Ösim индексі — 37/100: салық пен қаржы тапшылығы
Ösim Қазақстандағы ШОБ-тың іскерлік әл-қуат индексін жариялады

Мақаланың мазмұны
Ösim Қазақстандағы шағын және орта бизнестің (ШОБ) іскерлік әл-қуат индексін есептеді. Зерттеудің алғашқы кезеңінде индекс 100-ден 37 балды құрады. Мұндағы 50 — бейтарап деңгей болса, одан төмен көрсеткіштер кәсіпкерлер арасындағы жағымсыз пікрдің басымдығын білдіреді. Сондықтан 37 мәні — қалыпты сенімсіздік ырғағын көрсетеді.
Зерттеуге osim.kz сайтындағы ашық сауалнама мен Alatau City Bank Business қолданбасы арқылы 810 респондент қатысты. Олардың ішінде 739-ында қазір жүргізіп отырған бизнесі бар, 48-і — бизнес бастауды жоспарлап жүргендер, ал 23-і — өз ісін тоқтатқандар. Респонденттер негізгі мәселе ретінде салық жүктемесін атап өтті: бұл фактор өзге түйткілдермен салыстырғанда екі есе жиі айтылды.

Сауалнама қорытындысы
Соңғы 3 айдағы түсім: сауалнамаға қатысқан бизнестің 27%-ында өсті, ал 44%-ында азайды (соның ішінде «шығын мен табыс тең болды» деген жауаптар бар).
Қызметкерлер саны: қызметкер қосқандар — 12,9%, жұмыстан босатқандар — 12,3%. Тең дерлік. ШОБ-тағы еңбек нарығында өзгеріс болған жоқ десек болады.
Қаржылай қолдау алу: несие немесе лизинг қажет еткендер ішінде (респонденттердің 70%-ы) 81%-ы қаржылай қолдау алу өте қиын немесе мүлдем мүмкін емес деп ойлайды.

Индексті есептеу әдістемесі
Экономикалық есеп PMI индексінің жүйесіне негізделген: оң, бейтарап және теріс жауаптардың қатынасы сараланып, 0–100 аралығындағы мәнге ауыстырылды. 50 — бейтарап шек. 50-ден жоғары балл оң көңіл-күйді, 50-ден төмен балл теріс пікірдің басым екенін көрсетеді.
Бастапқы кезеңдегі 3 негізгі көрсеткіш:
- түсім — 41,4
- қызметкерлер саны — 50,3
- қаржылай қолдау алу мүмкіндігі — 18,6
Қорытынды 37 балл үш көрсеткіштің орташа мәні ретінде шығарылды. Әзірге тарихи дерек қоры жеткіліксіз болғандықтан, әр көрсеткіштің үлесі тең дәрежеде есепке алынды.

Бизнес үшін басты тежеуші фактор — капиталға қол жеткізе алмау. Жұмыс орындарының саны тұрақты, түсім біртіндеп төмендеп келеді, алайда қаржыландыру ең күрделі түйткіл болып тұр: несие алуға мұқтаж бизнес өкілдерінің 81%-ы қарыз алуды күрделі, тіпті мүмкін емес деп бағалайды.
Басты мәселе — салық жүктемесі
Кәсіпкерлерге бизнеске ең қатты кедергі келтіретін үш басты түйткілді атау керек болғанда, респонденттердің 46%-ы салық жүктемесін таңдады — бұл доллардың теңгеге шаққандағы бағамына (9%) қарағанда бес еседен астам жиі аталды. Екінші орында — қаржыландырудың мүмкін болмауы (25%), одан кейін — жеткізушілер тарапынан бағаның өсуі (16%) мен маман тапшылығы (14%).
Сауалнамада «Мемлекеттік органдардың өкілдеріне не айтқыңыз келеді?» деген ашық сұрақ та қойылған еді. Кәсіпкерлердің өздері қалдырған пікірлер:
«Жаңа салық заңнамасының күшін жойып, оны 10 жыл бұрынғы талаптарға қайтару керек. Бизнеске 5 жылға тексерулерге мораторий және 5 жылға салықтық демалыс берілсін.»
«Салық реформасын қайта қарау қажет — жүктеме тым ауыр, салық төлемдері біздің табысымыздан да асып түседі!»
«Кез келген бизнес үшін бірыңғай салық тарифін енгізу керек, мейлі ол 6% болсын, бірақ бәріне ортақ болсын»

