WhatsApp арқылы сату: клиентті сатып алуға ынталандыратын хабарлама алмасу

Алғашқы жауаптан бастап қайта байланысқа дейінгі он ереже

WhatsApp арқылы сату: клиентті сатып алуға ынталандыратын хабарлама алмасу

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Қазақстандағы көптеген бизнес үшін WhatsApp толыққанды сату арнасына айналды. Клиенттер WhatsApp арқылы тауар бағасын сұрайды, тапсырыс береді, жеткізу шарттары туралы келіседі, күмәндерін сейілтіп, қайтадан сатып алуға оралады. Алайда компаниялардың көбі WhatsApp-тағы хабарлама алмасуды жүйелі жүргізбейді: бірде тез жауап береді, бірде қысқа әрі суық тілмен жазады, енді бірде екі минуттық дауыстық хабарлама жібереді, ал кейде мүлде жауап бермей кетеді.

Хабарлама алмасу тәсілі клиенттің сатып алуына дейінгі жолы түсінікті әрі жүйелі құрылғанда ғана мәмілені аяқтауға көмектеседі. Клиент тауардың бар-жоғын, бағасын, өзіне сай келетін-келмейтінін, ақысын қалай төлеуге болатынын, тауарды қашан алатынын және сізге сенуге бола ма екенін тез білгісі келеді. Клиенттің осы сұрақтарына неғұрлым тез жауап берсеңіз, оның сатып алу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Тез жауап беріңіз

Мессенджерде жауап күту электрондық поштаға қарағанда ұзағырақ сезіледі. Егер клиентке үш сағаттан кейін жауап берсеңіз, ол сол уақыт ішінде басқа жерден сатып алып қоюы мүмкін.

Бәрін бірден шешудің қажет жоқ. Алдымен: «Сәлеметсіз бе! Хабарламаңызды көрдім. Қазір тауардың бар-жоғын нақтылап, сізге қолайлы нұсқаларды ұсынамын» деп жауап берсеңіз жеткілікті. Клиент хабарламасының назардан тыс қалмағанын түсінеді.

Қысқа қайырып жауап бермеңіз

Клиент: «Бағасы қанша?» деп жазады.

Сәтсіз жауап: «15 мың теңге».

Жақсы жауап: «Бағасы — 15 мың теңге. Екі түсі бар. Алматы бойынша бүгін жеткізуге болады. Тауардың нақты фотосын жіберіп, таңдауға көмектесейін бе?»

Бірінші жағдайда сіз тек бағаны айтсаңыз, екінші жағдайда тауарды сатуға қадам жасадыңыз.

Нақтылайтын сұрақтар қойыңыз

Хат алмасуды сұрақ-жауапқа айналдырып жібермеңіз. Егер клиент сыйлық таңдап жатса, оның кімге арналғанын, бюджеті қанша екенін және қашан қажет болатынын сұраңыз. Клиент көбіне өзіне не қажет екенін нақты қалай жеткізуді білмейді. Жақсы менеджер жай ғана жауап беріп қоймай, клиентті сатып алуға бағыттайды.

Қарапайым әрі нақты жазыңы

«Сұранысыңыз өңдеуге қабылданды» деген сияқты ресми тіркестерді қолданбаңыз, бірақ клиентпен тым еркін сөйлесуден де аулақ болыңыз. Хабарлама түсінікті, сыпайы әрі нақты болуы керек.

Ұзын мәтіннің орнына қысқа абзацтарды қолданған дұрыс. Алдын ала ескертпей дауыстық хабарлама жібергеннен гөрі, фото қоса жіберген ыңғайлы: клиенттердің бәрі бірдей дауыстық хабарламаны тыңдай алмайды, ал кейбіріне бұл тіпті ұнамайды.

Жылдам жауап беруге арналған дайын мәтіндер әзірлеңіз

Баға, жеткізу, төлем, тауарды қайтару және оның бар-жоғы туралы дайын жауаптар уақытты үнемдейді. Бірақ менеджер дайын мәтінді әр клиентке бейімдеп жазуы керек. Өйткені клиент өзіне жай ғана дайын жауап жіберілгенін бірден сезеді.

