Бірыңғай QR коды

Қазақстандағы банкаралық төлем жүйесінің жұмыс тәртібі

Бірыңғай QR коды

2026 жылғы 19 шілдеден бастап кез келген банктің клиенті басқа банктің терминалындағы QR коды арқылы тауар не қызмет ақысын төлей алады. Осы мақалада төлем инфрақұрылымындағы өзгерістерді талдап береміз.

Бірыңғай QR не үшін қажет

Қазақстандықтар үшін QR арқылы төлем жасау әдеттегі құбылысқа айналды. Алайда әр банктің өз талаптарына негізделген жеке QR коды болды. Бір банктің қолданбасы арқылы басқа банктің POS терминалындағы QR кодын сканерлеу мүмкін емес еді.

Сол себептен клиенттер бірнеше карта алып жүруге, әртүрлі банктердің қолданбаларын жүктеуге немесе ақшаны бір картадан екіншісіне аударуға мәжбүр болды. Ал кәсіпкерлер бірнеше банктің терминалын орнатты. Олар әр құрылғы үшін абоненттік ақы төлеп, әр төлемнен бөлек тариф бойынша комиссия шығындап отырды.

Бірыңғай QR кодының мақсаты — бизнес пен клиенттерге қосымша құрылғыны, қолданбаны немесе артық шығынды қажет етпейтін, барлық банктің жүйесінде жұмыс істейтін ортақ төлем құралын ұсыну.

Жүйені іске қосатын және реттейтін ұйым

Бірыңғай QR коды жүйесінің жұмысына ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы (ҰТК) жауапты. Қазір бұл ұйым Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін (БМТЖ) басқарады. Осы жүйенің негізінде 2024 жылдан бастап басқа банктің клиентіне телефон нөмірі арқылы ақша аудару мүмкіндігі пайда болды. Бірыңғай QR — осы инфрақұрылымды дамытудағы келесі қадам.

Сервис халықаралық ISO 20022 стандартына сай жұмыс істейді. Барлық транзакция ҰТК арқылы өңделіп, Ұлттық банкпен өзара байланысады. Осылайша төлемдер бірыңғай ережелер бойынша жүргізіліп, жүйенің жұмысы ашық әрі бақылауға қолжетімді болады.

Екінші деңгейлі банктердің барлығы QR жүйесіне 2026 жылғы 18 шілдеге дейін қосылуға тиіс.

Жұмыс тәртібі

Бірыңғай QR — ортақ төлем арнасы. Ол банк өнімдерін алмастырмайды, тек әртүрлі банк экожүйелері арасындағы шектеулерді жояды. Бұған дейін картамен төлем жасағанда ақша сатып алушының банкінен халықаралық төлем жүйелері (Visa, Mastercard) арқылы өтіп, кейін сатушының банкіне түсетін. Бұл тізбектегі әр қатысушы өз комиссиясын алатын.

Бірыңғай QR осы тізбектен халықаралық төлем жүйелерін алып тастайды. Нәтижесінде қаражат сатып алушыдан ҰТК арқылы тікелей эквайер-банк пен сатушыға жеткізіліп, ел ішіндегі инфрақұрылым арқылы өңделеді.

Мысалы, А банкінің клиенті Б банкінің терминалы орнатылған дүкенге келді делік. Бұрын клиент дүкендегі QR коды арқылы төлем жасай алмайтын. Енді ол А банкінің қолданбасы арқылы бірыңғай QR кодын сканерлеп, төлемді еш кедергісіз жүргізе алады. Транзакция үшін комиссияны А банкі мен ҰТК алады, ал қалған қаражат сатушының шотына түседі.

Маңызды жайт: бірыңғай QR карта эквайрингінің орнын баспайды, ол қолданыстағы төлем тәсілдерімен қатар жұмыс істейді.

Кәсіпкерлер үшін өзгерістер

Қазір кәсіпкерлер әртүрлі банктердің бірнеше POS терминалын орнатуға мәжбүр. Себебі әр банктің эквайринг үшін комиссиясы әртүрлі. Мысалы, сатып алушы А банкінің картасымен Б банкінің терминалы арқылы төлем жасаса, комиссия 2% болуы мүмкін, ал А банкінің терминалы арқылы төлесе — 1,5%.

Бірыңғай QR коды енгізілгеннен кейін кәсіпкерлер барлық банктің клиенттеріне бір ғана терминал арқылы қызмет көрсете алады. ҰТК әр төлемнен тұрақты 0,1% мөлшерінде комиссия алады. Ал банктер комиссиясын дербес белгілейді, бірақ ол клиенттің қай банктің картасын пайдаланатынына қарамастан, бәріне бірдей қолданылады.

Бірыңғай QR кәсіпкерлерге мынадай артықшылық береді:

  • бірнеше құрылғының орнына бір терминал қолдану — кез келген банктің клиентінен төлем қабылдау үшін тек бір POS терминалы жеткілікті
  • абоненттік шығынды азайту — бірнеше терминал үшін әр банкке бөлек ақы төлеудің қажеті болмайды

Сатып алушылар үшін өзгерістер

Бірыңғай QR кодының арқасында сатып алушылар қай банктің терминалы орнатылғанына қарамастан, төлемді өз банкінің қолданбасы арқылы жасай алады. Демек бірнеше карта алып жүру, түрлі банктердің қолданбаларын орнату немесе төлем жасау үшін қолма-қол ақша алу қажет емес.

Қазақстандағы барлық екінші деңгейлі банктер 2026 жылғы 19 шілдеге дейін бірыңғай QR жүйесіне қосылуға міндетті. Басқа ұйымдар бұл жүйеге ерікті түрде қосыла алады. Бірыңғай QR қолма-қол ақшасыз төлемнің ортақ стандартына айналады: сатып алушы кез келген банктің қолданбасы арқылы төлем жасайды. Ал бизнес бір ғана терминалмен барлық банктің клиентінен төлем қабылдай алады.