, чемпионат өтетін кофемашинаның нақты моделінде жұмыс істеуді үйренеді.

Таныс емес жабдықта жаттығу

Бір ескеретін жайт: чемпионат көбіне қатысушы өз кофеханасында қолданып жүрген кофе машинасында емес, ұйымдастырушы брендтің жабдығында өтеді. Сондықтан брендтер қатысушыларға чемпионатқа дейін кофе машинасымен алдын ала танысып, жұмыс істеп көру үшін арнайы уақыт пен орын бөледі.

Оқыту орталықтары

Елімізде мұндай орталықтар көп емес, негізінен кофе компанияларының жанында жұмыс істейді. 

Олардың айырмашылығын түсінген жөн: бұл орталықтар баристаларды жарысқа емес, күнделікті барда жұмыс істеуге дайындайды. Бұл — екі бөлек бағыт, сондықтан оларды шатастырмаған жөн.

Чемпионаттағы қазылар алқасы

Қазылар ретінде салада мойындалған мамандар — бұрынғы чемпиондар, жаттықтырушылар және Q-грейдерлер таңдалады. Қазір Қазақстанда сертификатталған шамамен 5–6 Q-грейдер бар. Бұл — жақсы нәтиже, себебі бірнеше жыл бұрын елімізде бірде-бір Q-грейдер болмаған.

Чемпионаттар туралы жаңалық

Қазақстанда баристалар чемпионаттарының бірыңғай күнтізбесі әзірге жоқ. 

Ситали алдағы чемпионаттар туралы ақпаратты баристалар қауымдастығының Telegram арнасынан қарап отыруға кеңес береді.