Криптовалюта түрлері

Коин және токен

Криптовалюта түрлері

Криптовалюта — бұл цифрлық актив. Ол блокчейн жүйесінің негізінде жұмыс істейді. Блокчейн — барлық төлемдер тіркелетін ортақ мәліметтер қоры. Деректер бір жерде емес, желідегі қатысушылардың барлығында бірдей сақталады. Криптовалютаны екі негізгі түрге бөлуге болады: коин және токен. Коин — белгілі бір блокчейннің жеке валютасы, ал токен — дайын блокчейндердің негізінде жасалатын цифрлық ақша. Криптовалютаның түріне қарай оны қаражатты сақтау құралы, халықаралық есеп айырысу тәсілі немесе цифрлық сервистерді іске қосуға арналған инфрақұрылым ретінде пайдалануға болады. Осы мақалада криптовалютаның негізгі түрлерін қарастырамыз.

Биткоин (BTC)

Бұл — 2009 жылы пайда болған ең алғашқы әрі ең ірі криптовалюта. Биткоин жеке Bitcoin блокчейнінде жұмыс істейді. Бұл жүйе банктер мен делдалдардың қатысуынсыз қауіпсіз төлем жасап, қаражатты сақтауға мүмкіндік береді. Желі жұмысын майнерлер деп аталатын қатысушылар қолдайды. Олар жүйенің жүктемесін бөліп, әлем бойынша тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Шығарылған биткоиннің саны шектеулі: бар болғаны 21 миллионнан аспайды. Демек шексіз шығарыла беретін дәстүрлі валютаға қарағанда, биткоинге инфляция қатты әсер етпейді. Сондықтан пайдаланушылар оны жиі «цифрлық алтын» деп те атайды және капиталды сақтау құралы ретінде қарастырады. Биткоин бағамы көптеген криптовалюталардың құны үшін негізгі бағдар боп саналады: егер биткоин бағасы төмендесе, бұл нарықтағы криптовалюталарға деген сенімнің азайғанын білдіруі мүмкін. 

Бизнес биткоинді әртүрлі мақсатта пайдалана алады: бос қаражатты бір валютада ұстамай, бір бөлігін биткоинге салу, ұзақ мерзімді актив ретінде сақтау немесе шетелдік серіктестерге банксіз тікелей ақша аудару.

Дегенмен бұл құралдың өз шектеулері бар:

  • биткоиннің құны бір күн ішінде ондаған пайызға өзгеруі мүмкін. Тұрақтылық пен ақша ағынының болжамдылығына мән беретін компаниялар мұны ескеруі қажет
  • кейбір елдерде мемлекеттік органдар биткоиннің ешкімге бағынбайтын сипатына байланысты онымен төлем жасауға тыйым салады немесе шектейді. Сондықтан оны цифрлық инвестиция ретінде қарастырған жөн

Биткоин — дербес желі әрі дербес актив екенін түсіну маңызды. Көптеген басқа криптовалюталарға қарағанда, ол қолданбалар мен токендерді іске қосуға арналмаған. Оның басты міндіет — цифрлық активті сақтау және бір қолданушыдан екіншісіне жіберу.

Биткоинді тек сенімді әрі тексерілген көздерден сатып алған жөн. Цифрлық активтердің мәнін толық түсінбеу және нарықтағы алаяқтық әрекеттер салдарынан іс жүзінде жоқ биткоинге инвестиция салу қаупі бар. 

Альткоин

Бұл — биткоиннен бөлек басқа барлық криптовалюталардың ортақ атауы. Оған әртүрлі коиндер мен токендер жатады.

Альткоиндердің бір бөлігінің өз блокчейні бар және олар дербес жүйе ретінде жұмыс істейді. Ал басқасы — токен — бұрыннан бар желілердің негізінде шығарылады. Мысалы, әзірлеушілер Ethereum желісінің ашық кодын пайдаланып, оны басқа қолданбаларды іске қосуға бейімдей алады.

Альткоиндер атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінеді:

  • қаражатты сақтау немесе аудару құралы: мысалы, лайткоин (LTC) төлемді жылдамырақ әрі арзанырақ жүргізуге арналған биткоиннің баламасы ретінде жасалған
  • цифрлық сервистерді іске қосуға арналған технологиялық платформа: мысалы, Ethereum желісінің негізінде түрлі орталықтандырылмаған қолданбалар мен жаңа токендер жасалады
  • нақты жобалардың ішкі құралы: белгілі бір платформа ішінде тауар мен қызметтер үшін төлем жасауға немесе артықшылықтар алуға арналған ішкі валюта. Мысалы, BNB токені Binance экожүйесінде қолданылады

Альткоинді бизнестің мақсатына байланысты таңдаған дұрыс: есеп айырысу, инвестиция, жеке токен шығару немесе цифрлық инфрақұрылым құру.

Ethereum (ETH)

Ethereum (Эфириум) желісі 2015 жылы іске қосылды. Бұл — өз блокчейніне негізделген орталықтандырылмаған есептеу платформасы. Биткоин негізінен төлем жасау жүйесі және капиталды сақтау құралы ретінде жасалса, Ethereum цифрлық сервистерді іске қосуға арналған әмбебап орта ретінде әзірленді. Бұл платформа алғаш рет дайын блокчейннің негізінде жаңа криптоактив жасауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде пайдаланушылар арасында еркін айналымға түсетін және биржаларда саудаланатын көптеген цифрлық ақша түрлері пайда болды.

Платформа смарт-келісімшарттар арқылы жұмыс істейді. Бұл — блокчейнде бекітілген, мәміле шарттарын автоматты түрде орындайтын бағдарламалық алгоритмдер. Осы технология орталықтандырылмаған қолданба мен қаржылық хаттама жасауға және токен шығаруға жол ашты.

