2026 жылғы оңайлатылған режимдегі ЖШС-ның салық міндеттемелері
Негізгі төлем мен есеп тапсыруға қойылатын талаптар

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Сол себепті салық төлеу тәртібі мен есеп жүргізу талаптары өзгерді. Осы мақалада оңайлатылған режимдегі ЖШС-ның салық міндеттемелері мен есеп тапсыру тәртібін анықтаймыз.
Негізгі салықтар
Оңайлатылған режимдегі ЖШС табысының 4%-ын корпоративтік табыс салығы (КТС) ретінде төлейді. Алайда салық мөлшерлемесі өңірге қарай 2%-дан 6%-ға дейін өзгеруі мүмкін. Сондықтан жергілікті әкімдіктен нақтылап алған жөн. Оңалайтылған режимдегі ЖШС әлеуметтік салық төлемейді.
КТС тек табыстан есептеледі, шығын есепке алынбайды. Салық жүктемесін азайту үшін еңбекақы қорына байланысты жеңілдіктерді қолдануға болады, олар туралы төменде толығырақ айтып береміз.
Оңайлатылған режимдегі ЖШС үшін жылдық табыс шегі — 600 000 АЕК (2026 жылы 2 595 000 000 теңге).
Міндетті төлем түрлері
Қызметкер үшін ай сайынғы төлемдер
Міндетті жарналардың бір бөлігі қызметкердің еңбекақысынан ұсталады, ал қалғанын ЖШС жұмыс беруші ретінде қосымша төлейді. ЖШС-ның құрылтайшысы да компания қызметкері болып саналады. Қызметкерлер үшін ай сайынғы төлемдерге мыналар жатады:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%
- ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 3,5%
- ӘА — әлеуметтік аударымдар: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
- МӘМС — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: еңбекақы × 3%
- МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: еңбекақы × 2%
- Қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ) × 10%
Қызметкер еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны ай сайын 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) мөлшеріндегі салық шегерімі арқылы азайтуға болады. Ол үшін қызметкер өтініш беруі қажет. Егер қызметкер бірнеше жерде жұмыс істесе, бұл шегерім тек бір жұмыс орнында қолданылады.
Егер қызметкер төмендегі санаттардың біріне жатса, оған жылдық әлеуметтік салық шегерімін қолдануға болады:
- I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін — 5 000 АЕК (2026 жылы 21 625 000 теңге)
- III топтағы мүгедектігі бар тұлғалар үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)
- мүгедектігі бар баланың ата-анасы, қамқоршысы немесе заңды өкілі үшін — 882 АЕК (2026 жылы 3 814 650 теңге)
Егер қызметкер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істесе, оның еңбекақысынан есептелетін ЖТС-ны әлеуметтік аударымдар сомасына азайтуға болады: (еңбекақы – МЗЖ – салық шегерімі – МӘМСЖ – ӘА) × 10%
Қызметкердің жылдық табысы 8 500 АЕК-тен (2026 жылы 36 762 500 теңгеден) асса, артық сомаға ЖТС 15% мөлшерлемемен есептеледі.
Қызметкер үшін ай сайынғы төлем есебінің үлгісі
Қызметкердің еңбекақысы 200 000 теңге құрайды делік.
Қызметкер есебінен
МЗЖ: еңбекақы × 10%
200 000 × 10% = 20 000 теңге
қызметкер үшін төленетін МӘМСЖ: еңбекақы × 2%
200 000 × 2% = 4 000 теңге
қызметкер еңбекақысынан төленетін ЖТС: (еңбекақы − МЗЖ − 30 АЕК (шегерім) – МӘМСЖ) × 10%
(200 000 – 20 000 – 30 × 4 325 – 4 000) × 10% = 4 625 теңге
Жұмыс беруші есебінен
ЖМЗЖ: еңбекақы × 3,5%
200 000 × 3,5% = 7 000 теңге
МӘМС: еңбекақы × 3%
200 000 × 3% = 6 000 теңге
ӘА: (еңбекақы – МЗЖ) × 5%
(200 000 – 20 000) × 5% = 9 000 теңге
Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 171 375 теңге алады. Ал жұмыс беруші қосымша 22 000 теңге міндетті аударым төлейді.
