Бизнес пен жалдамалы жұмысты үйлестіру

Екеуіне уақыт бөліп, жұмыс кестесін құру

Бизнес пен жалдамалы жұмысты үйлестіру

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Жалдамалы жұмыс пен жеке бизнесті қатар алып жүру оңай көрінгенімен, екі саланың ырғағы екі түрлі. Сондықтан басты міндет — олардың арасында нақты шекара орнату. Осы мақалада екі бағыттың бір-біріне кедергісіз қатар дамуын қамтамасыз ету жолдарын қарастырамыз.

Бизнес пен жалдамалы жұмыстың өзара қатынасын айқындау

Бизнесті бастамас бұрын оны жалдамалы жұмыспен үйлестірудің түпкі мақсатын анықтап алу қажет. Жұмыс қарқыны мен қаржылық қадамдар бұған тікелей тәуелді.

Бірінші жолы — бастапқыда екі істі қатар бастап, кейін толықтай жеке кәсіпке ауысу. Бұл жағдайда жалдамалы жұмыс қаржылай тірек қызметін атқарып, екі жұмыс уақытша қатар жүреді. Сол себепті бизнестен түсетін табыс пен жұмыс көлемі қандай деңгейге жеткенде негізгі жұмыстан шығатыныңызды әрі бұл шешімге қанша уақыт кетенінін анықтап алыңыз.

Екінші жолы — екі бағытты тұрақты түрде қатар жүргізу. Мысалы, тұрақты табыс пен кәсіби дамуды маңызды санасаңыз, немесе шағын бизнесіңіздің негізгі жұмысыңызға айналғанын қаламасаңыз. Бұл жағдайда бірнеше айға емес, бірталай жылға созылатын жұмыс жүйесін құрып, міндеттерді бөліп, күш-жігерді үнемдеу қажет.

Аталған екі тәсіл де орынды, алайда оларды шатастырған қатерлі. «Бұл уақытша ғана» деген ұстаныммен бірнеше жыл жоспарсыз әрі жүйесіз өмір сүру эмоция тұрғысынан қажытады. Сол себепті таңдалған бағытты жарты жыл сайын саралап, жұмыс процесін нақты жағдайға қарай түзетіп отыру қажет.

Еңбек шарты мен заң талаптарын талдау

Жұмыс істейтін компанияңыздағы еңбек шарты мен ішкі тәртіп ережелерін қайта қарап шығыңыз. Келісімшарттағы негізгі шектеулерге мұқият назар аударыңыз: бәсекелестік, мүдделер қайшылығы, құпия ақпаратты қорғау және екінші жұмыс жайлы ресми келісу.

Дау-майдың алдын алуға көмектесетін негізгі қағидалар:

  • бизнесті жұмыс берушінің қызметіне қатысы жоқ дербес салада бастау
  • негізгі жұмыстың деректері мен құралдарын жеке жобаға араластырмай, тек өзіңізге тиесілі активтерді пайдалану
  • егер салаңыз ортақ болса, жасырмай, басшылықпен алдын ала келісіп алу

Салық мәселесін де алдын ала реттеңіз. Жалдамалы жұмыстан түсетін табыс пен бизнес табысы бойынша салық міндеттемелері екі түрлі. Болжамды қателерді кейін түзегенше, бастапқыда бухгалтерден кеңес алған жөн.

Уақытты жоспарлап, жүктемені белгілеу

Кез келген бизнес жалдамалы жұмыспен үйлесе алмайды. Қоғамдық тамақтану, тікелей қатысуыңызды талап ететін бөлшек сауда және клиентке жұмыс уақытында жедел жауап беретін басқа да салаларды қатар алып жүру күрделі болуы мүмкін. Бастап жатқан кәсібіңіз сондай болса, басшы немесе әкімші жалдауды бірден ескергеніңіз жөн.

Екі қызметті қатар жүргізудегі ең жиі кездесетін қате — бизнеспен тек уақыт тапқанда айналысу. Іс жүзінде мұндай жүйесіздік негізгі жұмысқа да, демалысқа да уақыт қалдырмайды.

Жұмыс барысын реттеу шаралары:

  1. Бизнеске нақты уақыт бөлу (мысалы, жұмыс күндері 19:00-ден 21:00-ге дейін және сенбінің таңертеңгі уақыты).
  2. Апталық кестені алдын ала жоспарлау.
  3. Күтпеген жағдайлар мен шұғыл міндеттерге аптасына бір кеш бос қалдыру.

Негізгі жұмыс пен бизнеске арналған міндеттерді күнтізбеде екі түрлі түспен белгілеп отырыңыз. Осылайша жүктеменің қай жерде көбейіп жатқанын бірден көруге болады.

Байланыс арналарын ажырату

Екі саланы шатастырмау үшін байланыс арналарын ажырату қажет: бизнеске жеке телефон нөмірін, электронды пошта мен мессенджер арнасын ашып, клиенттер мен әріптестерге жауап беру кестесін хабарлап, соны қатаң ұстаныңыз. Негізгі жұмыс сағатында бизнес мәселелерін, ал бизнес уақытында негізгі жұмыс міндеттерін шешуге болмайды.

Бұл тек кәсіби этика талабы емес, сонымен бірге ой тиянақтау тәсілі. Жүйесіз жұмыс істеп, міндеттер арасында ретсіз ауысу адамды тез қажытады.

Күйзеліс деңгейін қадағалау

Мына белгілерге назар аударыңыз:

  • үнемі шаршап, ашуланшақ болу
  • негізгі жұмыстағы жұмыс сапасының төмендеуі
  • демалыс күндерінің болмауы және кешке дейін ноутбук алдында отыру
  • екі жұмысты да қатар алып жүруге үлгермей жүргендей сезіну

Егер бұл белгілер сізге таныс болса, жұмыс көлемін азайтыңыз, кейбір міндеттерді басқаға тапсырыңыз немесе жоспарлаған мерзімді өзгертіңіз. Бұл денсаулықтан да, негізгі жұмыстан да айырылып қалғаннан жақсы.

 

Екі жұмысты қатар алып жүру үшін бәрін алдын ала жоспарлап, нақты тәртіп орнатқан жөн. Алдымен еңбек шартыңыз бен компанияның ішкі ережелерін қарап шығыңыз. Бизнестегі күнделікті шаруаларды өзіңіз үнемі қадағалап отырмайтындай етіп ұйымдастырыңыз. Негізгі жұмыс пен бизнеске жеке уақыт бөліңіз. Ең алдымен болашақ жоспарыңызды анықтап алыңыз: негізгі жұмыстан шығып, тек бизнеспен айналысқыңыз келе ме, әлде екі жұмысты қатар жалғастырғыңыз келе ме? Осы шешімге қарай мақсат қойып, мерзім белгілеп, өзіңізге қолайлы жұмыс көлемін анықтаңыз.