Email-маркетинг әлі де тиімді: оны іске қосу жолдары

Алгоритмдерге тәуелді емес арнаны қалыптастыру

Email-маркетинг әлі де тиімді: оны іске қосу жолдары

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Жыл сайын email-маркетингтің дәурені өтті деген пікір айтылады. Бірақ жыл сайын одан табыс тауып отырған бизнес те аз емес. Өйткені мәселе email-маркетингте емес. Іш пыстыратын хаттар мен «бәріне бірдей ұсыныс жіберіп, нәтижесін көрейік» деген тәсіл ескірді, ал оқырманның уақытын бағалайтын, дер кезінде келетін әрі нақты ақпарат беретін сауатты хаттар әлі де жақсы нәтиже береді.

Email-маркетинг Instagram, TikTok, маркетплейстер жарнама платформаларына толық тәуелді болғысы келмейтін бизнес үшін әсіресе маңызды. Әлеуметтік желілер алгоритмдерін өзгертуі, аккаунт бұғатталуы, ал жарнама қымбаттауы мүмкін. Ал заң талаптарын сақтай отырып жиналған клиенттер базасы компанияның жеке ресурсы болып табылады. Бұл — клиенттермен тікелей байланыс орнатудың жолы.

Жаппай email жіберу керек пе

Алдымен жаппай email жіберудің не үшін қажет екенін анықтап алған жөн. «Бәрінде бар болғандықтан» емес, нақты қандай мақсатқа керек екенін түсіну маңызды. Жаппай email жіберу арқылы бизнестің әртүрлі міндетін шешуге болады:

  • сату
  • клиенттерді қайта тарту
  • сатып алуға қызығушылық ояту
  • күрделі өнімді түсінікті етіп таныстыру
  • қайта сатып алатын уақыт келгенін еске салу
  • кері байланыс жинау
  • клиенттердің сенімін арттыру
  • жаңа санаттарды таныстыру

Жаппай email жіберу тәсілі бизнеске қарай өзгереді: интернет-дүкенге бір тәсіл қажет болса, білім беру жобасына, B2B-компанияға немесе жергілікті брендке мүлде басқа тәсіл қажет.

Клиенттер базасын жинау

Бәрі клиенттер базасын жинаудан басталады. Дайын email мекенжайлары тізімін сатып алып, бірден жаппай хат жіберуге болмайды. Мұндай хаттар спамға түсіп, адамдардың шағымдануына және компания беделіне нұқсан келуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан базаға адамдарды тек олардың келісімімен қосу керек. Клиенттер базасын былай жинауға болады:

  • сайт және жазылым формасы арқылы
  • тапсырыс рәсімдеу кезінде
  • пайдалы материал ұсыну арқылы
  • іс-шараға тіркелу кезінде
  • клиент сауалнамасы арқылы
  • офлайн сауда орнында

Адам email мекенжайын не үшін қалдырып жатқанын және брендтен хаттар келетінін алдын ала түсінуі керек. Мұны басынан ашық айтсаңыз, базаңыз да сапалы болады.

Жазылымның пайдасын көрсету

Келесі қадам — адамды жазылуға қызықтыру. «Жаңалықтарға жазылыңыз» деген ұсыныстың өзі көп жағдайда жеткіліксіз. Адам жазылымның өзіне қандай пайдасы барын бірден түсінуі керек. Мысалы:

  • алғашқы тапсырысқа жеңілдік
  • чек-лист немесе пайдалы нұсқаулық
  • арнайы топтама
  • жеңілдіктер басталғанға дейін ұсыныс жасау
  • жабық клубқа шақыру
  • жаңа тауарлар түскені туралы хабарлама

Ең бастысы — уәдеңізде тұру. Пайдалы хаттар жібереміз десеңіз, тек өнімді сатуға тырыспай, оқырманға шынымен пайдалы ақпарат ұсыныңыз.

Хаттарды аудиторияға қарай бейімдеу

Үшінші қадам — сегменттеу. Клиенттердің қажеті әртүрлі, сондықтан бәріне бірдей хат жібере берудің қажеті жоқ. Мысалы, енді ғана жазылған жаңа клиент пен бес рет тапсырыс берген тұрақты клиентке бірдей хат жіберу тиімсіз. Балаларға арналған тауар сатып алған адамға ересектерге арналған өнімдер қызық болмауы мүмкін. Астана мен Ақтаудағы клиенттер үшін жеткізу шарттары да әртүрлі болуы мүмкін.

Тіпті қарапайым сегменттеудің өзі жаппай email жіберудің тиімділігін арттырады:

  • жаңа жазылушылар
  • белсенді сатып алушылар
  • ұзақ уақыт тапсырыс бермеген клиенттер
  • VIP-клиенттер
  • қызығушылығы мен тауар санаттарына қарай бөлінген клиенттер

Хаттар тізбегін құру

Келесі қадам — негізгі хаттар тізбегін жоспарлау.

Алғашқы хаттар тізбегі

Алғашқысы — таныстыру хаттарының тізбегі. Адам email мекенжайын қалдырған бойда оған акциялар туралы хаттарды үсті-үстіне жібере бермеңіз. Алдымен брендіңізді таныстырып, мынаны түсіндіріңіз:

  • кімсіз және клиентке қандай пайда ұсынасыз
  • қандай өнім немесе қызметтеріңіз бар
  • сатып алу жолы қандай
  • сізге неліктен сенуге болады

Таныстыру тізбегін үш хаттан құруға болады: брендпен таныстыру, пайдалы ақпарат немесе арнайы топтама ұсыну, сатып алуға ұсыныс жасау.

