Қазақстандағы кәсіпкерлікке баулу саласы

Оқу форматтары, әдіс-тәсілдер мен қателіктер

Қазақстандағы кәсіпкерлікке баулу саласы

Қазақстандағы бизнес жүргізуді үйрету нарығы қарқынды дамып келеді. Кәсіп иелері мен менеджерлер түрлі форумдарға белсенді қатысып, тәжірибе алмасады. Бизнес-мектеп негізін қалаушы Евгений Котов тиімді оқыту форматтары мен оның нәтижесін өлшеу жолдары туралы айтып береді.

Теориядан гөрі тәжірибе маңызды

Соңғы жылдардағы басты өзгеріс — теориядан тәжірибеге көшу. Бұрын оқыту үрдісі дәрістерге негізделсе, бүгінде нақты мәселелермен жұмыс істеуге басымдық беріледі. Себебі қарапайым: нақты жұмыс барысында кәсіпкер теорияға емес, дағдыларына сенеді. Сондықтан белгілі жағдайларды талдап, оны іс жүзінде қолданып көруге негізделген тәжірибелік сабақтар бірінші орынға шықты.

Кәсіпкер үшін тәжірибеде кездесетін жағдайларды оқу барысында басынан өткеру ең тиімді формат болып табылады. Егер ол мәселені іс жүзінде пысықтап үйренсе, қажет дағдылар өздігінен қалыптасады. Негізінде, білім іс-әрекетке ұласқанда ғана нақты нәтиже береді.

Сонымен қатар микролернинг, яғни шағын оқыту тренді күшейіп келеді. Бұл — қысқа әрі қолданбалы тақыраптардан тұратын оқу бағдарламасы. Мұндай форматта әр бөлім белгілі бір мәселені шешуге бағытталады: тақырып талдау, алгоритм жасау және оны қолдану.

Ұзақ уақытқа созылатын, бірақ іс жүзінде қолданылмайтын бағдарламаларға қарағанда, нақты бизнес мәселелеріне арналған қысқа әрі түйінді тақырыптар әлдеқайда тиімді. Шын мәнінде, білім беру әдіс-тәсілдері өзгеріп жатыр.

Нарықтағы сұраныстың өзгеруі

Соңғы жылдары бизнес-мектептерге қойылатын талаптар белгілі мақсаттарға бағыттала бастады. Қазір кәсіпкерлер үшін бағдарлама мазмұнымен қатар сарапшының жеке тәжірибесі де үлкен рөл атқарады. Әсіресе, ұқсас бизнес-мәселелерді басынан өткерген мамандардың тәжірибесіне деген сенім жоғары.

Қазіргі кәсіпкерлер арасында жай танысу емес, жұмыс барысын бірлесе талқылайтын іскерлік ортаға, яғни нетворкингке сұраныс жоғары. Егер бұрын оқу көбіне идея көзі ретінде қабылданса, бүгінде одан нақты, іс жүзінде қолдануға болатын нәтиже күтіледі.

Оқу нәтижелерін бағалау жолдары

Оқу нәтижесі 3–6 ай ішінде бизнестегі өзгерістерден көріне бастайды.

Негізінен мынадай өзгерістер пайда болады:

  • жұмысын командаға тапсыру арқылы кәсіпкер бизнесін дамытуға және алдағы жоспарларға көбірек уақыт бөле бастайды
  • нарықтағы құбылмалы жағдайға қарамастан, бизнес өсіп не көрсеткіштерін сақтап қалады
  • команданың тұрақталуы және ұжымның кәсіби деңгейінің өсуі
  • мақсаттар мен даму бағытының айқын болуы
  • жаңа бағыттардың немесе жобалардың іске қосылуы
  • операциялық жұмыстың жүйеленуі

Бұл көрсеткіштер бизнесті басқару мен оның құрылымындағы өзгерістерді көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпкер алған білімін іс жүзінде қалай қолданып жатқаны да қадағалайды.

Кәсіпкерлер тапсырмаларды орындап, нәтижесін фото, видео, аудио немесе қысқа есептер арқылы тіркейді, кейде оны өздерінің әлеуметтік желілерінде де бөліседі. Біз үшін маңыздысы — басқару жүйесінің реттелуі мен бизнестің негізгі көрсеткіштерінің жақсаруы.

Алынған білім неге іске аспайды

Сарапшының айтуынша, бизнес-оқытуға көңіл толмау көбіне кәсіпкердің ақталмаған үмітінен туындайды. Олар тез арадағы өзгеріс күтеді, бірақ оқыту форматтарының нәтижелері әртүрлі болады:

  • семинарлар мен шеберлік сағаттары тек жалпы түсінік береді, бірақ дағды қалыптастырмайды
  • форумдар ой-өрісті кеңейтеді, бірақ нақты әрекетке алып келмейді
  • көшпелі форматтар серпін беріп, кәсіби ортаға кіруге жол ашады, бірақ жүйелі өзгерістерге әкелмейді

Тұрақты нәтижеге тек теория мен тәжірибені ұштастырғанда ғана қол жеткізуге болады.

Кейде кәсіпкер оқуға тым ерте келеді. Егер бизнес әлі басқару тарапынан қиындықтарға тап болмаса, берілген оқу материалы толық сіңбейді, өйткені нақты сұраныс әлі пісіп-жетілмеген. Сонымен қатар мынадай қателіктер де жиі кездеседі:

  • трендке еріп оқу
  • нақты мәселесіз немесе мақсатсыз келу
  • оқу бүкіл мәселелерді өздігінен шешеді деп үміттену

Мұндай жағдайда күткен нәтиже мен шынайы жағдай сәйкес келмейді.

Білім құрал береді, ал нәтиже әрқашан кәсіпкердің өз қолында. Оның үстіне өзгеріс бірден орын алмайды: алдымен көзқарасты өзгерту керек, содан кейін ғана бизнес өзгереді. Осы уақыт аралығында нәтиже жоқтай көрінеді, бірақ шын мәнінде өзгерістер жүріп жатады.

Қазір нарықта бизнес-ойындар өте танымал, бірақ олар өздігінен толыққанды нәтиже бермейді. Ойындар оқу барысын қызықты етіп, кейбір жағдайларды бастан өткізуге көмектеседі, бірақ шынайы тәжірибені толық алмастыра алмайды.

Қазақстан нарығының ерекшелігі

Қазақстандағы кәсіпкерлікке оқыту нарығы бірнеше жұмыс тәсілдерінің тоғысқан жерінде қалыптасып жатыр. Сарапшының пікірінше, елімізде Ресей, Еуропа және Америка нарықтарының тәжірибесі қатар қолданылады. Бұл кәсіпкерлерге әртүрлі әдістермен танысуға және өз бизнесіне нақты пайда әкелетін құралдарды таңдап алуға мүмкіндік береді.

 

Бизнес-мектептің тиімді моделі айқын сипатқа ие:

  • теория бірден тәжірибеге ұласады
  • бағдарлама компанияның даму деңгейіне сәйкес келеді
  • қабылданған шешімдерді сынап көретін орта бар
  • жаңа білімді бизнесте қолдана білу міндетті талапқа айналады

Бұл талаптар орындалмаса, кәсіпкер тек ақпарат жинаумен шектеледі, ал басқару жүйесі мен жұмыс барысы өзгеріссіз қалады.