Қазақстанда криптовалютаның пайда болуы және оны реттеу тәртібі

Тарихы, ережелері мен келешегі

Қазақстанда криптовалютаның пайда болуы және оны реттеу тәртібі

2026 жылы Қазақстанның Салық кодексінде криптовалюта операцияларына салық салу тәртібі бекітілді. Бүгінде цифрлық активтер инвестиция көзінен бөлек маңызды қаржы құралына айналды. Осы мақалада бизнестің мұндай активтермен жұмыс істеу жолын және соның барысында туындайтын міндеттемелерді түсіндіреміз. 

Цифрлық активтердің мәні

Криптовалюта — бұл тек интернетте ғана қолжетімді цифрлық ақша. Оны қолмен ұстай немесе компьютердегі файл сияқты сақтай алмайсыз. Бұл — блокчейн деп аталатын электронды тізілімдегі жазба. Онда кімнің қанша активке иелік ететіні көрсетіледі. Криптовалютаны басқару үшін криптоәмиян қажет. Ол қаражатқа қол жеткізуге және төлемді растауға мүмкіндік беретін арнайы кілттерді сақтайды. Мысалы, егер әмиянның жеке кілтін немесе оны қалпына келтіретін сөздер тізбегін, яғни seed сөз тіркесін жоғалтып алсаңыз, ақшаңыздан айырылып қаласыз. Ал аударымдардың қауіпсіздігіне криптография жауап береді. Бұл — деректерді ешкім бұза алмайтындай етіп қорғайтын арнайы математикалық жүйе.

Әрбір төлемді әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандар арнайы бағдарламамен тексеріп отырады. Негізінен бұл жұмыспен жеке тұлғалар немесе компаниялар айналысады. Олар ақша жіберушінің шотында шынымен қаражат бар-жоғын және ол ақшаның бұрын жұмсалмағанын қадағалайды. Егер бәрі дұрыс болса, аударым мақұлданады. Кейбір желілерде бұл жұмысты майнерлер атқарады. Олар қуатты компьютерлердің күшін пайдаланғаны үшін сыйақы алады. Бұл процесс майнинг деп аталады. Мысалы, биткоин осылай жұмыс істейді. 

Криптовалютаның басқа түрлерінде мұндай қызметті валидаторлар атқарады. Олар жүйенің жұмысын қолдау үшін өз коиндарын кепіл ретінде орналастырып, аударымдарды растайды.

Виртуалдық ақшаны криптобиржада сатып немесе сатып алып, оны әмияныңыз арқылы басқара аласыз. Қажет болса, ақшаны банк картасына аударып алуға да мүмкіндік бар.

Ең танымал криптовалюта — биткоин, ол нарықтағы ең бірінші әрі ең қымбат актив. Маңыздылығы жағынан екінші орында — эфир. Бұдан бөлек стейблкоин деген санат бар. Криптовалютаның түрлері туралы басқа мақалада толығырақ тоқталамыз.

Криптовалютаның кәдімгі банктегі ақшадан айырмашылықтары

Шоттағы ақша — мемлекеттік қаржы жүйесінің бір бөлігі. Оны Ұлттық банк шығарады, барлық операциялар заңмен реттеледі. Банктер клиент алдында жауап береді, ал қандай да бір қате орын алса, ақшаны қайтару рәсімі бар.

Криптовалюта мемлекеттік ақша жүйесіне кірмейді. Мұндай ақшамен операциядан бас тарту мүмкін емес. Қаражатты басқару тек кілт иесіне қолжетімді. Егер ол кілтті жоғалтса, оны қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі толықтай қолданушының жауапкершілігінде болады.

Криптовалютаның бағасы басқаша қалыптасады. Банктегі ақша салыстырмалы түрде тұрақты болса, цифрлық активтің бағасы қысқа уақыт ішінде қатты құбылуы мүмкін. Оның құны нарық қатысушыларының белсенділігіне тікелей байланысты: сұраныс артса — баға өседі, төмендесе — арзандайды.

Криптовалюта тарихы

Электрондық ақша жасау туралы сөз өткен ғасырдың аяғында қозғала бастады. Алғашқы жобалардың бірі — DigiCash компаниясы шығарған eCash жүйесі. Ол арқылы интернетте қауіпсіз төлем жасауға мүмкін болатын, бірақ жүйе бәрібір банктерге тәуелді болды. Кейін компания банкрот болғанда, жүйе де жұмысын тоқтатты. Бұл жағдай бір орталыққа тәуелді болудың осал тұстарын көрсетті.

Осылайша банксіз әрі ешқандай бастықсыз жұмыс істейтін жүйе құру қажет болды. Бұл мақсат 2008 жылы биткоиннің жобасы жарияланғанда орындалды. 2009 жылы жүйе іске қосылып, оған кез келген адам қосыла алды.

Басында биткоинді тек криптосаласының мамандары мен әуесқойлар білетін. Кейін алғашқы криптобиржалар ашылып, биткоинді кәдімгі ақшаға айырбастай бастағанда, оның нақты бағасы қалыптасты. Қызығушылық артқан сайын басқа да жобалар шығып, ауқымды цифрлық активтер нарығы пайда болды.

Қазір криптовалютамен сауда жасауға болады. Кейбір онлайн сервистер мен дүкендер тікелей криптовалютамен төлем қабылдай береді.

Цифрлық активтердің пайдасы мен қолданылуы

Әлем экономикасында криптовалюта бірнеше маңызды қызмет атқарады:

  • инвестиция құралы: адамдар ақшасын сақтап қалу немесе бағаның өсуінен пайда табу үшін криптовалюта сатып алады
  • халықаралық аударымдар
  • қаржы инфрақұрылымының негізі — криптовалюта негізінде криптобиржалар, активтерді сақтау сервистері, майнинг компаниялары мен заманауи қаржы- технология платформалары жұмыс істейді

Салық пен қолдану ережелері

Қазақстанда криптовалюта ресми төлем құралы болып саналмайды, яғни онымен дүкенде кәдімгі ақша сияқты есептесе алмайсыз. Бірақ одан тапқан табысқа салық төлеу керек: егер сіз криптовалютаны сатып, оның баға айырмашылығынан пайда көрсеңіз, сол соманың 10%-ын жеке табыс салығы ретінде төлеуіңіз керек.

Цифрлық активтермен жасалатын барлық іс-қимыл «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген лицензиясы бар ұйымдар арқылы бақыланады. Бұл орталықта арнайы құқықтық ережелер жұмыс істейді.

АХҚО аясында ресми криптобиржалар қызмет көрсетеді, тек сол жерде активтерді заңды түрде сатып алуға, сатуға немесе сақтауға болады. Ал бұл жүйеден тыс криптовалюта айналымына заңмен тыйым салынған және ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Биржалар әрбір клиентті тексеруге және ақшаны заңсыз айналымнан қорғау ережелерін сақтауға міндетті.

 

Криптовалюта әлі де күнделікті төлем құралына айналған жоқ. Оның бағасы тез құбылатындықтан, ел ішіндегі есеп айырысуларға қолдану ыңғайсыз. Сонымен қатар заң бойынша ол ресми ақша болып саналмайды. Сондықтан бүгінгі таңда криптовалюта — ең алдымен жаңа цифрлық жүйенің бір бөлігі. Дегенмен нарық тоқтап тұрған жоқ. Болашақта криптовалюта акция, облигация және басқа да қаржылық активтермен жасалатын сауда-саттықта кеңінен қолданылуы мүмкін.