Есік алдындағы спорт алаңындай жайлы фитнес-клуб аштым
Жеңіс отын тұтатқан — сырқат, лапылдатқан — фитнес

Арман Арыстанбеков фитнес бизнесіне 10 жылдан астам уақытын арнап келеді. Осы уақыт ішінде ол ProGym және Iron House фитнес-клубтарын ашып, Fitness Care спорт киімі брендін шығарды. Қазір кәсіпкер франчайзинг арқылы бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Арман өміріндегі қиындықтардың жаңа идеяға қалай түрткі болғанын айтып беріп, бизнеске енді қадам басқандарға кеңестерін жеткізді.
Қай жолмен жүрсем же, бәрібір фитнеске келдім
Менің алғашқы жұмысым кеңседе болды. Бір күні денсаулығым сыр берді: ауырсыну соншалықты күшейіп, отырып жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Дәрігерлер ота жасау керек деді, бірақ болжамдары көңіл көншітпеді.
Бір досым жұмысыма жақын маңда спортзал ашқан еді, соған жиі баратынмын. Дәл сол шақта денсаулығыма қатысты жағдайды тереңірек зерттеп, оны қалпына келтірудің қауіпсіз жолдарын іздей бастадым. Осылайша фитнес – ең қолайлы әрі ағзаға ең жұмсақ спорт түрі екенін түсіндім. Фитнес мені құтқарды.
Бір күні сәті түсті: спортзалда жаттықтырушы керек болып қалды. Сол кезде өзімді сынап көруге бел будым. Осылайша кеңседегі жұмыстан шығып, өзім де жаттыға бастадым әрі өзгелерге көмектесуге кірістім.
Дәл сол залда кейін болашақ жарыма жолықтым. Жеке өмірімдегі өзгерістер кәсіби ойымды да өзгертті: тек жаттықтырушы болып қала бермей, отбасымды асырау үшін жеке кәсіп бастау керегін түсіндім.

Арман мен Мөлдір Арыстанбековтар
Кәсібіме беріліп кеттім
Индустрияны тереңірек түсіну үшін түрлі фитнес-клубтарға барып, олардың қалай құрылғанын зерттедім: клиент қандай нәрселерге мән беретініне және мамандар қалай жұмыс істейтініне назар аудардым. Таңғы жетіден түнгі он бірге дейін жұмыс істедім, демалыс күндері де зал жуып, әкімшілік жұмыспен айналысып, клиенттерге көмектестім. Осы ортада екі жылдай жүріп, бәрін бақылап, үйреніп, жаттықтыру ісінде тәжірибе жинақтадым. Ауыр атлетика құрамасының массаж жасаушысы, балуандар мен жаттықтырушылар сияқты түрлі мамандардан өзіме көп пайдалы нәрсе үйрендім.
Күн сайын ішімнен: «Зал ашсам, қандай болар еді?» деп елестетіп, жабдық орналастыру, бизнес моделін құру, бәсекелестерден ерекшелену жолдарын жоспарлай бердім.
Жобаны университеттегі достарыммен бірге талқыладым, бірақ іс баяу жүрді. Сосын олардың ата-аналарына барып, бұл жобаның болашағы бар деп сендіре алдым.
Осылайша 100 миллион теңге инвестиция тартып, 2015 жылы алғашқы ProGym деген фитнес-залымды аштым.
Ойымды арқау етіп, алға баса бердім
Алғашқы рет инвестиция алған кезде бюджетті қалай бөлген дұрыс екенін білмедім. Барлығын ішкі сезімге сүйеніп жасадым: идеям болған соң, оны жүзеге асыра алатыныма сене бердім. Уақыт өте келе жобаның моделін алдын ала есептеудің және бизнес-жоспар жасаудың маңызы айқындалды.
Зал ашылған соң жұмыс қызып, алғашқы клиенттер де келе бастады. Кейін біртіндеп қай жаттығу аймағы мен қай тренажерға сұраныс көбірек екенін байқап, залды қай бағытта дамыту керегін түсіне бастадым. Алғашқыда бүкіл назарымызды жаттығуға әуес жандарға аудардық, бірақ жабдық тез тозып, шығын ақталмай қалды. Уақыт өте келе денсаулығы мен энергиясын сақтау үшін спортпен айналысатын адамдарға көбірек қараған дұрыс екенін ұқтым. Мұндай аудитория залдың тұрақты дамуына жағдай жасады.
