«Біз ұсақ-түйек жұмысқа араласа бермей, бағыт көрсете отырып басқарамыз»: Азамат Ахметжановтың үш бизнесіне шолу

«Біз ұсақ-түйек жұмысқа араласа бермей, бағыт көрсете отырып басқарамыз»: Азамат Ахметжановтың үш бизнесіне шолу

Азамат Ахметжанов — Coffeetop желісі, Voronka спешелти-кофеханасы мен Akunin Sushi мейрамханасының иесі. Оның кәсіпкер жолы 2015 жылы метро өткеліндегі 12 шаршы метр жерден басталып, 11 жылда үш түрлі бизнес көтерген дәрежеге жетті. Ол Алматыдағы бәсекелес ортада қалай күн көруге болатынын, клиент санын көбейту мақсатында маржадан қалай бас тартқанын және процестерді қадағалауға қандай құрал пайдаланатынын айтып берді (спойлер: Poster мен Clockster-ді пайдаланады).

Оқиғаның басы

Жұбайым екеуіміз Алматыға 2015 жылғы қаңтарда көшіп келіп, 15 қаңтарда «Абай» метро бекетінде алғашқы кофеханамызды аштық. Оны «алып кететін кофе» форматында жасап, 12 шаршы метр жерде жайғастырдық. Жалпы оған 1,3 млн теңге кетті, оның 900 мыңы кофе машинасы мен кофе ұнтақтағыш құрылғыларға жұмсалды. Бардың да, жиһаздың да құны арзан болды. Ақшаны біздің бұрынғы бастығымыздан қарызға алдық.

Оған дейін екеуіміз де қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істедік: мен алты жыл бариста қызметін атқардым, жұбайым төрт жылдай әкімгер болып істеді. Басқа салалардан хабарымыз аса болған жоқ, тек осы саладағы өнім жайлы түсінік болды. Бізге дейін ол жерде форматы нақты белгіленбеген бірнеше тамақтану орны орналасыпты, сататыны кофе ме, круассан ба, әлде ол жерде тіпті буфет болған ба екені түсініксіз. Бәрі де ұзақ тұрмай, тез жабылып қалыпты.

Алғашқы жарты жылда жұмысқа өзіміз шығып тұрдық. Клиенттерді қызықтырғаны да сол деп ойлаймын. Ол кезде үйіміз Райымбек — Тұрғыт Өзал қиылысында болды. Біз таңғы бесте тұрып, жұмысқа бүкіл қала арқылы барып тұрдық.

Біріншіден, ол кезде бізге сабырлық, екіншіден, өнім туралы біліміміз көмектесті деп ойлаймын. Қоғамдық тамақтану орнын ашқанда командаңызда өнімді жақсы білетін бір адам болғаны өте маңызды.

Дамуға көмектескен шешім

Біз қаңтар айында ашылып, жазға дейін студенттер мен кеңсе жұмыскерлерінің арқасында күн көрдік. Бірақ ол кезде тапқан табысымыз бөлек адам жалдауға, яғни жұмысқа өзіміз шықпай-ақ қояйық деуге жетпеді. Күзге қарай мен студенттерге арнайы сет дайындай бастадым: үлкен кофе алғандарға тегін сэндвич сыйлап отырдым.

Сэндвичтің өзіндік құнын сусын құнына қосқандығымнан, маржа шықпай қойды. Мұның ақшасын шығару үшін трафик үш-төрт есе көбеюге тиіс еді. Мұндай тәуекелге барған тиімді ме деп көп күмәндандық. Бірақ бұл жолы жолымыз болды.

Бір кофехананың қазіргі экономикасы

Жаңа үлгі бойынша жасақталған бір Coffeetop орнын ашуға қазір 25–30 млн теңге қажет. Ол ақша шамамен бір жарым-екі жылда, ал сәті түссе — тіпті бір жылда ақталып шығады.