HoReCa саласы
Респонденттер арасында HoReCa саласынан 33 бизнес болды. Сондықтан бұл деректі бүкіл салаға қатысты қарастыруға келмейді — бұл тек біздің іріктеме аясындағы суреттеме.
Бұл топта біркелкі тенденция жоқ, көрсеткіштер екі ұдай: табысы айтарлықтай төмендегендер мен өскендердің үлесі бірдей дерлік — әрқайсысы 21%-дан.
Жеткізу сервистерінен түсетін тапсырыс көлемі мен олардың үлесі туралы сұрақтарға бар болғаны 8 мекеме жауап берді, сол себепті бұл мәліметтер байқау ретінде ұсынылады. Соңғы тоқсан қорытындысы бойынша 6 мекемеде орындардың (қонақүйлерде — бөлмелердің) толуы өзгеріссіз қалды, 2 мекемеде төмендеді, ал өсім болған жоқ. Жеткізу сервистері арқылы жеткізуді талдасақ: жеті мекеменің алтауында онлайн-тапсырыстар мүлдем жоқ, ал бір мекемеде олардың үлесі 20%-дан аспайды.
Бизнес ашуға ниетті, бірақ қаржы жеткіліксіз
Жеке бизнесі жоқ, бірақ өз ісін бастауды жоспарлап отырған 48 респонденттің жауаптары бөлек талданды. Олар үшін басты тосқауыл — бастапқы капиталдың жоқтығы: мұны респонденттердің 57,4%-ы атап өтті. Бұл ретте қатысушылардың 82,6%-ы жеңілдетілген қаржыландыру немесе мемлекет тарапынан өзге де қолдау шаралары ұсынылса, бизнесті дереу ашуға дайын екендіктерін білдірді.
Респонденттер көбінесе бөлшек сауда мен ауыл шаруашылығы салаларында бизнес бастауды көздейді — әрқайсысы 19,6%-дан. Бұдан кейінгі қатарда — HoReCa мен білім беру салалары (әрқайсысы 13%-дан) және құрылыс саласы (10,9%) орныққан.

Бизнесін тоқтатқан, бірақ қайта бастауға ниетті
Сауалнамаға қатысқан 23 кәсіпкер бұрын бизнесін жабуға мәжбүр болған. Негізгі себеп ретінде жеке жағдайлар белгіленді (33,3%). Бұдан кейінгі қатарда — қаржылық қиындықтар: айналым қаражатының жетіспеуі (19%) және жоғары шығындар мен салықтар (19%).

Бұл ретте бизнесін жапқандардың 42,9%-ы жобадан шығынсыз немесе пайдамен шыққан, ал 52,4%-ы жаңа бизнес ашуды жоспарлап отыр. «Іс бастаған сәтке қайта оралсаңыз, нені басқаша істер едіңіз?» деген сұраққа респонденттердің бірі: «Ең алдымен инвестиция тауып алар едім», — деп жауап берді.
Индексті әрі қарай дамыту жоспары
Ösim индексі тұрақты түрде жарты жылда бір рет есептеліп тұрады. Кезекті кезеңде HoReCa салалық іріктемесі кеңейтіліп, кәсіпкерлердің шығыны мен инвестициялық жоспарлары бойынша арнайы субиндекстер енгізіледі.
Ösim сауалнамалық зерттеуі 2026 жылдың қыркүйегінде osim.kz сайты мен Alatau City Bank Business қолданбасы арқылы 810 респонденттің қатысуымен өтті. Жауап беру ерікті негізде ұйымдастырылды. HoReCa бойынша деректер тек жалпы бағдар береді және бүкіл салаға қатысты статистикалық өкілеттілігі жоқ.