Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың салық міндеттемелері

Тіркелу және есеп тапсыру тәртібі

Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың салық міндеттемелері

Жеке практикамен айналысатындарға нотариус, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және медиаторлар жатады. Олар жеке кәсіпкер болып саналмайды, бірақ салық төлеу және есеп тапсыру міндетінен босатылмайды. Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың салық міндеттемелері мен есеп тапсыру тәртібін осы мақалада қарастырамыз.

Жеке практика мен ЖК-ның айырмашылығы

Жеке практика — бұл арнайы рұқсат негізінде жүргізілетін кәсіби қызмет. Мысалы, нотариус лицензиясы немесе адвокат мәртебесі. Мұндай мамандар қызметін жеке кәсіпкер ретінде тіркей алмайды.

Жеке кәсіпкер оңайлатылған салық режимін таңдауға құқылы. Ал жеке практика өкілдеріне мұндай мүмкіндік қарастырылмаған: олар салықты өзге тәртіппен төлеп, басқа есеп нысандарын тапсырады.

Салық органдарында тіркелу тәртібі

Ең алдымен, eGov порталында ЭЦҚ көмегімен салық органына онлайн өтініш жіберіп, жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркелу қажет. Қазақстан азаматтары өтініш бергеннен кейін тіркеу бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Ал бейрезиденттер үшін тәртіп өзгеше болуы мүмкін — ақпаратты алдын ала нақтылап алған жөн.

Салық салынатын табыс түрлері

Жеке практикамен айналысатын маман өз қызметі үшін алған барлық төлемдер оның табысы боп саналады. Мысалы, заңгерлік кеңес беру немесе нотариалдық көмек үшін алынған ақы.

Мұндай табыстарға салық салынады.

Жеке табыс салығы (ЖТС)

Жеке практикамен айналасатындар кірісінің 9%-ын ЖТС ретінде төлейді. Салықты ай сайын, кіріс түскен айдың кейінгі айдың 5-іне дейін төлеу керек.

Егер жеке практика өкілінің қызметкерлері болса, жұмыс беруші ретінде олардың еңбекақысынан ЖТС ай сайын төлеуі тиіс. Қызметкерлер үшін салық мына формуламен есептеледі:

(еңбекақы − ЖМЗЖ − 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңгеге) дейін − МӘМС) × 10%

Жеке практика маманы қызметкерлері үшін ЖТС-ны олардың еңбекақысынан ай сайын, келесі айдың 25-іне төлейді.

Міндетті төлемдер

Бұл төлемдер айлық табыс мөлшеріне байланысты есептеледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС)

Жеке практикамен айналысатын тұлға өзі үшін МӘМС жарнасын белгіленген мөлшерде төлейді — 1,4 ЕТЖ-ның (2026 жылы 119 000,00 теңгенің) 5%-ы:

1,4 × 85 000 ₸ × 5% = 5 950 ₸

Қызметкерлері болған жағдайда, олар үшін де жарналар төленеді:

МЗЖ және ЖМЗЖ

Жеке практика өкілі міндетті зейнетақы жарналарын өзі үшін, егер қызметкерлері болса, олар үшін де төлейді.

Өзі үшін:

  • МЗЖ — табыстың 10%-ы
  • ЖМЗЖ — табыстың 3,5%-ы

Ай сайын есептелетін табыс мөлшері 1 ЕТЖ-дан 50 ЕТЖ-ға (2026 жылы 85 000 теңгеден 4 250 000 теңгеге) дейін болуы керек.

Қызметкер үшін:

  • МЗЖ — еңбекақының 10%-ы
  • ЖМЗЖ — еңбекақының 3,5%-ы

Әлеуметтік аударымдар (ӘА)

Жеке практикамен айналысатын маман өз табысынан 5% мөлшерінде әлеуметтік аударым төлейді. Бұл сома 1 ЕТЖ мен 7 ЕТЖ (2026 жылы 85 000 мен 595 000 теңгенің) аралығындағы табыс негізінде есептеледі, бірақ ЖТС есептелген табыстан аспауы тиіс.

