Шағын бизнес оңайлатылған режімнен кетуге неліктен мәжбүр

Сарапшылардың пікірі

Шағын бизнес оңайлатылған режімнен кетуге неліктен мәжбүр

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі жалпыға бірдей белгіленген режимдегі (ЖБР) компанияларды шектемек: олар оңайлатылған режимдегі кәсіпкерлерге төлеген тауар, жұмыс немесе қызмет ақысын салық салынатын сомадан бұдан әрі шегере алмайды.

Бұл реформаның болжалды салдарын «Точный учет» бухгалтерлер агенттігінің сарапшылары Наталья Сиражеева мен Марина Ляпина айтып берді.

Мына норма ірі компаниялармен жұмыс істейтін шағын бизнеске кедергі жасап, жағдайын қиындатады. Бұның болжалды салдарын қарастырайық.

ЖБР-дағы сатып алушылар көретін қиындықтар

  1. Салық көлемі өседі. Оңайлатылған режимдегі контрагенттерге төлеген төлемдер енді салық салынатын сомадан шегерілмейді де, КТС немесе ЖТС мөлшері өседі.
     
  2. Серіктес таңдау қиындайды. ЖБР-дағы компаниялар әр жеткізушінің салық режимін тексеріп, жалпыға бірдей белгіленген режимдегі компанияларды таңдай бастайды.
     
  3. Ыңғайлы жеткізушілерден бас тартуға тура келеді. Оңайлатылған режимдегі контрагенттердің бағалары төмен болса да, олармен жұмыс істеу тиімсіз болады.
     
  4. Баға өседі. Компаниялар көбейген шығынды клиенттерден шығарып алғысы келсе, инфляция да күшейеді.

Оңайлатылған режимдегі сатушылар көретін қиындықтар

  1. Сатушылар клиенттерінен айырылады. Ірі тапсырыс берушілер оңайлатылған режимдегі компаниялармен жұмыс істеген тиімсіз деп, кетіп қалуы мүмкін.
     
  2. Баға өседі. ЖБР-ға көшкен бизнестің салықтары мен шығыны көбейеді, сондықтан олар баға көтеруге мәжбүр болады. 
     
  3. Бәсеке тең болмайды. Енді ірі компаниялар контрагент таңдаған кезде тауар немесе қызмет сапасы мен пайдасына емес, жеткізушінің салық режиміне қарайды.

Салық реформасының жалпы салдары

  1. Әділ салық салу қағидаты бұзылады. Бір салық объектісіне қайталап салық салуға тыйым салынғанына қарамастан, іс жүзінде бір төлемнен салық екі рет төленеді: төлем қабылдаған оңайлатылған режимдегі жеткізуші де, сол төлемді өз жағынан шегере алмайтын ЖБР-дағы сатып алушы да салық төлейді.
     
  2. Оңайлатылған режимдегі кәсіпкерлер халыққа (B2C) қызмет көрсететін форматқа көшіп, көтерме сауда, өндіріс және B2B саласындағы компаниялар жалпыға бірдей белгіленген режимге ауысуға мәжбүр болады.
     
  3. Бұрын контрагенттер экономикалық тұрғыдан тиімді деп таңдалса, енді салық режиміне байланысты таңдалмақ.
     
  4. Оңайлатылған режимдегі контрагенттермен жасасқан мәмілелер енді 20% қымбаттайды, себебі ондай төлемдер салық салынатын сомадан шегерілмейді (КТС 20% болған жағдайда). 
     
  5. Бизнес бөлшектене бастайды — кәсіпкерлер салық мөлшерін азайту үшін жеке тұлғалармен бөлек, заңды тұлғалармен бөлек жұмыс істейтін бірнеше компания ашуы мүмкін.
     
  6. Жаңа талаптарға бейімделе алмайтын шағын бизнестің бір бөлігі қызмет аясын қысқартуға немесе тіпті нарықтан кетуге мәжбүр болады.
     
  7. Нарық жасанды түрде тартылады: компаниялар жеткізушілерді сапасы мен бағасына қарап емес, салық режиміне қарап таңдай бастайды, ал одан жөнді бәсеке болмайды.

Бұл реформаның кесірінен ірі бизнес өкілдері оңайлатылған режимде жұмыс істейтін шағын бизнеспен серіктескісі келмей, шағын және орта бизнестің бір бөлігін күрделі салық режиміне ауысуға мәжбүр етеді. Іс жүзінде жеткізушілер салық режимінен тиген ауырпалықты сатып алушыларға жүктей бастайды. Ал шағын кәсіпкерліктерге не жеңілдетілген салық режимінде қалуға, не ірі корпоративтік клиенттерды сақтап қалу үшін басқа режимге көшуге тура келеді. Нәтижесінде домино тәрізді жағдай туындайды: ЖБР-ға ауысқан компаниялардың соңынан жеткізушілері де ілесе кетеді.

 

Реформаның нағыз салдарын 2027 жылғы көктемде, яғни 2026 жылғы салық есебі мен 100 және 200 үлгідегі декларациялар тапсырылған кезде байқай аламыз. Қорытынды салық мөлшерін көтере алмайтын жеке кәсіпкерлер мен компаниялардың біразы банкрот болып, бизнесін жабуы мүмкін.