Қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындарында темекі сату

Талаптарға сай жұмыс істеу жолы

Қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындарында темекі сату
Елена Степкина

Елена Степкина

таңбаланған өнімді сату тәртібін түсіндіріп берді

Темекіні бөлшек саудада сату үшін арнайы лицензия қажет емес. Алайда заң бойынша бірқатар талаптар мен шектеулер бар. Құжаттарды дұрыс рәсімдеу тәртібі мен сауданы заңға сай жүргізу жолдарын осы мақалада түсіндіреміз.

Шектеулер мен талаптар

Темекі өнімдерін балаларға арналған жерлерде сатуға болмайды. Бұл шектеу мектептер мен мәдениет үйлеріне қоса, балалар іс-шаралары өтетін кез келген орынға қолданылады.

Темекіні кәмелетке толмағандарға сатуға болмайды. Сатып алушының жасы кемiнде 21, ал сатушы кемiнде 18 жаста болуы тиiс. Жеке басты куәландыратын құжатты тексеру қажет.

Темекі өнімдерін келесі жағдайда сатуға болмайды:

  • қорапты ашып немесе даналап сату — тек зауыттық жабық қаптамада болуы керек
  • сауда автоматтары немесе өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелері арқылы — сату тек кассадағы қызметкер арқылы жүргізіледі
  • денсаулық сақтау, білім беру, спорт немесе көлікке қатысы бар нысандарда — яғни аурухана, мектеп, спорт кешендерінің аумағында және ғимараттарында
  • таңбалаусыз өнім — әр қаптамада DataMatrix форматындағы код болуы тиіс
  • сыйлық жиынтықтарында
  • ашық сөрелер мен витринаға қойылып жарнамалануы — өнім көзге көрінетін жерде болмауы тиіс

Темекі өнімдері туралы ақпарат тек атауы мен бағасы жазылған тізіммен беріледі. Мысалы, мәзірде суретсіз ұсынылады. Сондай-ақ мекемеде 21 жасқа толмағандарға темекі сатуға тыйым салынатыны және оның зияны туралы ескерту жазбасы ілінуі керек.

Сауда барысын ұйымдастыру

Темекі өнімін бөлшек саудада сату үшін электрондық шот-фактура жүйесі (ЭШФ АЖ) мен тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркелу қажет.

Тіркелгеннен соң 21 күн ішінде сатылым деректерін жүйеге жіберіп бастау керек. Оның үш тәсілі бар.

Сканер арқылы кодты оқу. DataMatrix форматындағы кодты оқитын арнайы сканерді қосуға болады. Ол ТТҚ АЖ-мен байланысып, сатылым деректерін автоматты түрде жібереді.

Құжат арқылы растау. Сканер болмаған жағдайда сатылым «Шығару туралы хабарлама» электрондық құжаты арқылы расталады.

Автоматты түрде айналымнан шығару. Егер қабылдау-тапсыру актісіне «Автоматты түрде айналымнан шығаруға келісемін» деген белгі қойылса, жүйе барлық топтаманы бірден сатылды деп тіркеп, айналымнан шығарады. Бұл тәсіл қалдықты жеке есептемей, өнімді түгел сатылды деп тіркейтіндер үшін ыңғайлы. Назар аударыңыз: мұндай жағдайда жүйе тауарды толық көлемде бірден сатылды деп белгілейді.

ТТҚ АЖ сайтында жүйемен жұмыс істеуге арналған мәтіндік және бейненұсқаулықтар бар. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда техникалық қолдау қызметіне жүгіну ұсынылады.

Темекі өнімі қоймаға түскен кезде әрбір топтамаға ілеспе жүкқұжат (ТІЖ) рәсімделуі қажет.

Кәсіпорын темекі сатуға арналған ЭҚЖЖ коды бұрын таңдап енгізген болса, оны өзгертудің қажеті жоқ. Егер жоқ болса, қосымша 47.26 — «Темекі бұйымдарының бөлшек саудасы» кодын енгізу керек.

Темекі өнімдерін сату үшін қосымша салық есептілігін тапсыру талап етілмейді.

Айыппұлдар

Темекі сату ережесін бұзған жағдайда айыппұл салынады:

  • өнімді ашық қою немесе көрсету — айыппұл мөлшері бизнес түріне қарай 120-дан 450 АЕК-ке дейін (2025 жылы 471 840 теңгеден 1 769 400 теңгеге дейін)
  • 21 жасқа толмаған тұлғаға сату — 15-тен 100 АЕК-ке дейін (2025 жылы 58 980 теңгеден 393 200 теңгеге дейін) айыппұл салынады
  • ТТҚ АЖ-ға мәліметтерді жібермей сату — 150-ден 500 АЕК-ке дейін (2025 жылы 589 800 теңгеден 1 966 000 теңгеге дейін) айыппұл, тауар тәркіленуі мүмкін

 

Темекі өнімдерін сату үшін арнайы лицензия қажет емес, бірақ оның белгілі бір ережелері бар. Ақпараттық жүйелерге тіркеліп, жасқа және орналасқан жерге қатысты шектеулерді сақтау қажет. Барлығын талаптарға сай ұйымдастырсаңыз, темекі сату бизнеске қауіп төндірмейді.