2026 жылы салық органы шын табысыңызды қалай есептейді
Табыс мөлшерін есептеудің жанама әдісі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қаржы министрлігінің жеке тұлғалар табысын жанама әдіспен айқындау туралы бұйрығы шығады. Біз Дмитрий Казанцевпен әңгімелесіп, келе жатқан өзгерістер бәрімізге әсер ететінін анықтадық.
Өзгеріс себептері
Бұл реформа бірден екі мақсатты көздейді:
- Қарапайым халықтың жасырын табысын көру.
- Кәсіпкер ретінде тіркелмей бизнеспен айналысып жүргендерді анықтау.
Дмитрий Казанцев мұны былай деп түсіндірді:
«Салық органы енді сіздің нақты жұмсаған ақшаңызды ресми табысыңызбен салыстырады. Мұны салық есебін тапсырсаңыз да, тапсырмасаңыз да, бәрібір көреді. Цифрлық жүйе қазір бәрін байқап отыр».
Салық органы нені қарайды
Тұтыну деңгейін көрсететін барлық шығыныңызды қарайды:
- сатып алған көлік пен жылжымайтын мүлік
- емделуге және саяхаттауға жұмсалған ақша
- құнды қағаздар мен сақтандыруға байланысты операциялар
- кез келген ірі сома
Сарапшының айтуынша:
«Ақшаны қалай жұмсасаңыз да, ізі қалады. Жүйе төлемдеріңіз бен ресми табысыңызды көре отырып, екеуін салыстырады».
Егер ресми түскен табыс (жалақы, дивиденд, ЖК табысы) жұмсалған ақшаға тең болса, ешкім сұрақ қоймайды. Теңеспесе, салық органы артық соманы жасырын табыс деп, салық төлеткізеді.
Шығын көлемі табыс мөлшерінен асып кеткен жағдайда
Ең қиыны сонда басталады:
- бәрін декларациялау қажет болады
- салық органы картадағы ақша қозғалысын көруді сұрауы мүмкін
- жөнді жауап болмаса, жеке тұлға ретінде салық төлеткізеді (10%) немесе кәсіпкер ретінде қосымша есеп тапсыртқызады
«Екі сома теңеспесе, салықшылар сұрақ қоя бастайды. Ал картаға түскен табысты көрсет десе, бұдан жалтара алмайсыз», – дейді сарапшы.
«Қолма-қол ақшаға көшіп» құтылуға болмайды
Жұрт қолма-қол ақшаға ауысу жолын талқылап жатса, Дмитрий Казанцев бұл тәсіл көмектеспейді дейді:
«Цифрлық бақылау жүйесі толық жұмыс істейді. Біреу қолма-қол ақшалай төлем қабылдаса да, бұл ақша бір күні пәтерге, емделуге, саяхатқа жұмсалады. Жұмсалған ақша қалай болса да байқалады».
Қолма-қол ақша тек күнделікті тіршілікте жұмсауға ыңғайлы: қазір тауып, қазір азық-түлік сатып алсаңыз дегендей. Ірі төлемдер бір күні бәрібір көрініп қалады.
Бәріміз ескеруге тиіс жайттар
- табыс пен шығынды өзіміз есептейік
- өткен жылдары төлеген ірі сомаларды тексеріп, түсіндіре білейік
- табыс пен шығын айырмасын адам емес, цифрлық алгоритм анықтайтынын ескеріп отырайық
Бәрі бұрынғыдай болады деп үміттену бос әуре. Декларациялау автоматты түрде өтеді, сондықтан ақша қайдан келгенін көрсетуге дайын болу керек.