Қазақстанда майнингпен айналысқанда қандай салық төлеу керек
Декларация тапсыру, төлем тәртібі мен мерзімдері

Мақаланың мазмұны
Криптовалюта майнингі де кез келген кәсіпкерлік қызмет сияқты салық төлеуге міндеттейді. Майнерлер қандай салық төлеуі керек және есептілікті қашан тапсыратынын түсіндіреміз.
Фактчекинг үшін Дмитрий Казанцевке алғыс білдіреміз.
Цифрлық майнинг ақысы деген не
Цифрлық майнинг ақысы — майнер криптовалюта өндіру үшін пайдаланатын электр энергиясы үшін мемлекет бюджетіне төленетін міндетті төлем.
Яғни мемлекет өндірілген әрбір монета үшін белгіленген тұрақты соманы алмайды. Төлемді есептеу үшін майнинг кезінде тұтынылған электр энергиясының нақты көлемі негізге алынады.
Кім төлеуге міндетті
Төлемді криптовалюта өндірумен, яғни майнингпен айналысатын тұлғалар төлейді. Олар жеке кәсіпкер немесе ЖШС болуы мүмкін. 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді, ал цифрлық майнинг үшін төлем 657-661 баптармен реттеледі.
Қанша төлеу керек
Формула қарапайым:
Цифрлық майнинг үшін төлем = Нақты тұтынылған электр энергиясы × Мөлшерлеме.
2026 жылы базалық мөлшерлеме тұтынылған 1 кВт-сағ электр энергиясы үшін 2 теңгені құрайды.
Мысалы, егер жабдық бір тоқсан ішінде 100 000 кВт-сағ электр энергиясын тұтынса, ал мөлшерлеме 1 кВт-сағ үшін 2 теңге болса, төлем мөлшері:
100 000 × 2 = 200 000 теңге.
Сондай-ақ жеңілдетілген мөлшерлеме бар — 1 кВт-сағ үшін 1 теңге. Ол Қазақстандағы өз электр станцияларында өндірілген жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) алынған немесе Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне (БЭЖ) қосылмаған генерациялау қондырғылары өндірген электр энергиясы пайдаланылған жағдайда қолданылады.
Айыппұл мөлшерлемесі — 25 теңге. Ол цифрлық майнингке арналған лицензия болмаған жағдайда, электр энергиясын тұтынуды бақылауға арналған есепке алу құрылғылары болмаған немесе олар істен шыққан жағдайда қолданылады.
Осылайша:
| Электр энергиясы | Төлем мөлшерлемесі |
|---|---|
| Кәдімгі электр энергиясы | 2 т/кВт-сағ |
| Меншікті ЖЭК көздерінен немесе БЭЖ-ге қосылмаған қондырғылардан алынатын электр энергиясы | 1 т/кВт-сағ |
| Лицензиясы немесе жарамды бақылау-өлшеу құралдары болмаған жағдайда | 25 т/кВт-сағ |
Декларация тапсыру және төлем жасау тәртібі
Есептілік нысаны — 880.00 «Цифрлық майнинг үшін төлем бойынша декларация». Салық есептілігінің нысаны жаңа Салық төлеушінің кабинетінде қолжетімді.
Цифрлық майнинг үшін төлем тоқсан сайын есептеледі.
Цифрлық майнинг үшін төлем бойынша декларацияны есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей, ал төлемді екінші айдың 25-інен кешіктірмей аудару қажет.
2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша декларацияны 15 мамырға дейін, ал төлемді 25 мамырға дейін аудару қажет болды.
Екінші тоқсан бойынша:
- декларация — 15 тамызға дейін
- төлем — 25 тамызға дейін
Үшінші тоқсан бойынша:
- декларация — 15 қарашаға дейін
- төлем — 25 қарашаға дейін
Төртінші тоқсан бойынша:
- декларация — 2027 жылғы 15 ақпанға дейін
- төлем — 2027 жылғы 25 ақпанға дейін
ҚҚС
Салық төлеуші тіркеу талаптарына жатпайтын болса, цифрлық активтерді өткізу бойынша операциялар ҚҚС-тан босатылады.
Майнинг — криптовалюта өндіру болып табылады, ал Қазақстанда криптовалюта цифрлық актив болып саналатындықтан, криптовалютаны өткізу ҚҚС-сыз жүзеге асырылады.
Алайда криптовалютаның құны оны сатып алған сәттен бастап өскен болса, табыс салығын төлеу қажет болады.
Табыс салығы
Егер компания майнингпен айналысса, оның табысына корпоративтік табыс салығы (КТС) салынады, ал салық мөлшерлемесі салық салу режиміне байланысты.
Егер майнингпен жеке кәсіпкер айналысса, ол жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді, ал салық мөлшері салық салу режиміне байланысты есептеледі.
Бұл ретте цифрлық майнинг үшін төлем мен табыс салығын шатастырмау маңызды. Майнинг үшін төлем майнингке пайдаланылған электр энергиясының көлеміне қарай есептеледі, ал табыс салығы салық төлеушінің табысына байланысты.