Кәсіпкерлердің күйзеліске түсу себептері мен оны еңсеру жолдары

Тәжірибелі психолог кеңесі

Кәсіпкерлердің күйзеліске түсу себептері мен оны еңсеру жолдары

Қазақстанда психолог көмегіне жүгінетіндер саны артып келеді. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 10%-дан астам өсті. Сондықтан мамандар кәсіпкерлер арасындағы күйзеліс мәселесін жиі көтеріп жүр. Бизнес — күш-қуат пен төзімді талап ететін салалардың бірі. Қаржылық қысым және жоғары жауапкершілік кәсіпкерді әбден қажытады. Бұл жағдайдан қалай шығуға болатынын психолог Саида Налибаевамен бірге қарастырамыз.

Жалпы ахуал

Кәсіпкерлердің күзейліске ұшырауы — ғылымда дәлелденген құбылыс. 47 зерттеуді біріктірген ауқымды ғылыми шолуда бұл жағдай психологиялық синдром ретінде қарастырылады. Мамандар оны кәсіпкерлік қызметтегі созылмалы стресспен байланыстырады.

Қазақстанда жан саулығы, яғни психикалық саулық мәселесі біршама күрделі. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, халықтың шамамен 4,4%-ы депрессияға бейім. Бір рейтингте Қазақстан 180 елдің ішінде депрессияның таралуы бойынша 93-орында тұр.

Күйзелістің басталуы

Назар аударатын негізгі белгілер:

  • демалыстан қайыр жоқ — ұйқыңыз қанса да, демалыс күндерін немесе еңбек демалысын алсаңыз да, шаршау басылмайды. Жағдай сәл жеңілдегендей болса да, көпке созылмайды
  • ойлау мен шешім қабылдау қиынға соға бастайды — қарапайым шаруаның өзіне көп уақыт кетеді. Шешім қабылдауды кейінге қалдырып, істі соза бересіз
  • құлшыныстың төмендеуі — бұрын қуат беріп, шабыттандырған жұмыс енді қызықтырмайды 
  • төзімнің таусылуы — командаға, клиенттерге немесе серіктестерге деген сабырыңыз азайып, тез ашуланасыз
  • жұмыстан ажырай алмау — жұмыс туралы ой демалыс кезінде де тоқтамайды
  • үнемі мазасыздану —  ішкі уайым қалыпты күйге айналады, мазасыз ойлар мен ішкі шиеленіс ұйқыңызды бұзуы мүмкін
  • жұмыстан қашқақтау — істерді кейінге қалдырып, жұмысқа іштей қарсылық сезіледі

Күйзеліс пен депрессияның айырмашылығы

Күйзеліс — ұзақ уақыт бойы жиналған шаршау. Адам үнемі қажып жүреді, бірақ соған қарамастан басқа нәрселерге қызыға алады. Ал депрессия — сарқылудың тереңдеген түрі. Бұл кезде адам ештеңеге қызықпайды, ешнәрсе қуантпайды. Егер бұрын жұмыстан тыс уақытта бірнәрсеге қызығып, рахаттана алса, депрессия кезінде бұл сезімдер мүлдем жоғалады. Ішкі ресурс таусылып, өздігінен қалпына келу қиынға соғады.

Психологтың айтуынша, ең үлкен қателік — күйзелісті жай шаршаумен шатастырып, мәселені тек демалыспен шешуге тырысу.

Демалыс уақытша жеңілдік береді, бірақ мәселенің түп-тамырын шешпейді. Негізгі себеп — жүйкеге түсетін артық салмақ. Егер адам ұзақ уақыт бойы шамадан тыс жұмыс істесе, қысқа демалыс жеткіліксіз болады. Іс жүзінде бұл — таусылған қорды бір реттік шарамен толықтыруға тырысу. Жұмысқа оралған соң жүйкеге салмақ қайта түсіп, адам бұрынғы күйіне тез оралады».

Кәсіпкерлердің күйзеліске жиі ұшырау себептері

Мәселе кәсіпкерлердің әлсіз болуында емес, кәсіпкерлік жұмыстың өзінде. Бұл салада жүйкеге түсетін салмақ көп.

  • жұмыс пен жеке өмірдің араласуы — кәсіпкер үшін бизнес тек жұмыс емес, өмірінің бір бөлігі болып саналады. Сондықтан кез келген сәтсіздік жұмыстағы қателік емес, жеке басының кемшілігі сияқты қабылданады. Бұл ішкі қысымды күшейтіп, шешім қабылдауды қиындатып жібереді
  • белгісіздік үнемі қатар жүреді — бизнес тұрақты болса да, қауіп сезімі кетпейді. Клиенттен айырылу, ақшаның жетпей қалуы немесе команданың қателігі сияқты қатерлер әрдайым бар. Сол себептен кәсіпкер психикасы қысымға түсіп, жұмыс істейді
  • шешімді жалғыз қабылдау — кәсіпкер көбіне бәрін өзі шешеді, жауапкершілікті бөлісетін адам аз
  • қателіктің құны жоғары — бизнес кеңейген сайын шешімдердің салдары да арта түседі. Нәтижесінде кәсіпкер бәрін одан сайын бақылап, мазасызданып, ісінен айырылып қалудан қорқады

Нәтиже бермейтін әдістер

Психологтың пікірінше, тәртіпті күшейту немесе жұмысты басқаға тапсыру туралы кеңестер көмектесе бермейді. Себебі негізгі мәселе — күш-қуаттың болмауы. Мұндай күйде кәсіпкер бұл кеңестерді орындай алмайды. Нәтиже шықпаған соң өзін кінәлап, сөге бастайды. Шамадан тыс жүктеме кезінде медитация сияқты әдістер де әсер етпеуі мүмкін, себебі жүйке жүйесі толық қалпына келе алмайды.

Шынымен көмектесетін шаралар

Алдымен жұмыс көлемін азайту керек:

  • тапсырмалар мен қабылдау керек шешімдер көлемін кемінде 20–30%-ға қысқарту
  • күнделікті қабылдайтын шешім санын азайту

Келесі қадам — жүйе құру:

  • жұмыс уақытын нақты шектеу
  • тапсырмаларды күндерге бөліп жоспарлау
  • тек бітпеген істерге емес, аяқталған шаруаларға да назар аудару

Күш-қуат сарқылғанда, ойлау қабілеті төмендейді: адам орын алған жағдайды тым ауыр қабылдайды, өзіне артық жауапкершілік жүктейді, тек бір бағытта, қиын мәселеге ғана көңіл бөледі. Мұндай кезде қарапайым тәсілдер көмектеседі:

  • деректерді тексеру — факт-чекинг жасау
  • өзі бақылайтын істерді бөлу — қолыңыздан келетін және келмейтін нәрселерді ажырату

 

Күйзеліс жүйке жүйенің жұмыс қарқынына шыдай бермейтінін көрсетеді. Бұдан мынадай түйін жасауға болады:

  • күйзеліс білінбей басталады — көбіне жай ғана шаршау сияқты көрінеді, сондықтан оған мән бермейді
  • басты белгі — демалыс көмектеспейді, күш-қуатыңыз қалпына келмейді
  • мәселе кәсіпкердің мінезі немесе тәртібіне емес, жүйкеге шамадан тыс салмақ түскеніне байланысты
  • жалпыға ортақ кеңестер жеткіліксіз, алдымен жұмыс көлемін қысқарту керек
  • жауапкершілік артқан сайын күйзеліске ұшырау қаупі де өседі

Ең маңыздысы — кәсіпкерді емес, жұмысқа деген көзқарасты өзгерту.