Мен бүкіл іске араласа бердім. Бұл тәжірибе мені шыңдап, маған басқару негізін үйретті әрі жұмыстағы кез келген жағдайға дайын болу керектігін көрсетті.
Қол қусырып отырмай, екінші клубымды аштым
Алғашқы қателерден соң тоқтап қалмай, алға жылжыдым. Тәжірибе жинап, нарықты тереңірек түсіну үшін Esentai Fit+Spa, World Class және Wellness Club Luxor сияқты ірі фитнес желілерінде жеке жаттықтырушы болып істедім. Бұл маған кәсіби тұрғыдан дамуға және жаңа мүмкіндіктерді қатар іздеуге мүмкіндік берді.
Көп ұзамай құндылықтары маған ұқсас инвестормен жолым түйісті. Реті келіп, табысқандай болдық. Осылайша жаңа зал ашатын идея дүниеге келді.
2020 жылы біз екінші клубты, яғни Iron House-ты аштық. Оны іске қосқанда өткендегі қателерді ескеріп, ұсақ-түйегіне дейін ойластырдық, процестерді ретке келтірдік.
Зал дизайнының өзі сабақ болды. Күрең түсті зал клиенттерге нашар әсер ететінін байқадым. Сол кезде түсінгенім: заманауи фитнес-клубтың жарық, жайлы әрі шабыт беретін орын болғаны дұрыс. Мұның бәріне тәжірибе арқасында жеттім.
«Туған ауладай» сезілетін орын
Маған бастапқыдан-ақ фитнес-клубтың кәсіби спортшыларға ғана емес, жұрттың бәріне бірдей ашық, бөтен көрінбейтін орта болғаны маңызды еді. Әркім өзін есік алдында жүргендей бос сезінетін, пафосы жоқ алаң ашқым келді.
Біз қарапайым, ашық орын жасадық. Мұнда әркім дайындық деңгейіне қарамай-ақ өз ырғағымен дами алады. Жаттықтырушыларымыз клиенттерге тек маман ретінде ғана емес, дос әрі сенімді серік болып кетті. Осылайша клубымызда бәріне қолдау беретін, сенімді, жылы, жігерлі атмосфера қалыптасты.
Мұндай орта бізді басқалардан ерекшелеп қана қоймай, тегін жарнама көзіне де айналды. Қуанышын бөліскен клиенттер таныстарын ертіп отырды, ал ұзынқұлақ бізге ең мықты жарнама құралы болды.
Адамдар залға тек жаттығуға ғана емес, «орнын» тапқандай сезіну үшін де қайта оралатын.
Әрқайсымызда жүзден астам клиентіміз бар екі-ақ адам қалдық
Жалпы біз аса қатты қиындық көрген жоқпыз — әр нәрсенің жолын табатынбыз. Бірақ есте бір жағдай қалды: бір кезде жаттықтырушылардың көбі кетіп қалды. Клубта екі-ақ адам қалдық, әрқайсымызға жүздеген клиент жүктелді. Біз нағыз марафоннан өттік — шаршап құлап жатсақ та, бәрін үлгеретін едік. Әр адамға жеке көңіл бөлуге тырыстық. Оның үстіне адамдар екеуімізге арнайы келіп, разы болатын. Осылай бір жыл өтті.
Басқа да қиындықтар болды: жарық сөніп қалатын, арасында жөндеу жүріп жататын. Бірақ біз жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Тіпті электр қуатысыз жаттығудың да амалын таптық. Зал үнемі жұмыс істеп тұрды, ал клиенттерге маңыздысы сол еді.
Ұжым мен жаттықтырушылар
Маған бастапқыдан-ақ адамның тәжірибесі емес, көзқарасы маңызды болды. Көзі жанып тұрған, біздің идеяларымызды қабылдай алатын, еңбек етуге дайын адамдарды жұмысқа алудан қорықпадым. Білім де, тәжірибе де біртіндеп жиналады, ал ынта дегенді ешкімге үйрете алмайсың.
Жаттықтырушының негізгі қабілеті — әңгімелесе білу, әр клиентке ыңғай табу және жаттығудың негізін білу. Өйткені адамдардың көбі залға чемпионға айналуға емес, жұмыстан кейін сергіп, бой жазып, өздерін жақсы сезінуге келеді.
