Тамыз айындағы бизнес жаңалықтары

Қазақстан кәсіпкерлері үшін маңызды ақпарат

Тамыз айындағы бизнес жаңалықтары

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Алматы кәсіпкерлері бизнесін дамытуға 86,5 млн теңгеге дейін қаражат ала алады


Жеңілдетілген несиені Almaty Business-2030 бағдарламасы бойынша алуға болады. Несие мөлшерлемесі жылдық 6% немесе 9% (ЖТСМ) болады, ал қарыз сомасы — 86,5 млн теңгеге дейін. Инвестиция мақсаттарына несие 7 жылға дейінгі мерзімге, ал айналым қаражатын толықтыруға үш жылға дейін беріледі.

6% мөлшерлеме әлеуметтік кәсіпкерлерге, индустрия аймақтары мен шағын индустрия парктерінің резиденттеріне, сондай-ақ креатив индустриялар мен инновациялық инфрақұрылым салаларындағы жобаларға қолжетімді.

9% мөлшерлеме бойынша шағын және орта бизнестің басқа жобалары қаржыландырылады. Бағдарлама өндіріс, туризм, IT, креатив индустриялар, мектепке дейінгі білім беру, қоғамдық тамақтану және басқа да басым бағыттарды қамтиды.

Негізгі шарт — бизнес Алматы қаласында жұмыс істеуге тиіс.

Қарыз алушыларға қойылатын талаптар мен толық шарттар осында.

Кітап шығару және әдебиет салаларындағы жобаларға 5 млн теңгелі грант


Креатив индустрияларды дамыту қоры кітап индустриясы мен кітап оқуға арналған цифрлық технологияларды дамытатын кәсіпкерлерге арналған гранттық байқау жариялады. Барлығы 50 млн теңге бөлінеді — әрқайсысы 5 млн теңгелі 10 грант.

Байқауға QazaqCreative платформасындағы Креатив индустриялар субъектілерінің тізілімінде тіркелген және Қазақстанда мынадай салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен ұйымдар қатыса алады:

  • әдебиет, оның ішінде балалар кітаптары мен комикстер
  • кітап шығару
  • цифрлық технологиялар және LitTech
  • кітапханалар мен музейлер
  • мәдени-демалыс мекемелері
  • IT және геймдевелопмент

Өтінімдер 2026 жылғы 28 қыркүйекке дейін қабылданады, өтінімді осында жіберуге болады.