Жеңілдікті дұрыс ұсынып, клиентті оған үйретіп алмау
Науқан жасамас бұрын ескеретін нәрселер

Мақаланың мазмұны
Науқандар кез келген бизнеске қажет. Ол жаңа аудитория мен көптен бері келмейтін клиенттерді тартуға, қоймада қалған тауарды сатуға, келушілер саны мен орташа чек мөлшерін арттыруға көмектеседі. Алайда бизнес тек жеңілдік пен науқанға сүйеніп қалса, бұл кері әсер етуі мүмкін: клиенттер тауарды толық бағасымен сатып алмайды, пайда азаяды, ал брендтің құндылығы төмендейді.
Науқанның басты мақсатын анықтаңыз
Науқанның түпкі мақсатын нақтылаңыз. Бәсекелесті қайталамай, нақты көрсеткішке сүйеніңіз. Мысалы:
- белгілі тауар немесе қызмет санатына жаңа клиент тарту
- орташа чектің мөлшерін өсіру
- маусымдық тауардың қалғанын сату
- клиентті қайта оралуға ынталандыру
- жаңа өніммен таныстыру
- көптен бері келмеген клиенттерді қайта тарту
Әр мақсатқа сай науқан түрін таңдаған жөн.
Мақсатқа қарай науқан түрін таңдаңыз
- Жаңа клиент тарту үшін алғашқы тапсырысқа жеңілдік ұсынуға болады. Бұл жағдайда клиентпен байланысты үзбей, оны қайтып келуге ынталандыру маңызды. Әйтпесе тауарды арзанға сатып, клиентті қайта оралту мүмкіндігін жіберіп аласыз.
- Орташа чек мөлшерін өсіру үшін бірнеше тауардан тұратын жиынтықтар ұсынуға немесе белгілі бір сомадан жоғары сауда жасаған клиенттерге сыйлық беруге болады.
- Қоймада қалған тауарды сату: науқанның мерзімі мен сатылатын тауар санын алдын ала белгілеп, жеңілдікпен сатыңыз.
- Жаңа өніммен таныстыру. Ол үшін бағаны түсірмей-ақ, клиентке шағын үлгісін ұсыныңыз, дәмін татқызыңыз немесе өнім бойынша тегін кеңес беріңіз.
Үздіксіз жеңілдік ұсынудың кері әсері
Ең тиімсіз тәсілдердің бірі — барлық тауарға үнемі жеңілдік жасау. Мұндайда тауардың құндылығы төмендейді. Клиенттер жеңілдіксіз бағаны шынайы баға деп қабылдамай, тауарды тек жеңілдікпен сатып алуға үйренеді. Кейін тауарды бастапқы бағасымен сата бастағанда, оған сұраныс төмендеуі мүмкін. Себебі клиент жеңілдік күтіп жүреді.
Белгілі бір шарттары бар науқанды қолданған дұрыс. Мысалы:
- жаңа тауар топтамасына
- алғашқы тапсырысқа
- бірнеше тауарды бірге сатып алғанда
- маусым соңында қалған тауарға
- тұрақты клиенттерге
- белгілі бір сомадан жоғары сатып алғанда
Әр науқанның нақты шегі болуы керек. Егер жеңілдік үнемі барлық тауарға қолданылса, ол науқан болудан қалып, тауардың әдеттегі бағасына айналады.
Науқан ұзақтығы мен мерзімі
Тым қысқа мерзімді науқан аудиторияға тарап үлгермейді, ал тым ұзаққа созылған науқан маңызын жоғалтады. Шағын бизнес үшін қысқа мерзімді науқандарды 3–7 күн, ал маусымдық науқандарды 2–3 апта бойы өткізуге болады.
Басты шарт: науқанның ұзақтығы тауарды сатып алу ерекшелігіне байланысты. Қымбат тауарды сатып алу туралы шешім қабылдауға клиентке көбірек уақыт қажет болса, адам көп ойланбай сатып алатын тауарға арналған науқанды қысқа мерзімге жоспарлауға болады.
Шынайы ақпарат беріңіз
Науқан туралы ақпарат шынайы әрі түсінікті болуы керек:
- ертең де жалғасатын жеңілдік туралы «тек бүгін» деп айтпаңыз
- жеңілдік көрсету үшін тауардың бастапқы бағасын әдейі көтермеңіз
- науқан шарттарын ұсақ қаріппен жасырып жазбаңыз
Клиенттер бәрін байқайды: бағаларды салыстырады, ақпаратты тексереді әрі мұндай әрекеттерді есте сақтайды.