Клиентті келесі қадамға бағыттаңыз

Әңгімені аяқсыз қалдырмаңыз. Жауап бергеннен кейін клиентке келесі қадамды ұсыныңыз: «Тапсырысты рәсімдейміз бе?», «Сізге брондап қояйын ба?», «Төлем деректерін жіберейін бе?», «Қай уақытта алғаныңыз ыңғайлы?».

Көптеген менеджер клиентке жақсы кеңес бергенімен, сатып ал деп ұсынуға қысылады. Соның салдарынан клиент ойланып көруге кетіп, қайта оралмайды.

Күмәндармен жұмыс істеңіз

Клиент «Қымбат екен» десе, бірден бағаны түсірмеңіз. Клиенттің немен салыстырып отырғанын нақтылап, тауардың артықшылықтарын түсіндіріңіз. Кепілдік, құрамы немесе қызмет көрсету сапасы туралы ақпарат беріңіз. Кейде клиенттің бюджетіне сай басқа нұсқа ұсынуға болады.

Клиент «Қымбат екен» дегенде бірден жеңілдік ұсынсаңыз, өніміңіздің құндылығын өзіңіз төмендетесіз.

Өтінімдерді тіркеп отырыңыз

WhatsApp-та клиенттен айырылып қалу оңай: менеджер жауап беріп үлгереді, ауысымы аяқталады, ал клиенттің хабарламасы басқа хаттардың арасында қалып қояды. Мына ақпарат көрініп тұратын кесте немесе CRM жүйесі қажет:

  • кім жазды және не сұрады
  • клиенттің төлем жасаған-жасамағаны
  • клиентке қашан қайта хабарласу керек
  • клиентке кім жауапты

Мұндай жүйесіз сіз табыстан қағыласыз, бірақ оны байқамай да қалуыңыз мүмкін.

Клиентпен қайта байланыс орнатыңыз

Клиент тауарға қызығушылық танытып, бірақ ақысын төлемесе, біраз уақыттан кейін қайта хабарласыңыз. Қысым жасамай, бірінен соң бірін бірнеше хабарлама жібермеңіз. Мысалы: «Сәлеметсіз бе! Кеше 10 мың теңгеге дейінгі жиынтықтарды қараған едіңіз. Әлі де қызықтыра ма? Бюджетіңізге сай екі нұсқа ұсына аламын». Кейде клиенттің назары басқа нәрсеге ауып кетуі мүмкін.

Жеке деректерді құрметтеңіз

Клиент сіздің не себепті жазғаныңызды және ұсыныстан қалай бас тарта алатынын түсінуі керек.

WhatsApp Business — брендтің ресми байланыс арнасы, менеджердің жеке чаты емес. Сондықтан хабарламаларды тек оларды алуға келісім берген клиенттерге жіберіңіз.

Алғашқы жауапты белгілі бір жоспар бойынша құрастырыңыз

Сәлемдесу → сұранысын нақтылау → қысқаша пайдалы ақпарат беру → нақтылайтын сұрақ қою → келесі қадамға бағыттау.

«Сәлеметсіз бе! Иә, мұндай жиынтықтар бар. Бюджетіңізге сай жиынтық жинап, бүгін Алматы бойынша жеткізіп бере аламыз. Сыйлық кімге арналған және сізге қандай сома қолайлы?».

 

WhatsApp жылдамдық, түсініктілік, қамқорлық пен жүйе болғанда ғана тауар сатуға көмектеседі. Клиент сізден ақпаратты өзі сұрап алуға мәжбүр болмауы керек. Сіз оны қызығушылықтан нақты шешім қабылдауға дейін жетелеуіңіз керек. Кәсіби хат алмасу дегеніміз — клиентке бірдеңе тықпалау емес, оған асықпай, сенімді түрде таңдау жасап, сатып алуға көмектесу.