Бұл тәсіл жеміс беріп келеді: клиенттеріміз шыныққанның нәтижесін көріп, бізге сенім артады. Ал мен өзім мұның бүкіл кезеңінен өтіп, жаттығуды дұрсы орындау жолын жақсы білемін. Осы тәжірибенің арқасында біз кәсіби әрі сенімді орта қалыптастырдық.
Маған бірсарынды тіршілік жақпайды
2013 жылдан бері әйеліммен бірге Fitness Care деген фитнес киімі брендін дамытып келеміз. Киім экологиялық таза материалдардан тігіледі. Бұл идея жаттығу кезінде туды: бізге ыңғайлы спорт киімі қажет болды. Лайық серіктес табу үшін Қытайдан бес жыл бойы зауыт іздедік. Қазір дүкеніміз жақсы жұмыс істеп келеді, алдағы уақытта маркетплейстерге шығуды жоспарлап отырмыз.
2024 жылдың соңында мен барлық жобадан шығып, залдарды дайын бизнес түрінде саттым. Себебі мен құрған жұмыс моделі түгелдей маған байланған еді — тура мейрамхананың атын шығарған аспазсыз қалған мейрамханадағыдай жағдай болды. Фитнес маған әлі де күш-қуат береді, бірақ күнделікті шаруа мен басқару жұмысы уақыт өте келе күнделікті тірлікке айналды. Сондықтан ілгері басып, жаңа идеялар мен жаңа жобалар ашқым келді.
Қазір біз Invictus франшизасын қарастырып жатырмыз: оның мән-жайын талқылап, клуб ашатын қолайлы орын іздеп жатырмыз. Бастысы — шаршататын тірлікке алаңдамай, шабыт беретін іспен айналысқымыз келеді.
Жеке тәжірибемнен берер кеңестерім
Локация. Залды жұртқа ыңғайлы жерден ашқан жөн. Кеңселері көп аудандарды таңдаған жақсы: адамдар кептелісте уақыт жоғалтқысы келмей, жұмысынан қайтар жолда кіріп, жаттығып, ары қарай жұмыстарымен кете береді. Кейбіреуіне түскі үзілісте бір сағат жаттыққан — жұмыс ырғағын бұзбай, күш-қуат жинаудың ең тиімді тәсілі. Ал тұрғын аудандарда зал ашсаңыз, ол аналар мен үйде шаруасымен айналысатын әйелдерге қолайлы: үйдің маңындағы топтық сабақтарға жолға уақыт кетірмей-ақ қатысуға болады.
Ғимарат. Клубтың ауданы кемі 1000 шаршы метр болғаны дұрыс. Ішкі дизайнын заманауи, премиум деңгейде жасаңыз, ал бағасын бәрі төлей алатындай етіп қойыңыз. Қазір кең орындар жиі бос тұрады — бүкіл сауда онлайнға көшіп жатыр, сондықтан жалға алу шарттарын тиімді етіп келісуге болады. Сервиске де көңіл бөліңіз: ауыз су, ыңғайлы душ, фен, күтім құралдары мен басқа да ұсақ-түйектің клиентке мәні зор.
Жабдық. Тренажер алғанда жаңа, бірақ қарапайым түрлерінен таңдаңыз. Оны кез келген адам бірден пайдалана алуы маңызды. Кардио аймақ жиі сұранысқа ие болады, ал топта өтетін жаттығуларға жалғыз жаттыққысы келмейтін клиенттер келіп, комьюнити қалыптастырады. Мұның екеуіне де жақсылап көңіл бөлген дұрыс.
Жаңару. Уақыт өте келе кез келген зал ескіреді. Кеңістік неғұрлым заманауи болса, клиентке соғұрлым тартымды болады. Сондықтан интерьер мен жабдыққа ақша аямай, бәрін таза, жайлы ұстаңыз.
Келісу. Әріптестердің барлық міндеттерін басынан бастап жазбаша бекіткен дұрыс. Бұл келешекте түсініспеген жағдайлардың алдын алады, сонда серіктестігіңіз жүйелі әрі сенімді болады.
Вайб. Клубтың табысы ішіндегі көңіл-күйге байланысты. Жұрт өзін бос ұстаған жайлы жерге қайта оралғысы келеді. Ол үшін клубтың стилін қалыптастырып, ерекше вайб жасаңыз. Клиенттеріңіздің жетістігін де байқап отырып, оларға шабыт беретін контент түсіріңіз — осылайша клубыңыздың энергиясы арта түседі.