Науқан тиімділігін алдын ала есептеңіз
Науқанды растамас бұрын мына сұрақтарға жауап беріңіз:
- жеңілдікке дейінгі мен жеңілдіктен кейінгі маржа айырмасы қандай болады?
- науқан өзін-өзі ақтау үшін қанша тауар сату керек?
- жарнама қосу, жеткізу және басқа да қызметтер сияқты қандай қосымша шығын болады?
- сұраныс күрт артса, күнделікті жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік жете ме?
Барлық шығынды есептемесеңіз, теориядағы тиімді науқан іс жүзінде бизнеске зиян келтіруі мүмкін.
Нақты кейс: айналымды өсірген, бірақ маржаны жоғалтқан науқан
Дүкен сұранысқа ие тауар санаттарына 30% жеңілдік жариялайды. Келушілер саны көбейіп, тауар көп сатылады. Команда да нәтижеге қуанады.
Алайда бір аптадан кейін есеп жүргізгенде, жеңілдіктің кесірінен маржа айтарлықтай азайғаны анықталды. Ал кейбір клиенттер бұл тауарды жеңілдіксіз, толық бағасымен де сатып алар еді. Дүкен жаңа аудитория тарта алмай, жеңілдікті бұрыннан бар клиенттерге ұсынды. Сырттай қарағанда айналым өскенімен, іс жүзінде таза пайда аз болды. Мұндай науқан бизнесті дамытуға емес, тек сату көлемін арттыруға бағытталған.
Жеңілдік пен қосымша артықшылықтарды алмастырып отырыңыз
Тауардың бағасын арзандату тиімді шешім бола бермейді. Кейде жеңілдіктің орнына сыйлық, тегін жеткізу, ұзартылған кепілдік, арнайы немесе шектеулі ұсыныстарға қол жеткізу ұсынған дұрыс.
Клиент брендтің төмен бағадан бөлек өзіне қандай пайда әкелетінін сезінуі керек.
Клиенттерді топтарға бөліп, жеке ұсыныс жасаңыз
Барлық клиентке бірдей науқан ұсынудың қажеті жоқ:
- жаңа клиенттерге — алғашқы сатып алуға арналған бонус
- тұрақты клиенттерге — бейілділігі үшін қосымша бонус
- көптен бері келмейтін клиенттерге — қайта оралуға ынталандыратын жеке ұсыныс
- VIP клиенттерге — арнайы ұсыныстарға ерте қол жеткізу мүмкіндігі
Барлық клиентке бірдей жеңілдік ұсыну пайда мөлшерін негізсіз азайтып, клиенттер базасының мүмкіндіктерін толық пайдалануға кедергі келтіреді.
Науқан аяқталғаннан кейін нәтижесін талдаңыз
Әр науқаннан кейін оның нәтижесін міндетті түрде бағалаңыз. Мына көрсеткіштерге назар аударыңыз:
- науқанға қанша қаражат жұмсалып, қанша тауар сатылды
- түскен пайда көлемі
- жаңа келген клиент саны мен олардың қаншасы қайта оралды
- жұмыс барысында туындаған қиындықтар мен клиенттердің кері байланысы
Нәтижені талдамасаңыз, бір қатені қайта-қайта жасап, оны маркетинг деп қабылдай бересіз.
Науқан — бизнес стратегиясының бір бөлігі
Науқанды сату көлемі төмендегенде мәселені шұғыл шешудің амалы ретінде қолданбау керек. Егер сату көлемі азайса, алдымен нақты себебін анықтаңыз: клиент саны азайды, тауар қоры жеткіліксіз, тауар сөреде дұрыс орналастырылмаған, клиенттер жағымсыз пікір қалдыра ма әлде менеджерлер баяу жұмыс істей ме? Жеңілдік барлық мәселені шеше бермейді. Кейде қызмет көрсету сапасын жақсартып, тауар қорын толықтырып, клиентпен байланыс орнату қажет.
Науқан өткізуге арналған чек-лист
Науқанды жүйелі түрде басқарсаңыз ғана, ол тиімді құрал болады. Жеңілдік клиентті тартудың бір жолы болуы керек, бірақ брендтің құндылығын алмастырмауға тиіс. Егер клиент тек арзан бағаға келіп, кейін оралмаса, сіз тек бір реттік сатуға қол жеткіздіңіз. Ал егер жаңа тұтынушы науқан арқылы келіп, оң тәжірибе алып, кейін тұрақты клиентке айналса, науқан өз мақсатына жетті.