Негізгі маржамыз сусындардан түседі. Қосалқы тауарлардың (нан өнімдері, кассада тұрған ұсақ-түйек) үстеме бағасын қатте көтеруге болмайды, себебі өнімнің өзі де арзан емес әрі нан өнімдері тез бұзылатындықтан, есептен жиі шығарылады. Бізде өз цехымыз бар: өзіміз нан пісіріп, сэндвич жасаймыз. Өніміміздің сапасы өте жақсы, бірақ өзіндік құны да арзан емес.

Coffeetop-тағы орташа чек — 1100–1200 теңге, бірақ чек саны өте көп болғандықтан, айналым жоғары болып, жалақы қоры мен жалға алу ақысы ас үйі бар орындарға қарағанда төменірек шығады. Сол себептен мен «алып кететін кофе» форматында әдейі жұмыс істеймін: оған көп жұмыскер мен ас үй қажет емес, яғни, шығын да, қате де азырақ болады.

Voronka мен Akunin-ның маңызы

Менде ас үйі мен кондитер цехі бар толық циклды мейрамхана ашамын деген арман болды. Оның форматы да, сегменті де басқа. Мұны ашатын жағдай Алматыға Максим атты серіктесім көшіп келгенде туды. 2021 жылы екеуіміз Akunin мейрамханасын бірге аштық, бірақ досым көбінесе қашықтан жұмыс істеп, ашылуына қарай келді. Бірақ бұл жолы ол үнемі осында болды. Бірге орын іздеп, бір жыл бұрын Voronka кофеханасын бірге аштық.

Менің кофе мен бар жайлы білімім бар болғандықтан, кезінде Coffeetop-ты жалғыз өзім аша алдым. Ал ас үй ашуға сәйкес тәжірибесі бар адам керек. Максим ол саланың маманы. Біз бұрын бір жерде жұмыс істедік. Ол аспаз болды, мен бармен болдым.

Voronka мен Akunin-дегі ас үйлерді ол меңгерсе, сусындар мен барға мен жауап беремін.

Сапаны қашықтан қадағалау жолы

Poster — біздің мейрамханаларымызда есеп жүргізуге көмектесетін негізгі жүйе. Біз оның барлық функциясын қолдана отырып, экожүйесіндегі қосымша қолданбаларды да қосып қойдық. Мысалы, ас үйге экран ілдік, принтер мен мобильді даяшыларды қостық, веб-кассаны фискалдық дерек операторымен біріктірдік. Оның интерфейсі түсінікті әрі анық болғандықтан, және бағдарлама жұмыс орнындағы қызметкерлерге де, есеп жүргізгенде бізге де көмектесетіндіктен, Poster-ді пайдаланған өте ыңғайлы деп айта аламын. Бара алмаған жағдайда барлығының қаражаты мен табысын да нақты уақытта қарай аламын.

Қызметкерлердің жұмысын қадағалау үшін біз ішкі құралдарды пайдаланамыз. 2ГИС-те жаман пікір жазатын сәттер де болып тұрады, бірақ біз ондайды азайтуға тырысамыз. Қызметкерлердің жұмысын қадағалауға Clockster-ді пайдаланамыз: кешікпесін деп жұмыс кестесін, технология карталарына сілтемелерді, қызмет көрсету құжаттарын сонда ұстаймыз. Notion-ді пайдаланып көріп едік, бірақ ол ұжымымызға тым күрделі нәрсе болып шықты.

Коллаборация арқылы жаңа қонақ тарту

Уақыт өте келе Voronka мәдени алаңға айналды. Бірақ бізде ондай мақсат болған да жоқ. Біз алдымен ашылып алдық та, кейін трафик тартатын қауымдастық құра бастадық. Поп-ап, кофе рейвтері, шебер дәрістері, көрмелер имиджімізді көтеріп, халықты кәсібімізбен таныстырды. Содан идеялы орта мен қауымдастық, яғни өнерпаздар араласатын орын қалыптасады.