Аяқталмаған тапсырыс

Екінші тізбек — аяқталмаған тапсырыс немесе өтінім. Клиент қызығушылық танытқанымен, сатып алуды аяқтамады. Оған тапсырысы туралы еске салыңыз. Мүмкін, ақпарат жеткіліксіз болған шығар, басқа нәрсеге ойы бөлініп кеткен болар немесе жеткізу шарттары мен бағаға қатысты күмәні қалған шығар.

Хат клиентті асықтырмай, бастаған ісін аяқтауға көмектесуі керек. Мысалы: «Сіз бұл тауарды қарадыңыз. Мұнда ол туралы толық ақпарат, пікірлер мен жеткізу шарттары бар». Кейде клиенттің күмәнін сейілтетін нақты жауап жеңілдіктен де тиімді болуы мүмкін.

Қайта сатып алу

Үшінші тізбек — қайта сатып алу.

Өнімді белгілі бір уақыт аралығында қайта сатып алу қажет болса, соны ескеріңіз. Мысалы, косметика таусылады, азық-түлік үнемі сатып алынады, ал жазылымдар мен оқу мерзімі ұзартылады. Сондықтан еске салатын хатты клиентке шынымен қажет уақытта жіберген дұрыс. Сонда ол спам емес, клиентке деген қамқорлық ретінде қабылданады.

Клиенттерді қайта тарту

Төртінші тізбек — белсенді емес клиенттерді қайта тарту.

Клиент көптен бері сатып алмаса, бірден «Сізді сағындық» деп хат жіберуге асықпаңыз. Алдымен оның неге сатып алуды қойғанын түсінуге тырысыңыз. Жаңартылған топтама не жаңа өнім ұсыныңыз немесе жеке ұсыныс жасаңыз. Не болмаса себебін тікелей сұраңыз: «Көптен бері көріспедік. Бұған не себеп болды?». Клиент жауабы пайдалы ақпарат беруі мүмкін.

Хат жазғанда нені ескеру керек

Хаттағы тіл қарапайым әрі адамға түсінікті болуы керек. Оны бірнеше рет келісуден өткен ресми құжат сияқты жазудың қажеті жоқ. Жақсы хат оқырманмен еркін сөйлескендей әсер қалдырады: ойы нақты, үні жағымды, ақпараты пайдалы.

Хат тақырыбы да түсінікті болуы керек. «Тек сізге арналған ерекше ұсыныс» деген жалпылама сөздердің орнына нақты жазыңыз. Мысалы: «10 мың теңгеге дейінгі сыйлықтар топтамасы», «Сезімтал теріге күтім таңдау», «Тапсырысты бір шертіп рәсімдеңіз».

Хат дизайны

Хатты артық ақпаратпен толтырмаған дұрыс. Көпшілік оны телефоннан қарайды. Қаріп ұсақ, батырма көп, ал мәтін мен суреттер тым тығыз орналасса, хатты оқымай жауып тастауы мүмкін. Сондықтан бәрін барынша қарапайым етіңіз: түсінікті тақырып, қысқа мәтін, бір негізгі батырма және бірнеше тауар немесе бір маңызды ой жеткілікті. Email мақсаты — бар ақпаратты бір хатқа сыйғызу емес, оқырманға әрі қарай не істеу керегін көрсету.

Қандай көрсеткіштер маңызды

Нәтижені бағалағанда, мыналарға назар аударыңыз:

  • хатты ашу және сілтемені басу
  • жазылымнан бас тарту және спамға шағымдану
  • сайтқа өту және тапсырыс беру
  • түсім және қайта сатып алу

Бірақ хатты қанша адам ашқанына ғана мән бермеңіз. Пошта сервистеріндегі өзгерістерге байланысты бұл көрсеткіш әрдайым нақты бола бермейді. Одан да клиенттердің әрекетіне қараңыз: кім сілтемеге өтеді, кім сатып алады, қай сегмент белсенді, қандай хаттар клиенттерді қайтарады және қай хаттар тізбегі табыс әкеледі.

Жаппай email жіберу жиілігі

Хат жіберу жиілігі бизнеске байланысты.

Жеке тұлғаларға айтар жаңалық, ұсынар науқан немесе пайдалы ақпарат болса, хаттарды жиірек жіберуге болады. Ал B2B аудиториясына хатты сирек жіберген дұрыс, есесіне әр хаттың мазмұны пайдалы әрі маңызды болуы керек.

Басты қағида: әр хат оқырманға пайдалы болуы керек. Егер хатты тек «осы аптада бірдеңе жіберу керек» деген оймен жібергелі отырсаңыз, одан бас тартқан дұрыс.

Жаппай email жіберуді іске қосу

☐ Жаппай email жіберуге арналған сервисті таңдаңыз.

☐ Жазылым формасын жасап, хат алуға келісім берілетінін анық көрсетіңіз.

☐ Адамды жазылуға қызықтыратын ұсыныс ойластырыңыз.

☐ Клиенттерді сегменттерге бөліңіз.

☐ Таныстыру хаттарының тізбегін дайындаңыз.

☐ Сатып алуға үгіттейтін кемінде бір хаттар тізбегін реттеңіз. Мысалы, аяқталмаған тапсырыс немесе қайта сатып алу туралы.

☐ Айына бір рет нәтижені талдап, ұзақ уақыт белсенділік танытпаған email мекенжайларын базадан алып тастаңыз.

Email-маркетингті тегін жарнама немесе спам жіберетін арна емес, клиенттермен тікелей байланыс құралы ретінде қолдансаңыз, ол жақсы нәтиже береді. Бұл бірден нәтиже әкелетін құрал болмауы мүмкін, есесіне ұзақ мерзімде тұрақты жұмыс істейді. Бизнес өзге платформаларға тым тәуелді болып отырған кезде, жеке клиенттер базасы мен олармен тікелей байланыс орнату артықшылық қана емес, бизнестің тұрақтылығы үшін қажет.