Алматыдағы дәмханалар мен мейрамханаларға арналған 2027 жылғы сорғыш жүйелері мен сүзгілерге қойылатын талаптар

Мақаланың мазмұны
Талаптар, тексерулер және қоғамдық тамақтану орындарының шығыны
Қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын экологиялық талаптар мен оларды орындауға кететін шығын Алматыда өткен HoRex Business Forum 2026 аясында талқыланды.
Airlife Asia мамандары Олег Плотников пен Александр Нежданов Алматыда 2027 жылы қандай талаптар күшіне енетінін және жабдықты жаңарту үшін қандай шығынды ескеру керегін түсіндірді.
Алматыда түтінді тазартуға қойылатын талаптар
Тамақ дайындауға арналған жабдықтар мен желдету жүйесіне қойылатын талаптар нысанның түріне, орналасқан жеріне және қолданылатын отынға байланысты.
Қоғамдық тамақтану нысандарына арналған санитариялық қағидалардың 37-тармағына сәйкес, тұрғын және басқа да ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану орындарында қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдар мен тандырларды пайдалануға жол берілмейді. Газбен және электр қуатымен жұмыс істейтін жабдықтарда тамақ дайындау үшін түтін мен иісті сүзгіден өткізетін сорғыш жүйелер қарастырылуы керек.
Қосымша шектеулер Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларында көзделген. Бұл қағидалардың жекелеген нормалары 2027 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді. Атап айтқанда, газдандырылған, шығарындылар деңгейі төмен аймақтарда өндірістік мақсатта қатты және сұйық отынды пайдаланудан бас тарту қажет. Шығарындылар деңгейі төмен аймақтардағы шектеулер әкімдік тиісті қаулы қабылдап, аймақтың шекарасын белгілегеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Сүзгілер орнату мәселесі Алматы қаласының 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына да енгізілген. Жоспарға сәйкес, кәуапханалар мен осыған ұқсас нысандардың санитариялық талаптарды сақтауына және сорғыш жүйелерінде сүзгілердің болуына мониторинг жүргізіледі.
Талаптар қолданылатын нысандар
Мангалда, грильде және жұмыс кезінде түтін, күйе мен иіс бөлінетін басқа да жабдықтарда тамақ дайындайтын нысандар сорғыш жүйесін тексеруі керек. Бұған кәуапханалар, ашық асүйі бар мейрамханалар, пицца пештері мен басқа да жылу жабдықтарын пайдаланатын қоғамдық тамақтану орындары жатады.
Санитариялық қағидалардың 37-тармағына сәйкес, тұрғын және басқа да ғимараттарда орналасқан дәмханалар мен мейрамханаларда қатты отынмен жұмыс істейтін мангалдарды, тандырларды және ас пісіруге арналған пештерді пайдалануға болмайды.
Газбен және электр қуатымен жұмыс істейтін жабдықтарда тамақ дайындау үшін ауаны түтін мен иістен тазартатын сүзгі-желдету блогы және автоматты басқару жүйесі бар желдету қарастырылған.
Түтінді тазарту жүйелерінің жұмысы
Сорғыш жүйесі жұмыс аймағындағы ластанған ауаны сыртқа шығарады, ал сүзгі жабдығы ауа желдету арнасына түсіп, сыртқа шығарылғанға дейін оның құрамындағы зиянды қоспалардың бір бөлігін ұстап қалады. Грильде немесе мангалда тамақ дайындайтын орындарға гидросүзгілерді пайдалану ұсынылады. Мұндай жүйелерде су май бөлшектері мен күйені ұстап қалуға көмектеседі. Қосымша тазарту сатылары шығарындылардың құрамына және жабдықтың ерекшеліктеріне қарай таңдалады.
Уақыт өте келе сорғыш жүйеде май жиналады. Соның салдарынан жүйенің жұмысы нашарлап, өрт шығу қаупі артады. Сондықтан сүзгілерді орнатумен шектелмей, жүйе мен ауа өткізгіш арналарды үнемі тазалап, шығын материалдарын нұсқаулыққа сай ауыстырып отыру маңызды. Ал сатып алмас бұрын, жабдықтың асүйіңіз бен сорғыш жүйеңізге сәйкес келетінін тексеріңіз. Дұрыс таңдалмаған жабдықта тазарту сатысы қанша болса да, ол өз міндетін толық атқара алмайды.
Шығынды жоспарлау
Жаңарту құны мекеменің форматына және қолданыстағы инфрақұрылымның жай-күйіне байланысты. Кей жағдайда қолданыстағы сорғыш жүйені жетілдіру жеткілікті болса, басқа жағдайда қосымша жабдық орнату немесе желдету жүйесін өзгерту қажет.
Бюджетті жоспарламас бұрын төмендегі шығын көрсетілген есепті сұратқан жөн:
- сүзгі жабдығының құны: 300 мың теңгеден басталады
- қолданыстағы сорғыш жүйеге орнату және қосу құны: 15 мың теңгеден басталады
- желдету арналарын өзгерту құны: монтаждың әр метріне 2,2 мың теңгеден басталады
- сүзгілерді ауыстыру және мейрамханадағы жүйені диагностикалау құны: 25 мың теңгеден басталады
Бағалар ашық дереккөздерден алынған. Жүйелер нақты сұранысқа қарай жасалады немесе таңдалады, сондықтан олардың құны да әдетте жеке есептеледі.
Талаптарды бұзғаны үшін айыппұлдар
Талаптарды бұзғаны үшін айыппұлдар қарастырылған. Шығарындыларды тазартуға арналған жабдық орнатылғанымен, ол істен шықса немесе пайдалану талаптары бұзылса, айыппұл мөлшері мынадай болады:
- шағын бизнес үшін — 80 АЕК (2026 жылы 346 000 теңге)
- орта бизнес үшін — 400 АЕК (2026 жылы 1 730 000 теңге)
- ірі бизнес үшін — 800 АЕК (2026 жылы 3 460 000 теңге)
Тазарту жабдығы мүлде пайдаланылмаса, айыппұл мөлшері жоғары болады:
- шағын бизнес үшін — 400 АЕК (2026 жылы 1 730 000 теңге)
- орта бизнес үшін — 700 АЕК (2026 жылы 3 027 500 теңге)
- ірі бизнес үшін — 1 200 АЕК (2026 жылы 5 190 000 теңге)
Бір жыл ішінде заң бұзу қайталанса, айыппұл мөлшері артады: жабдық ақаулы болса, шағын бизнес үшін 200 АЕК-ке (2026 жылы 865 000 теңгеге) дейін, ал жабдық мүлде болмаса, 700 АЕК-ке (2026 жылы 3 027 500 теңгеге) дейін.
Талаптарға дайындық
Қажет жұмыстардың көлемін бағалау үшін нысан иелері алдымен қолданыстағы желдету жүйесін тексеруі керек.
Қазірден бастап не істеуге болады:
Экологиялық талаптарға дайындық қолданыстағы нормаларды және сорғыш жүйесінің жай-күйін тексеруден басталады. Бұл қолайлы жабдықты таңдауға, оны орнату мен күтіп ұстауға кететін шығынды есептеуге және қажет жұмыстарды алдын ала жоспарлауға көмектеседі.