2026 жылы бизнес дамытуға субсидия алу тәртібі

Мемлекеттен қаржылық қолдау алу барысы

2026 жылы бизнес дамытуға субсидия алу тәртібі

Субсидия — бұл мемлекеттік бюджеттен немесе арнайы қорлардан өтеусіз берілетін қаржылай көмек. Кәсіпкер субсидия ретінде алған қаражатты тек белгілі мақсаттарға жұмсауы керек. Субсидия бойынша кәсіпкер белгіленген мерзімде орындауға тиіс міндеттемелер бар. Егер кәсіпкер өз міндеттемелерін орындамаса, субсидиядан айырылып, алған қаражатты қайтаруға міндетті. Осы мақалада субсидия түрлері мен оларды алу тәртібін қарастырамыз.

Субсидия түрлері мен қаржыландыру бағыттары

Субсидияның мынадай түрлері бар:

  • тікелей — белгілі салаларға, жобаларға немесе азаматтардың жекелеген санаттарына гранттар мен басқа да қаржылай көмек
  • жанама — салық бойынша шегерімдер, несиені жеңілдетілген мөлшерлемемен беру, инвестициялар мен кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыратын басқа да құралдар

Көбісі жанама субсидия арқылы несие бойынша пайыз мөлшерлемесін төмендетеді. Мысалы, кәсіпкер несиені жылдық 20%-бен алса, тек 10%-ын төлейді. Қалғанын мемлекет субсидия ретінде төлейді. «Даму» қорының бағдарламалары бойынша кәсіпкерлер субсидия арқылы мөлшерлеменің бір бөлігін төлейді.

Сонымен қатар кәсіпкер бизнесіне арналған жабдыққа жұмсаған шығынның бір бөлігін мемлекет арқылы қайтара алады. Ең бастысы, бұл шығын кәсіпкерлік қызметпен байланысты болуы керек.

Субсидиядан бөлек, мемлекет кәсіпкерге несие алу кезінде кепілдік ұсына алады. Егер бизнестің кепілі жеткіліксіз болса, мемлекеттік қор банк алдында кепіл бола алады.

Субсидияны пайдалану мақсаттары

  • инвестицияға байланысты мақсаттар — бизнесті дамыту, негізгі құралдарды (мысалы, жылжымайтын мүлік пен жабдықты) сатып алу немесе жаңарту, жұмыс істеуге қажет жағдай жасау үшін
  • айналым қаражатын толықтыру (АҚЖ) — еңбекақы, жалға алу ақысы мен салық төлеу, тауар сатып алу, жеткізушілермен есеп айырысу үшін

Шағын бизнеске арналған субсидия

Осы бағдарлама бойынша субсидия берілетін экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізімін «Басым салалар» тармағынан көруге болады.

Субсидияны бизнестің дамуына және айналым қаражатын толықтыру үшін алуға болады. Бұл бағдарлама несие бойынша пайыз мөлшерлемесін төмендетуге бағытталған.

Бағадарламаға әлеуметтік саладағы кәсіпкерлер, микро және шағын бизнес қатыса алады.

Ең жоғары несие сомасы — 200 млн теңге.

Субсидиялау мерзімі — 3 жылға дейін.

Несие бойынша пайыз мөлшерлемесі осылайша қалыптасады: ҚР Ұлттық Банк белгілеген негізгі мөлшерлеме + 4%. Бұл мөлшерлеменің 40%-ын мемлекет өтейді, қалған бөлігін кәсіпкер төлейді.

Мысал қарастырайық. Ұлттық Банк белгілеген мөлшерлеме — 18%. Кәсіпкерге банк мынадай мөлшерлемемен несие береді:

18% + 4% = 22% — шарт бойынша номиналды жылдық мөлшерлеме.

Мемлекет номиналды мөлшерлеменің 40%-ын субсидия арқылы өтейді: 22% × 0,4 = 8,8%.