Салық төлеу мерзімі: ай сайын, келесі айдың 25-іне дейін.
Бірыңғай төлемді қолдану тәртібі
Оңайлатылған режимдегі микро және шағын бизнес кәсіпкерлері қызметкерлерінің еңбекақысынан бірыңғай төлем (БТ) төлеу мүмкіндігіне ие. Бұл төлемнің құрамына барлық міндетті салықтар мен аударымдар кіреді.
Бірыңғай төлемді бейрезидент қызметкерлерге қолдануға болмайды.
Қызметкер еңбекақысынан аударымдарды төлеу тәсілін салық кезеңі (жарты жыл) ішінде өзгертуге болмайды.
Қызметкер үшін ай сайынғы төлем есебінің үлгісі
Қызметкердің еңбекақысы 200 000 теңге құрайды делік.
БТ-ның жалпы мөлшері: еңбекақы × БТ мөлшерлемесі
200 000 × 24,8% = 49 600 теңге
Бұл сомаға барлық міндетті төлемдер кіреді.
Салық төлеу мерзімі: ай сайын, келесі айдың 25-іне дейін.
Қызметкер есебінен
МЗЖ: БТ-ның жалпы мөлшері × БТ құрамындағы МЗЖ мөлшерлемесі
49 600 × 40,3% = 19 988,8 теңге
МӘМСЖ: БТ-ның жалпы мөлшері × БТ құрамындағы МӘМСЖ мөлшерлемесі
49 600 × 8,1% = 4 017,6 теңге
ЖТС: БТ-ның жалпы мөлшері × БТ құрамындағы ЖТС мөлшерлемесі
49 600 × 7,3% = 3 620,8 теңге
Жұмыс беруші есебінен
ЖМЗЖ: БТ-ның жалпы мөлшері × БТ құрамындағы ЖМЗЖ мөлшерлемесі
49 600 × 14,1% = 6 993,6 теңге
МӘМС: БТ-ның жалпы мөлшері × БТ құрамындағы МӘМС мөлшерлемесі
49 600 × 12,1% = 6 001,6 теңге
ӘА: БТ-ның жалпы мөлшері × БТ құрамындағы ӘА мөлшерлемесі
49 600 × 18,1% = 8 977,6 теңге
Қызметкер еңбекақысының нақты мөлшері 200 000 теңге болса, қолына ол 172 372,8 теңге алады. Ал жұмыс беруші қосымша 21 972,8 теңге міндетті аударым төлейді.
Қызметкер әлеуметтік төлемдер бойынша жеңілдіктерге ие болса, жұмыс беруші үшін бірыңғай төлем мөлшері азаяды. Қызметкер үшін МӘМС жарнасы мемлекет есебінен төленсе, БТ-ның сомасы соған сәйкес төмендетіледі.
Мұндай жағдайда бірыңғай төлемнің жалпы мөлшерінен қызметкер босатылған әлеуметтік төлемдердің үлесі ғана шегеріледі.
Есеп тапсыру тәртібі
910.00 нысан бойынша оңайлатылған декларацияда ЖШС айналымын және қызметкер үшін төленетін салықтар мен міндетті төлемдерді көрсетеді. Компания КТС-ны жарты жылдың ішіндегі барлық айналымынан есептейді. Бұл есепті ЖШС әр жарты жыл сайын беруге тиіс. Бірақ ол ЖШС тіркелген уақыттан жарты жыл өткенде емес, арнайы белгіленген мерзімдерде тапсырылады:
- I жарты жыл үшін — 1 шілдеден 15 тамызға дейін
- II жарты жыл үшін — 1 қаңтардан 15 ақпанға дейін
Егер ЖШС-ны желтоқсанда тіркесеңіз, келер қаңтар айында екінші жарты жыл үшін есеп беруге міндетті боласыз.