Қызметкер үшін әлеуметтік аударымдардың мөлшері мына формуламен есептеледі:

(еңбекақы − МЗЖ) × 5%

Егер еңбекақы 1 ЕТЖ-нан төмен болса, есептеу 1 ЕТЖ бойынша жүргізіледі. Егер жоғары болса — 7 ЕТЖ шегінде есептеледі.

Әлеуметтік салық (ӘС)

Әлеуметтік салықтың мөлшері — бекітілген сома.

Өзі үшін: 2 АЕК (2026 жылы 8 650 теңге)

Қызметкер үшін: 1 АЕК (2026 жылы 4 325 теңге)

Қосылған құн салығы (ҚҚС)

Жеке практика өкілінің жылдық табысы 10 000 АЕК-тен (2025 жылы 78 640 000 теңгеден) асса, ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндетті. Салық 16% мөлшерлемемен ай сайын төленеді.

Жеке практика өкілінің жылдық табысы шектен аспаса, ол ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмейді әрі ҚҚС төлемейді.

Әлеуметтік төлемдерді есептеу үлгісі

Есептеуде табыс пен еңбекақы мөлшері — 200 000 теңге.

Жеке практика маманы өзі үшін төлейтін ай сайынғы әлеуметтік төлемдер:

  • МЗЖ: еңбекақы × 10%
    200 000 ₸ × 10% = 10 000 ₸
  • ЖМЗЖ: еңбекақы × 3,5%
    200 000 ₸ × 3,5% = 7 000 ₸
  • ӘА: еңбекақы × 5%
    200 000 ₸ × 5% = 10 000 ₸
  • МӘМСЖ: 1,4 ЕТЖ × 5%
    1,4 × 85 000 ₸ × 5% = 5 950 ₸
  • ӘС: 2 АЕК − ӘА
    2 × 4 325 ₸ = 8 650 ₸

Қызметкерлер үшін төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдер:

  • МЗЖ: еңбекақы × 10%
    200 000 ₸ × 10% = 20 000 ₸
  • ЖМЗЖ: еңбекақы × 3,5%
    200 000 ₸ × 3,5% = 7 000 ₸
  • ӘА: (еңбекақы — МЗЖ) × 5%
    (200 000 ₸ — 20 000 ₸) × 5% = 9 000 ₸
  • МӘМС: еңбекақы × 3%
    200 000 ₸ × 3% = 6 000 ₸
  • МӘМСЖ: еңбекақы × 2%
    200 000 ₸ × 2% = 4 000 ₸
  • Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы − МЗЖ − 30 АЕК − МӘМСЖ) × 10%
    (200 000 ₸ — 20 000 ₸ — 30 × 4 325 ₸ — 4 000 ₸) × 10% = 4 625 ₸
  • ӘС: 1 АЕК (2026 жылы 4 325 теңге)
    4 325 ₸

Есептілік нысандары

270.00 нысан бойынша ЖТС декларациясы жылына бір рет тапсырылады. Тапсыру мерзімі: есептік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін. Мысалы, 2026 жылғы табыс бойынша есепті 2027 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру керек.

300.00 нысан бойынша ҚҚС есебі тапсырылады. Әр тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне дейін:

  • I тоқсан (қаңтар-наурыз) — 15 мамырға дейін
  • II тоқсан (сәуір-маусым) — 15 тамызға дейін
  • III тоқсан (шілде-қыркүйек) — 15 қарашаға дейін
  • IV тоқсан (қазан-желтоқсан) — келесі жылдың 15 ақпанына дейін

200.00 нысан бойынша міндетті төлемдер есебі тапсырылады — тоқсан сайын, әр тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне дейін.

Егер жеке практика өкілінің атына тіркелген мүлік, жер немесе көлік болса, арнайы салықтар төленіп, 700.00 нысаны бойынша есеп тапсырылады. Есепті тапсыру мерзімі — келесі жылдың 31 наурызына дейін. Мысалы, 2026 жыл үшін мүлік салығына байланысты есеп 2027 жылдың 31 наурызына дейін тапсырылуы тиіс.

 

Жеке практикамен айналысатындар қызметін жеке кәсіпкер ретінде жүргізе алмайды. Дегенмен олар да табысы бойынша салық төлеп, есеп тапсыруы қажет. Ол үшін салық органдарында тіркеліп, төлемдер мен есеп мерзімдерін қадағалап отыру керек.