Демек, кәсіпкер несиені 22% орнына 13,2% мөлшерлемемен өтейді. Қалған бөлігін мемлекет субсидия арқылы өтейді. Алайда бағдарлама аясында кәсіпкер өтейтін жылдық мөлшерлеменің ең төменгі шегі белгіленеді:

  • шағын бизнес үшін кемінде 12,3%
  • әлеуметтік кәсіпкерлер үшін кемінде 11,3%

Егер формула бойынша есептелген пайыз осы шектен төмен болса, қарыз алушы несиені белгіленген мөлшерлемемен төлейді.

Ай сайынғы төлем сомасын және субсидия арқылы қанша үнемдеуге болатынын арнайы калькулятор арқылы есептей аласыз.

Орындалуы керек міндеттемелер: кәсіпкер субсидия алғаннан кейін екі қаржы жылы өткен соң төлейтін салық сомасы мен жұмыс орындарының санын кемінде 10%-ға ұлғайтуға тиіс.

Сауда саласындағы бизнеске арналған субсидия

Iшкi сауданы жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Осы бағдарлама бойынша субсидия берілетін экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізімін «Басым салалар» тармағынан көруге болады.

Субсидияны бизнестің дамуына және айналым қаражатын толықтыру үшін алуға болады. Бұл бағдарлама несие бойынша пайыз мөлшерлемесін төмендетуге бағытталған.

Ең жоғары несие сомасы:

  • облыстық маңызы бар қалалардағы жобалар үшін — 3 млрд теңге
  • моно және шағын қалалар, ауылдық аймақтардағы жобалар үшін — 1,5 млрд теңге

Субсидиялау мерзімі:

  • инвестицияға байланысты мақсаттарға — 5 жылға дейін
  • айналым қаражатын толықтыруға — 3 жылға дейін

Несие бойынша пайыз мөлшерлемесі осылайша қалыптасады: ҚР Ұлттық Банк белгілеген негізгі мөлшерлеме + 5%. Бұл мөлшерлеменің 10,75%-ын мемлекет өтейді, қалған бөлігін кәсіпкер төлейді.

Мысал қарастырайық. Ұлттық Банк белгілеген мөлшерлеме — 18%. Кәсіпкерге банк мынадай мөлшерлемемен несие береді:

18% + 5% = 23% — шарт бойынша номиналды жылдық мөлшерлеме.

Мемлекет номиналды мөлшерлеменің 10,75%-ын субсидия арқылы өтейді: 23% × 0,1075 = 2,47%.

Демек, кәсіпкер несиені 23% орнына 20,53% мөлшерлемемен өтейді. Қалған бөлігін мемлекет субсидия арқылы өтейді. 

Ай сайынғы төлем сомасын және субсидия арқылы қанша үнемдеуге болатынын арнайы калькулятор арқылы есептей аласыз.

Егер несие сомасы 500 млн теңгеден асса, компания субсидиялау кезеңінде дивиденд төлей алмайды — қаражатты тек бизнестің дамуына жұмсау керек.

Бұл бағдарламаға сауда, ойын-сауық орталықтары, елордада және республика маңызы бар қалалардағы жобалар қатыса алмайды. Бағдарлама бойынша алынған несиені қайта қаржыландыруға болмайды.

Орындалуы керек міндеттемелер: кәсіпкер субсидия алғаннан кейін екі қаржы жылы өткен соң төлейтін салық сомасын кемінде 10%-ға ұлғайтуға тиіс.

«Іскер аймақ» бағдарламасы

«Іскер аймақ» — шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы. Субсидияны бизнестің дамуына және айналым қаражатын толықтыру үшін алуға болады. Бұл бағдарлама несие бойынша пайыз мөлшерлемесін төмендетуге бағытталған.

Бағдарламаға ауыл шаруашылығы кооперативтері, микро және шағын бизнес қатыса алады. Осы бағдарлама бойынша субсидия берілетін экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізімін «Басым салалар» тармағынан көруге болады.

Ең жоғары несие сомасы — 200 млн теңге.

Субсидиялау мерзімі — 3 жылға дейін.

Несие бойынша пайыз мөлшерлемесі осылайша қалыптасады: ҚР Ұлттық Банк белгілеген негізгі мөлшерлеме + 4%. Бұл мөлшерлеменің 40%-ын мемлекет өтейді, қалған бөлігін кәсіпкер төлейді.

