2026 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау алу

Мал және өсімдік шаруашылығын субсидиялау тәртібі

2026 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау алу

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер мемлекеттен бизнесті дамытуға субсидия ала алады. Мемлекет субсидияны жергілікті (облыс, республика маңызы бар қала немесе астана) бюджеттен төлейді. Ақша ауыл шаруашылығының белгілі бағыттарын қолдауға бір қаржы жылына бөлінеді. Осы мақалада мемлекеттен қаржылай қолдау алу тәртібін айтып береміз.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидия

Асыл тұқымды мал шаруашылығы — тұқым қуалау сапасы (сауым және ет сапасы, малдың өсу уақыты) жоғары мал өсіру.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға субсидия ала алатындар:

  • асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер, ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ұйымдары
  • асыл тұқымдық орталықтар
  • малдың ұрығын сату орталықтары
  • малды қолдан ұрықтандыруды жүргізетін техник-ұрықтандырушылар

Субсидияны пайдалану мақсаттары:

  • асыл тұқымды мал сатып алу: сиыр, бұқа, қой, қошқар, айғыр, түйе, шошқа, ешкі және асыл тұқымды балапандар
  • мал санын көбейту: қолдан ұрықтандыру, мал ұрығын сатып алу
  • сүт, ет, бал өндіру
  • малды бордақылауға және союға сату
  • асыл тұқымды төл өсіру
  • жүн өндірісі

Субсидия алу үшін фермер қожалығы белгілі талаптарға сай болуы керек. Субсидиялау ережелердің толық тізімін осы жерде оқуға болады.

Өсімдік шаруашылығын дамытуға арналған субсидия

Субсидия ала алатындар:

  • өсімдік түрлерін әзірлеушілер
  • тұқым шаруашылығы — сапалы өсімдік тұқымын өндірумен айналасатындар
  • тұқым сататын компаниялар
  • ауыл шаруашылығы өндірушілері
  • ауыл шаруашылығы кооперативтері

Басты шарт — олар өсімдік шаруашылығымен (ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен) айналысуға тиіс. Бұл қызмет «Өсiмдiк шаруашылығы» деген 01-бөлiмнiң ЭҚЖЖ кодтарына сәйкес келуге тиiс.

Субсидияны пайдалану мақсаттары:

  • басым ауыл шаруашылығы дақылдарын дамыту, оның ішінде көп жылдық екпелерді (мысалы, жеміс немесе жидек бақтарын) отырғызу және өсіру 
  • тұқым шаруашылығын дамыту — сапалы өсімдік тұқымын өндіру және көбейту
  • тыңайтқыштар (органика тыңайтқыштардан бөлек) бағасын төмендету
  • өсімдікті зиянкестерден қорғау құралдарының, яғни пестицидтер мен биологиялық құралдардың (мысалы, энтомофагтардың) бағасын төмендету
  • суаруға байланысты қызметтерді арзандату
  • жинау жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының бағасын төмендету

Субсидиялаудың барлық ережелерін осы жерде оқуға болады.

Субсидия алушылардың жауап міндеттемелері

Жылына 100 млн теңге және одан да көп сомаға субсидия алатын фермерлер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері өткен жылмен салыстырғанда өндірілген өнім көлемін сақтап қалуға немесе ұлғайтуға тиіс. 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл ереже сомасына қарамастан барлық субсидия алушылар үшін қолданылады.

Алайда кейде фермерлер мал аурулары, карантин, құрғақшылық және басқа да қолайсыз сыртқы жағдайларға байланысты субсидия шарттарын орындай алмайды. Мұндай жағдайлар міндеттемелердің орындалуын бұзбайды — әкімдіктің карантин туралы шешімімен, егістіктің зиянкестермен бүлінгені туралы актімен, ветеринар қорытындымен растау жеткілікті.