Салық төлеу мерзімі: жарты жыл сайын — I жарты жыл үшін 25 тамызға дейін, II жарты жыл үшін — келесі жылғы 25 ақпанға дейін.
Есеп салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн тапсырылады.
Қосылған құн салығы
ЖШС импорттан немесе бейрезиденттермен жұмыс істегеннен түскен табысқа 16% мөлшерінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге міндетті. Басқа жағдайларда, тіпті табыс 10 000 АЕК-тен (2026 жылы 43 250 000 теңгеден) асса да, оңайлатылған режимдегі ЖШС ҚҚС-ны төлемейді.
ҚҚС бойынша 300.00 нысанындағы декларацияны компания тоқсан сайын толтырып, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-іне дейін тапсырады. Мысалы, 2026 жылғы III тоқсан (шілде – қыркүйек) бойынша декларацияны 2026 жылғы 15 қарашаға дейін тапсыру керек.
Салықты әр тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-іне дейін төлеу керек. Мысалы, 2026 жылғы III тоқсан (шілде – қыркүйек) үшін — 2026 жылғы 25 қарашаға дейін төленеді.
Импорт кезінде қосымша 328.00 нысан бойынша өтініш әр айда, тауар енгізілген айдан кейінгі айдың соңына дейін тапсырылады. Мысалы, тауар 2026 жылғы қарашада әкелінсе, өтініш беру және ҚҚС төлеу мерзімі — 2026 жылғы 20 желтоқсанға дейін.
Басқа салықтар
Егер ЖШС меншігінде коммерциялы мүлік, жер немесе көлік болса, олар үшін тиісті салық төлеу қажет.
Салықтан бөлек өзгерістер
Шегерім қолдану тәртібі
ЖШС-ның жылдық табысы 24 000 АЕК-тен (2026 жылы 103 800 000 теңгеден) асса, қызметкерлеріне төленген еңбекақы мен аударымдарды шығын ретінде шегеріп, салық салынатын табысты азайта алады. Бұл шегерім тек 24 000 АЕК шегінен асқаннан кейін пайда болған шығынға қолданылады.
Мысалы, ЖШС-ның жылдық табысы 30 000 АЕК болса, салық былай есептеледі:
4% ЖТС = 1 200 АЕК
Бірақ 24 000 АЕК шегіне жеткенге дейін салық барлық табысқа есептеледі. Шектен асқаннан кейін ЖШС қызметкерлеріне төленген еңбекақы мен аударымдарды есепке ала алады.
Компанияның табысы қазанда шектен асып кетіп, қарашада қызметкерлер үшін 900 АЕК еңбекақы мен аударымдар төленді. Мұндай жағдайда шегерім тек асып кеткен табыс сомасына қолданылады:
30 000 АЕК – 24 000 АЕК = 6 000 АЕК
6 000 АЕК – 900 АЕК = 5 100 АЕК
Осылайша салық мөлшері де азаяды.
Шектен аспаған табыс үшін: 24 000 × 4% = 960 АЕК
Шектен асқан табыс үшін (шегерім қолданылғаннан кейін): 5 100 × 4% = 204 АЕК
Нәтижесінде ЖШС 1 200 АЕК-тің орнына 1 164 АЕК мөлшерінде салық төлейді.
Оңайлатылған режимдегі ЖШС негізгі салық ретінде КТС-ны төлейді, ал әлеуметтік салықты төлемейді. КТС мөлшерлемесі кірістің 4%-ын құрайды, алайда өңірге байланысты ол 2–6% аралығында өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге ЖШС үшін ҚҚС төлеу тәртібі мен салық салынатын кіріске арнайы шегерімдерді қолдану қағидалары жаңартылды.