2026 жылы кәсіпкерлерге несие кепілдігін алу

«Даму» қорының кепілдігі: алу шарттары мен құжаттар

2026 жылы кәсіпкерлерге несие кепілдігін алу

Кәсіпкерлерге өндіріс кеңейтуге, құрал-жабдық сатып алуға немесе жаңа бағыт ашуға үнемі қарыздық қаржыландыру қажет. Мұндай жағдайда банктер негізгі қаржы көзі болып қала береді. Алайда, қарыз берушінің шешімі тек компанияның айналымы мен таза пайдасына ғана байланысты болмайды. Қарыз беруші компанияның кепілі бар-жоғын және қатерлерге қаншалықты төзімді екенін бағалайды.

Кепіл жетпей тұрса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан кепілдік алуға болады. Осылайша мемлекет банк қатерлерінің бір бөлігін өз мойнына алады. Кәсіпкерлерге мұндай қолдауды қалай алуға болатынын айтып берейік.

Механизмнің мәні

Кепілдік — бұл қордың банк алдындағы міндеттемесі. Қарыз алушы несиені қайтара алмайтын жағдайда қор қарыздың бір бөлігін жабады. Несиенің өзін банк береді, ал қор қарызгердің төлемей қалу қатерін азайтады. Сөйтіп, кәсіпкерлер қаржыландыру ала алады.

Маңызды жайт: кепілдік банк тексерісінен босатпайды. Егер бизнес банк бағалауынан өтпесе, бұл құрал қолданылмайды.

Кепілдік түрлері

Шара бизнестің міндеттеріне байланысты әр түрлі форматта қолданылады. Жиі кездесетін кепілдіктер:

  • Несие кепілдігі. Инвестициялық жобаларға, айналым капиталын толықтыруға және қайта қаржыландыруға қолданылады.
  • Лизинг кепілдігі. Қаржы лизингі шарттары бойынша міндеттемелерді орындау үшін, мысалы, лизинг компаниясы арқылы жабдық немесе көлік сатып алатын кезде қолданылады.
  • Тендер және аванс кепілдігі. Тендерлерге қатысу және келісімшарттарды орындау кезінде: өтінім сүйемелдеу, аванс қайтару және келісімшарт міндеттемелерін орындау үшін қолданылады.
  • Болашақ жеткізілімдер кепілдігі. Тауар немесе қызметтерді болашақта жеткізуге қатысты міндеттемелерді орындау үшін қолданылады.

Екі қор

Кепілдік беру жүйесі жоба сомасына қарай екі қор арқылы жұмыс істейді.

Бірінші кепілдік беру қоры

7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға арналған.

Параметрлері:

  • кепілдігі — несие сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды
  • мерзімі — 5 жылға дейін
  • валютасы — теңге немесе шетел валютасы
  • комиссиясы — кепілдік сомасының 1,5%-нан басталады

Қор шағын және орта бизнеспен жұмыс істеуге бағытталған. Сала тізіміне ЭҚЖЖ-дағы 60-қа жуық қызмет түрі енгізілген. Олардың ішінде өнеркәсіп, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы, сондай-ақ жеке қызмет түрлері бар.

Маңызды жайт: инвестициялық жобалар қарсы міндеттемелерді орындауға тиіс: екі қаржы жылының қорытындысы бойынша салық аударымдарың көлемі мен жұмыс орындарының саны кемінде 10% артуы керек.

Екінші кепілдік беру қоры

7 млрд теңгеден асатын ірі жобаларды қаржыландырады.

Параметрлері:

  • кепілдігі — несие сомасының 30%-на дейін
  • мерзімі — 20 жылға дейін
  • комиссиясы — кепілдік сомасынан 1,5%
  • кәсіпкердің қатысу үлесі — жоба құнының 20%-нан кем емес

Кепілдіктер мына салалардағы жобаларға беріледі:

  • өңдеу өнеркәсібі
  • тау-кен өндіру саласы (шикізат қайта өңделуге тиіс)
  • агроөнеркәсіп кешені
  • инфрақұрылымдық жобалар

Айналым қаражатын толықтыруға жалпы қаржыландыру сомасының 40%-дан аспайтын бөлігі жұмсала алады.

Мұндағы кепілдік үлесі бірінші кепілдік беру қорына қарағанда төмендеу, бірақ қаржыландыру мерзімі айтарлықтай ұзақ. Бұл формат өтеу мерзімі ұзақ ірі жобаларға қолайлы.

Кепілдік беру рәсімі 

Кепілдік кәдімгі несие беру рәсімі шеңберінде рәсімделеді. Кәсіпкер банкке өтінім береді. Бұған негізгі құжаттар пакеті қажет:

  • кәсіпкердің жеке куәлігі немесе ЖШС-ның тіркелгені туралы куәлік
  • кәсіпкердің өтініші
  • қаржы құжаттары

Банк бизнес-жобаны талдайды. Одан кейінгі рәсім мынадай тәртіппен өтеді:

  1. Банк қор кепілдігімен несие беру туралы шешім қабылдайды.
  2. Несие шарты жасалады.
  3. Банк құжаттар пакетін «Дамуға» жібереді.
  4. Қор кепілдік міндеттемесін шығарады.
  5. Банк қарыз алушыға ақша аударады.

Екінші қордан кепілдік алмақшы жобаларды қор қосымша қарастырады.

 

Мемлекеттік кепілдікті тегін қаржыландыру көзі емес, қатерлерді бөлу механизмі деп қабылдау керек. Бұл құрал тұрақты бизнестерге кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда тиімді. Егер бизнестің қаржы моделі компанияның тұрақты екенін дәлелдей алса, мұндай кепілдік 2026 жылы көптеген компанияларға банктен қаражат алу тәсілдерінің біріне айналмақ.