Егер фермер екі жыл қатарынан міндеттемелерін орындамай, себебін түсіндіре алмаса:

  • бірінші бұзушылық үшін бір жылға субсидия алуға тыйым салынады
  • міндеттемелерін қайта бұзған жағдайда — екі жылға тыйым салынады

Субсидия алу үшін өтінім беру тәртібі

  1. gosagro.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліңіз.
  2. Басты бетте сізге керек субсидиялау санатын таңдаңыз.
  3. Өңіріңізді таңдаңыз.
  4. Мәртебеңізді таңдаңыз — жеке немесе заңды тұлға.
  5. Сайттағы нысанды толтырыңыз — ЖСН/БСН, телефон нөміріңізді, ЖК немесе ЖШС атауын және субсидиялау санатына қарай басқа да ақпаратты көрсетіңіз.
  6. Жер учаскесiне қатысты мәлiметтердi, банк деректемелерiн енгізіп, қажет құжаттарды (ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу кәсіпорнына өткізу туралы шарт және басқа құжаттар), шоттың болуын растайтын анықтаманы, қайта өңдеу кәсiпорнының шығынына қатысты төлем құжаттарын қоса тіркеңіз.
  7. Түпкілікті құжатты қалыптастырып, ЭЦҚ арқылы қол қойып, рәсімді аяқтаңыз.

Өтінім тексеру мерзімі — екі күн. Содан кейін тексеру нәтижесі — субсидия беру немесе дәлелді бас тарту туралы хабарлама — өтінім берушінің электрондық поштасы мен порталдағы жеке кабинетіне келеді. 

Субсидия тағайындамас бұрын арнайы комиссия шаруашылықтың өндіріс қуаттарын, инфрақұрылымды және оның нақты жұмыс істеп тұрғанын тексереді.

Мемлекет өтінімдерді кезекпен, яғни берілген күні мен уақыты бойынша қарайды. Субсидияны мақұлдаған соң комиссия өтінімді жүйеге енгізеді, ал фермер төлемді күтеді. Берiлген өтiнiмнің барлығын арнайы тiзiлімге тiркейдi — бұл субсидия алу үшін өтiнiмдердiң күйі мен төлем алу кезегін көрсететін жалпы тiзiм.

Төлем алу рәсімі

Бюджетте қаражат болған кезде әкімдік субсидия төлеуге шот қалыптастырып, ақшаны фермердің немесе шаруашылықтың банк шотына аударады.

Ағымдағы айда қаражат жетіспеген жағдайда төлем келесі айға жоспарланады — өтінімдердің кезегі сақталады.

Кейде бюджеттегі ақша субсидия сомасының тек бір бөлігіне жетеді. Мұндай жағдайда фермерге жартылай төлем алу немесе толық соманы күту ұсынылады. Ол екі жұмыс күнде шешім қабылдауы керек. Бірінші нұсқаға келіссе, ақшаны жартылай алып, қалған соманы қаражат бюджетте пайда болғанда алады.

Егер бюджет толық таусылса, өтінім күту тізіміне көшеді. Мұндай жағдайда фермерлер төлемді қосымша қаражат бөлінгеннен кейін немесе келесі жылы алуы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы мониторингі

Субсидия алғаннан кейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері шаруашылықтың бағдарлама шарттарын орындайтынын қадағалайды. Олар тоқсан сайын Gosagro жүйесіндегі деректерді тексеріп отырады.

Егер тексеру кезінде фермердің міндеттемелерін орындамағаны анықталса, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі оған субсидияны қайтару туралы хабарлама жібереді. Хабарламада қайтаруға тиісті сома, қайтару мерзімі және қаражатты бюджетке аударудың деректемелері көрсетіледі. Бұл құжат фермердің электрондық поштасы мен жүйедегі жеке кабинетіне жіберіледі.

Фермер қаражатты қайтармай тұрып, жаңа субсидия ала алмайды.

 

Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту үшін фермерлерге әр түрлі субсидия ұсынады. Бұл көмек өндірісті кеңейтуге, мал, тұқым, тыңайтқыш және техника сатып алуға жұмсалады. Субсидияны алу үшін өтінімді онлайн беруге болады, ал төлемді жүйедегі кезек пен бюджетте қаражаттың болуына қарай алуға болады. Қосымша ақпарат алу үшін Gosagro техникалық қолдау қызметіне +7 747 094-33-80 нөмірі арқылы қоңырау шалуға немесе жергілікті Ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқан жөн.