Желінің ішкі валютасы — эфир (ETH). Ол жүйе ішінде төлем жасауға қолданылады әрі биржада еркін саудаланады. Биткоиннен айырмашылығы — эфирдің шығарылатын көлеміне қатысты белгіленген шекті мөлшер жоқ.

Токен

Токендер — бұл дайын блокчейн платформаларының негізінде жасалатын альткоиндер.

Олар мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді:

  • utility-tokens — нақты бір жоба немесе сервис аясында қолданылады. Мысалы, GALA токені Gala Games экожүйесінде ойын ішіндегі заттарды сатып алуға, қызметтерге қол жеткізуге және цифрлық ойындар экономикасына қатысуға пайдаланылады
  • тұрақты токендер немесе стейблкоиндер — бағасы нақты бір активке байланыстырылған (Ethereum блокчейніндегі USDC токені АҚШ долларына байланған)
  • басқару токендері — жобаны басқару ісіне араласуға құқық береді. Мұндай токен иелері жоба ережелерін өзгерту, платформаны жаңарту немесе жоба ішіндегі ресурстарды бөлу мәселелері бойынша дауыс бере алады. Бұл компания акцияларын ұстаушылардың басқару процесіне қатысуына ұқсас
  • real world assets — нақты активтердің (акция, облигация, жылжымайтын мүлік құқығы) цифрлық нұсқасы. Олар блокчейн арқылы іс жүзінде бар активтерге инвестиция салуға мүмкіндік береді.

Стейблкоин

Бұл — бағамы тұрақты криптовалюта. Ол АҚШ доллары, еуро, алтын немесе басқа да нақты активтерге байланған.

Стейблкоиннің бағасы іс жүзінде айтарлықтай өзгермейді, бұл — бизнес үшін басты артықшылықтардың бірі. Қарапайым криптовалюталар бірнеше сағат ішінде қатты қымбаттап немесе арзандап кете алса, стейблкоиндерде мұндай құбылыс болмайды. Сондықтан мәміле жасасу кезінде «бір сомаға келісіп, кейін мүлдем басқа сома алу» қаупі төмендейді. Оларды көбіне халықаралық есеп айырысу, криптонарыққа қаражат салу немесе шығару, сондай-ақ нарықтағы тұрақсыздық кезінде капиталды уақытша сақтау үшін қолданады.

Стейблкоиндердің көбі жеке блокчейнде емес, бұрыннан бар желілердің негізінде шығарылады. Сондықтан стейблкоин мен стейблтокен ұғымдарын көбіне бірдей деп қарастыруға болады.

Стейблкоин түрлері

Стейблкоиндер оның нақты қорын қамтамасыз ету тетіктеріне қарай екі түрге бөлінеді.

Қамтамасыз етілген (алгоритмдік емес). Мұндай стейблкоин нақты активтермен бекітілген. Оларды эмитент-компания шығарып, айналымдағы стейблкоин санына сәйкес келетін мөлшерде нақты активтерді өз қорында сақтайды. Көбіне бұл — АҚШ доллары немесе қазынашылық облигациялар. 

Мысалы, АҚШ долларына байланған танымал стейблкоиндер:

  • Tether (USDT) — Tether Limited компаниясы шығарады. Стейблкоин нарығынындағы ең үлкен үлеске ие
  • USD Coin (USDC) — Circle компаниясы Coinbase биржасының қатысуымен шығарады

Алгоритмдік стейблкоиндер. Мұндай жобаларда бағаны тұрақты ұстау нақты активтер арқылы емес, арнайы бағдарламалық тетіктер арқылы жүзеге асады. Стейблкоиннің бағасы смарт-келісімшарттар мен айналымдағы эмиссия көлемін басқару арқылы тұрақтандырылады.

Алайда алгоритмік стейблкоиндер тұрақсыз болып саналады. Мысалы, 2022 жылы Terra жобасының TerraUSD алгоритмдік стейблкоині АҚШ долларына бекітілген бағамын жоғалтып, нарық қатысушыларына миллиардтаған шығын әкелді.

Қауіп-қатерлер

Стейблкоиндер салыстырмалы түрде тұрақты болса да, олар белгілі қауіп-қатерлерге ие:

  • егер эмитент-компанияның қорында активтер жеткіліксіз екені анықталса немесе ол қаржылық қиындықтарға тап болса, нарық қатысушылары қаражатын шығара бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда токен АҚШ долларына бекітілген бағамын уақытша немесе толық жоғалтуы ықтимал 
  • стейблкоиндерді нақты компаниялар шығарады, сондықтан олар өз елінің заңдарына бағынуға міндетті. Реттеуші органдардың талабымен жекелеген операциялар немесе әмияндар бұғатталуы мүмкін. Әсіресе шетелдік серіктестермен жұмыс істейтін бизнес үшін қаражаттың уақытша қолжетімсіз болып қалу ықтималдығы бар.

 

Криптовалюта — мақсатына қарай әртүрлі қызмет атқаратын құрал. Бір түрі капитал сақтауға қолайлы болса, екіншісі есеп айырысуға, ал үшіншісі жеке цифрлық сервистерді іске қосуға арналған. Әдетте биткоинді ұзақ мерзімді актив ретінде қарастырса, альткоиндер мен токендер жаңа өнімдер мен экожүйелердің технологиялық негізі ретінде пайдаланады. Сондықтан кәсіпкер үшін ең маңыздысы — нақты міндетке сәйкес келетін дұрыс құралды таңдау.