Маркетинг бюджетін тиімсіз жұмсауға әкелетін бес қате

Оларды болдырмау жолдары

Маркетинг бюджетін тиімсіз жұмсауға әкелетін бес қате

Бүгін маркетингте бюджеттің тиімсіз жұмсалуына әкелетін бес қате туралы сөз қозғаймыз. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс сияқты: жарнама бар, қаралым бар, бірақ кассада өзгеріс жоқ.

Ақшаның босқа кетуінің негізгі себебі — нақты клиенттік жолдың болмауы. Адам жарнаманы көріп, қызығады, бірақ ары қарай не істеу керегін түсінбейді: қайда басу, қайда жазу керек, қалай сатып алуға болады, бағасы қанша, шарттары қандай, көңілі толмаса, не болады, қанша уақыт алады, тауар не қызметке кім жауапты. Осындай сәтте маркетинг бәсекелестерден емес, осы кедергілерден сүрініп, ұтылады. Клиент назары ілінсе де, әрі қарай еш әрекет жасалмайды. Мұны болдырмау үшін әр арна бойынша келесі нақты әрекет айқын болуы керек: өтінім қалдыру, брондау, мәзірге өту немесе байланысқа шығу. Сонымен бірге қызығушылықты сақтау үшін клиентке жылдам жауап беру маңызды.

Екінші себеп — саудаға әсер етпейтін көрсеткіштердің соңынан қуалау. Қаралым бар, лайк бар, жазылушы бар, бірақ аудитория сіздікі болмаса, бұның бәрі бекер.

2026 жылы контент көбіне қызығушылық немесе әдет деңгейінде тұтынылады. Ал сатып алу нақты қажеттілік туындағанда ғана жүзеге асады. Сол үшін ақша қаралымға емес, аудиторияға байланысты. Сатып алуға ниеті бар шағын аудитория түпкі мақсаты жоқ кең аудиториядан әлдеқайда жоғары табыс әкеледі.

Үшінші себеп — компанияның клиенттермен байланыс орнату мәнері. Біздің өнім сапалы, дәмді, сенімді, үздік, біз нарықта бұрыннан бармыз сияқты сөздер клиентке әсер етпейді. Өйткені бұл клиенттің басты сұрағына жауап бермейді: бұл өнім маған не береді? сендердің сөздеріне неге сенуім керек? Маркетинг өзіңізді мақтағанда емес, сіздің өнімді сатып алғаннан кейін клиенттің өмірі қалай өзгеретінін көрсеткенде жұмыс істейді. Нәтижені бірден дәлелдер мен мысалдармен көрсеткен жөн.

Төртінші себеп — маркетингтің экономикадан бөлек жұмыс істеуі. Он өтінімнің біреуі ғана орындалып, қайтарулар маржаны жеп қойса, орташа чек клиент тарту құнын жаппаса, қайта сатып алу болмаса, өтінімнің арзан болғаны көмектеспейді, сіз тек шығынға батып кетесіз. Бұл жағдайда жарнама пайда әкелмейді, тек шығынды арттырады. Сол үшін маркетинг көрсеткіштерін бақылау маңызды: әрекет құны, конверсия, маржа, орташа чек, қайта сатып алу. Бұл көрсеткіштер шынайы жағдайды көрсетеді.

Бесінші себеп — бағытты жиі өзгерту. Бір шешімді соңына дейін жеткізбей, үнемі жаңасын бастау: бүгін таргет, ертең блогерлер, кейін жаңа ұсыныс. Бірақ талдау да, түзетулер де жоқ. Мұндайда бюджет бейберекет жұмсалады. 2026 жылы жүйелі жұмыс істейтіндер ғана нәтижеге жетеді: гипотеза құру, сынау, көрсеткіштерді талдау, жұмыс барысын оңтайландыру, содан кейін ғана бизнесті кеңейту.

 

Қорытынды: анық бағыт-бағдар, аудитория, клиентпен қарым-қатынас тілі, есеп пен тәртіп жоқ жерде бюджет тиімсіз жұмсалады. Мұның бәрін ретке келтіру үшін үлкен қыруар ақша емес, тек жүйе мен тәртіп қажет.