Мысал қарастырайық. Ұлттық Банк белгілеген мөлшерлеме — 18%. Кәсіпкерге банк мынадай мөлшерлемемен несие береді:

18% + 4% = 22% — бұл шарт бойынша номиналды жылдық мөлшерлеме.

Мемлекет номиналды мөлшерлеменің 40%-ын субсидия арқылы өтейді: 22% × 0,4 = 8,8%.

Демек, кәсіпкер несиені 22% орнына 13,2% мөлшерлемемен өтейді. Қалған бөлігін мемлекет субсидия арқылы өтейді.

Ай сайынғы төлем сомасын және субсидия арқылы қанша үнемдеуге болатынын арнайы калькулятор арқылы есептей аласыз.

Кәсіпкер міндеттемелері

Инвестицияға қатысты жобалар бойынша:

  • екі қаржы жылы ішінде әрбір 100 млн теңгеге кем дегенде бір жаңа жұмыс орнын құру (қарыз алушы кез келген жағдайда жоба бойынша кемінде бір жұмыс орнын құруға тиіс)
  • субсидиялау мерзімі ішінде кірістің жыл сайын кемінде инфляция дейгейіне тең өсімін қамтамасыз ету

Айналым қаражатын толықтыруға алған субсидия бойынша: субсидиялау мерзімі ішінде кіріс пен еңбекақы төлеу қорын кемінде инфляция дейгейіне тең мөлшерге ұлғайту.

Субсидия бағдарламаларына қатысу үшін өтінім беру

«Даму» қоры бизнесті тікелей қаржыландырмайды. Субсидия алу тәртібі:

  1. Бизнесіңіз бағдарламаның басым қызмет түрлерінің тізбесіне кіретінін тексеріңіз. Бизнес-жоспар дайындаңыз.
  2. Қаржы ұйымына, яғни екінші деңгейлі банктерге, МҚҰ-ға немесе лизинг беруші компанияларға несие алу үшін өтінім беріңіз.
  3. Қаржы ұйымы жобаның қаржылық және экономика тиімділігі бойынша жалпы тексеру жүргізеді.
  4. Қаржы ұйымы несиені мақұлдағаннан кейін «Дамуға» жобаның чек-листін жібереді.
  5. Оң шешім қабылданған жағдайда қаржы ұйымы «Дамуға» қол қою үшін құжаттар жібереді.
  6. Кәсіпкер, қаржы ұйымы және «Даму» үш жақты шарт жасасады.
  7. «Даму» қоры құжаттарды тексеріп, субсидияны банкке немесе лизинг беруші компанияға аударады. Банк кәсіпкер үшін несиенің пайыз мөлшерлемесін субсидияны ескере отырып есептейді.

Субсидия берілмейтін жағдайлар

Несие тарихы оң және салықтарды тұрақты төлейтін кәсіпкерлердің субсидия алу мүмкіндігі жоғары.

Алайда мынадай жағдайларда субсидия берілмеуі мүмкін:

  • кәсіпкердің қызметі заңды бұзады немесе күмән туғызады
  • қызмет түрі бағдарлама қолдайтын тізімге кірмейді
  • бизнес субсидияны жиі алады немесе алдыңғы субсидия бойынша шарттарды бұзған
  • компанияның қарызы бар немесе ол сот процестеріне қатысып жатыр
  • құжаттар дұрыс рәсімделмеген немесе мәліметтер толық емес — мысалы, бизнес-жоспарда қателер бар, есептеулер көрсетілмеген, жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі тым ұзақ, қаражатты пайдалану мақсаттары нақты жазылмаған

Қосымша сұрақтар бойынша қайда жүгінуге болады

Егер бірдеңе түсініксіз болса, кеңес алу үшін тікелей «Дамуға» хабарласа аласыз.

Бірыңғай байланыс орталығы: +7 800 080 18 90, 1408

Электрондық пошта: info@fund.kz

Сонымен қатар сайтта онлайн чат бар — парақшаның төменгі бұрышындағы «Напишите нам, мы в онлайне!» қойындысын басып, чатты ашыңыз.