Қазақстандағы арнайы режимдегі ШФҚ-ның салық міндеттемелері
Негізгі талаптар мен есеп тапсыру тәртібі

Арнайы салық режимдегі (АСР) шаруа және фермер қожалықтары (ШФҚ) салық жеңiлдiктерiн тек осы режимге жататын қызметтен түсетін кіріске пайдалана алады. Егер қожалық АСР-ға жатпайтын қызмет түрлерiнен кіріс алса, ол басқа салық режимдерiн (оңайлатылған немесе жалпыға бiрдей белгiленген режимді) қолдануы керек.
Негізгі салықтар
ШФҚ жеке табыс салығын (ЖТС) жылына бір рет төлейді. ЖТС мөлшерлемесі — кірістің 0,5%-ы. Қожалық салықты мынадай кірістен есептейді:
- өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін сату және қайта өңдеуден түскен табыс
- міндеттемелерді есептен шығарған жағдай. Мысалы, ШФҚ-ның банк алдында 2 млн теңге қарызы бар делік. Егер банк бұл қарызды есептен шығарса, қожалық осы сомаға салық төлейді
- қайрымдылық көмекке жатпайтын тегін алынған мүлік
ШФҚ ЖТС-ны жылына екі рет төлейді:
- 1 қаңтар мен 1 қазан аралығындағы кіріс бойынша — ағымдағы жылдың 10 қарашасына дейін
- 1 қазан мен 31 желтоқсан аралығындағы кіріс бойынша — келесі жылдың 10 сәуіріне дейін
Міндетті төлем түрлері
Кәсіпкер өзі үшін төлейтін ай сайынғы төлемдер
ШФҚ иесі өзі үшін барлық салықтар мен міндетті әлеуметтік төлемдерді төлейді. Ол еңбеқақы мөлшерін өзі белгілейді, бірақ мынадай талаптарды ескеруі керек:
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша айлық табыс 1–50 ЕТЖ (2026 жылы 85 000–4 250 000 теңге) аралығында болуға тиіс
- әлеуметтік аударымдар (ӘА) бойынша айлық табыс 1–7 ЕТЖ (2026 жылы 85 000–595 000 теңге) аралығында болуға тиіс
Қожалық иесі еңбекақысын осы талаптарға сай белгілеуі керек.
Кәсіпкердің 85 000 теңге табысынан төлемдерді есептеу үлгісі:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%
85 000 × 10% = 8 500 теңге - ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 3,5%
85 000 × 3,5% = 2 975 теңге - ӘА — әлеуметтік аударымдар: еңбекақы × 5%
85 000 × 5% = 4 250 теңге - МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: 1,4 ЕТЖ × 5%
1,4 × 85 000 × 5% = 5 950 теңге
Өзі үшін ШФҚ иесі 21 675 теңге төлейді.
Қызметкер үшін төленетін ай сайынғы төлемдер
Міндетті жарналардың бір бөлігі қызметкердің еңбекақысынан ұсталады, ал қалғанын қожалық иесі жұмыс беруші ретінде қосымша төлейді. Қызметкерлер үшін төленетін ай сайынғы төлемдерге мыналар жатады:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%
- ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 3,5%
- ӘА — әлеуметтік аударымдар: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
- МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: еңбекақы × 3%
- МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: еңбекақы × 2%
- Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ) × 10%
Қызметкер еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны ай сайын 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) мөлшеріндегі салық шегерімін қолданып азайтуға болады. Ол үшін қызметкер өтініш беруі қажет. Егер қызметкер бірнеше жерде жұмыс істесе, бұл шегерімді тек бір жұмыс орнында қолдана алады.
Қызметкер төмендегі санаттардың біріне жатса, оған жылдық әлеуметтік салық шегерімін қолдануға болады:
- I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін — 5 000 АЕК (2026 жылы 21 625 000 теңге)
- III топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)
- мүгедектігі бар баланың ата-анасы, қамқоршысы немесе заңды өкілі үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)
Егер қызметкер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істесе, оның еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны әлеуметтік аударымдар сомасына азайтуға болады: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ – ӘА) × 10%
Қызметкердің жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (2026 жылы 36 762 500 теңгеден) асса, артық сомаға ЖТС 15% мөлшерлемемен есептеледі.
Қызметкердің еңбекақысынан төленетін ЖТС ШФҚ төлейтін ЖТС-нан бөлек есептеледі.
Қызметкер үшін ай сайынғы төлемдерді есептеу үлгісі
Қызметкердің еңбекақысы 200 000 теңге құрайды делік.
Қызметкер есебінен
МЗЖ: еңбекақы × 10%
200 000 × 10% = 20 000 теңге
қызметкер үшін төленетін МӘМСЖ: еңбекақы × 2%
200 000 × 2% = 4 000 теңге
қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы − МЗЖ − 30 АЕК (шегерім) – МӘМСЖ) × 10%
(200 000 – 20 000 – 30 × 4 325 – 4 000) × 10% = 4 625 теңге
Жұмыс беруші есебінен
ЖМЗЖ: еңбекақы × 3,5%
200 000 × 3,5% = 7 000 теңге
МӘМС: еңбекақы × 3%
200 000 × 3% = 6 000 теңге
ӘА: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
(200 000 – 20 000) × 5% = 9 000 теңге
Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 171 375 теңге алады. Ал жұмыс беруші қосымша 22 000 теңге міндетті аударым төлейді.
Салық төлеу мерзімі: ай сайын, келесі айдың 25-не дейін.
Есеп тапсыру тәртібі
ШФҚ мынадай есеп тапсыруға міндетті:
- 920.00 нысан бойынша декларация. Тапсыру мерзімі — жылына бір рет, есептік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін. Мысалы, 2025 жылғы есепті 2026 жылғы 31 наурызға дейін тапсыру керек.
- 200.00 нысан бойынша ЖТС және қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдер туралы декларация. Тапсыру мерзімі — есептік тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне дейін (15 мамырға, 15 тамызға, 15 қарашаға және 15 ақпанға дейін)
Су ресурстарын пайдаланғаны үшін салық
Су ресурстарын пайдаланғаны үшiн салық мөлшерлемесін жергiлiктi мәслихаттар белгiлейдi. ШФҚ салықты ЖТС-мен бірге төлейді.
Арнайы режимдегі ШФҚ су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша салық есебін негізгі декларацияға қоса тапсырады.
АСР-дағы ШФҚ босатылған салық түрлері
АСР-дағы шаруа және фермер қожалықтары мынадай салық пен төлемнен босатылады:
- жер салығы
- жер телімдерін пайдаланғаны үшін төлем
- көлік салығы
- мүлік салығы
- әлеуметтік салық
- қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлем
- ҚҚС (ерекше жағдай — тауар импорттаған және бейрезидентпен жұмыс істеген кездер)
Арнайы режимдегі ШФҚ салық жеңілдіктерін қолданып, салық жүктемесін азайта алады. Бірақ бұл тек ауыл шаруашылығымен байланысты қызмет түрлеріне қатысты. Қожалық иесі өзi және қызметкерлерi үшiн барлық мiндеттi аударымдарды ай сайын төлейді. Екі негiзгi декларация тапсырады: бірі — жылына бір рет, екіншісі — тоқсан сайын. Егер ШФҚ ауыл шаруашылығына жатпайтын қызметтен табыс тапса, ол басқа салық режиміне көшуге тиіс.