Аудитория тартатын негізгі құралдар — әлеуметтік желілер мен ұзын-құлақ. Біз Voronka туралы көбірек адам білсін, бізге келгісі келсін деп жұмыс істеуге тырысамыз. Ал жаңа қонақтың тұрақты клиентке айналуы біздің жұмысымыз бен қызметіміздің сапасына байланысты болады.

Ең ауыр жағдай

Коронавирус пандемиясы ауыр сынаққа айналды. Локдаун басталмас бұрын біз отбасымызбен пәтер алуға бастапқы жарна жинап, үй алғалы тұрғанбыз. Ол кезде бізде бес кофе сататын орын болды, бірақ локдаун кезінде университеттен басқа бірде-бір жалға берушіміз түсіністік танытпай, жалға алу ақысын алмаймын деген жоқ. Ақыры пәтерге жинаған бүкіл ақшамыз соған кетті.

Қазір форс-мажор сәттерде төлемеуге болатынын білемін. Бірақ ол кезде мен қазір төлемесем, орындарымнан айырылып қаламын деп ойладым. Ол жерлерден көшкім келмеді, сондықтан не болса да төлеймін дедім. Алайда қазір мен оған өкінбеймін, ол орынның екеуі бүкіл ақшасын ақтады. Қалғандарын текке сақтаған шығармын, бірақ ол да бір өмірден алған тәжірибе ғой.

Әріптестерімді қызықтыратын цифрлар

Біз КИМЭП университетіне екі жыл бойы тендер арқылы кірмек болдық, ақыры студенттер өздері Coffeetop-ты қолдайтын петиция ашып, 1 500 қол жинады. Клиенттерім мұндай бейілді деп әркім мақтана бермейді.

Екінші цифрды Voronka-дан алайық: ол қара кофе мен сүт қосылған сусындардың қатынасы. Қала тұрғындары көбінесе сүт қосылған сусын ішеді. Басқа кофеханалар табысының көп бөлігі де содан құралады. Бізде болса 50 де 50. Айына 300 құйғышта дайындалған фильтр-кофе сатамыз. Оны саламыздағы таң қаларлық жағдай деуге де болады.

Қонақтардың қайтып келу себебі

Біз клиенттерімізді дәмі тұрақты, сапасы жоғары кофе дайындап ұстап қаламыз. Әркім өз ақшасына жақсы өнім ала алсын деп бар күшімізді саламыз.

Клиенттердің қайтып келу себебі басында таңдаған концепциямызға да байланысты: Coffeetop — бұл күнделікті кофе ішетін жер, яғни оған әдейі дайындалып барудың қажеті жоқ. Кофе картасы мен күнделікті кондитер спешелдері сусын алуға қайтып келе беруге жағдай жасайды.

Алдағы жылдарға құрған жоспарымыз

Келер үш жылда біз Алматыдағы флагман Coffeetop орындарының санын 10-ға дейін көтергіміз келеді. Кофехана ашу қиын емес. Оны жетілдіру және адамдарға ұнау қиын. Қазір біздің негізгі форматымыз — бизнес орталықтарында тұратын кофе орындары. Бірақ Drinkit, Blackberry желілері сияқты қалаға да шыққымыз келеді. Мұны Алматыда істей алсақ, басқа өңірлерге де шығып көреміз.

2015 жылға қайтып келсем, өзіме былай дер едім: Ыстанбұл сияқты үлкен қалаларға барып кел, кофехана ашар алдында басқалар қалай істейтінін қарап ал. Бірақ, болса да, қазіргіден жақсы болатын шығар дей алмаймын. Бәлкім, ол кезде Алматыдағы нарық ондай форматтарға дайын болмаған шығар. Қазіргі Voronka тұрған жерде сегіз жыл бұрын «Мичурин» орналасты. Ол фермерлер өнімдерін ұсынатын кафе болған, оның идеясын сол кездегі халық түсіне қоймайтын. Әр нәрсенің өз уақыты болады.

Өкінетін ештеңе де жоқ. Бәрі ойдағыдай болып шықты.