Қазақстандық тері күтімі брендін құру жолым
Бақылау, шикізат және сауда

Алматыда жеке цехы бар Cremative тері күтімі брендінің тарихы қарапайым үйдегі тәжірибелер мен теріге дұрыс күтім жасау жолын іздеуден басталған. Он жыл ішінде Светлана Казгулова ісін Қазақстан шекарасынан асқан ауқымды бизнеске айналдырды. Бүгінде брендтің 50-ден астам өнімі бар, ал өндіріс көлемі айына 5 мың данаға жуық. Компания өзге зауыттарға тапсырыс беруден бас тартып, барлық өнімді тек өз цехында шығаруды жөн көреді. Бүкіл жүйе авторлық формулалар мен сапаны тікелей қадағалауға негізделген.
Хобби ретінде басталған іс
Нарықтағы өнімдердің неліктен нәтиже бермейтінін түсінгім келді. Ең алдымен, өзім үшін шынымен әсер ететін күтім құралдарын жасауды мақсат еттім.
Басында бұл жай ғана хобби еді. Косметиканы үйдегі кәдімгі миксердің, ыдыстың және қолдағы құралдардың көмегімен дайындай беретінмін. Әр өнімді алдымен өзім сынап көрдім. Кейін таныстарым да қызығып, сынап көруге сұрай бастады. Оларға ұнағаны соншалық, біртіндеп басқаларға да ұсынатын болды. Осылайша ұзынқұлақ арқылы сұраныс артып, бір күні мұны толыққанды жобаға айналдыру керек деп шештім.

Білім алу жолы
Бизнес бастау үшін тек ниетімнің жеткіліксіз екенін түсініп, білім алуға бел будым. Табиғи күтім өнімдерінің технологы мамандығын меңгердім. Негізгі курс сегіз айға созылды, кейін жекелеген бағдарламалар мен курстар арқылы білімімді тереңдете бердім. Алған білімім маған қажет негізді қалады. Бірақ он жыл өтсе де, әлі де білім алып жүрмін, себебі нарық, құрамдар мен тәсілдер үнемі өзгеріп отырады.
Өнім жасау барысы
Мен үшін брендтің басты негізі — косметиканың таза құрамы. Өнімде теріге немесе денсаулыққа зиян тигізетін ешқандай артық қоспа болмауға тиіс. Сондықтан сапалы өнімді әзірлеуге көп уақыт жұмсалады.
Барлық формулаларды өзім жасаймын. Жаңа өнімді әзірлеуге кем дегенде бір жарым жыл, көбінесе үш жылға дейін уақыт кетеді. Алдымен бәрін жеке өзім сынап көремін, содан кейін фокус-топтың зерттеуі қосылады. Біз пікір жинап, формуланы жетілдіреміз, тек содан кейін ғана өнімді шығарамыз. Егер нәтиже көңілімнен шықпаса, косметика сатылымға шықпайды. Жылдар бойы дайын тұрған, бірақ нарыққа шықпаған дүниелер бар.
Қазақстандағы өндіріс: шынайы көрініс
Басында шағын кеңседе жалғыз өзім жұмыс істегенмін. Кейін жеке цех ашып, көмекші мен команда пайда болды. Сұраныс артқан кезде келісімшарт негізіндегі өндіріске ауысу, яғни өзге зауытқа тапсырыс беру қисынды көрінген. Бұл бизнесті тез кеңейтуге мүмкіндік береді, бірақ мен бұдан бірден бас тарттым. Себебі мен үшін ең маңыздысы — бақылау. Құтының ішінде не барын нақты білуім керек. Сондықтан ауқымды болмаса да, өз өндірісімді құру деген күрделі жолды таңдадым. Қазір өндірісте екі адамбыз: мен және көмекшім. Ол ыдыстарды жуып-тазалау, стерилизация және қаптаумен айналысады. Ал өнімді жасау барысы толықтай менің мойнымда. Біз үлкен топтамалармен жұмыс істемейміз. Кейбір өнімдерді алдын ала дайындауға болады, бірақ көбінесе тапсырыс түскенде ғана әзірлейміз. Клиентке екі–үш күн аралығында жаңа өнімді дайындап үлгереміз.
Бір жағынан, Қазақстанда өндіріс жүргізу көп нәрсені жеңілдетеді: тіркеу, сертификат алу және ел ішіндегі логистика оңайырақ. Сұранысқа тез бейімделіп, өндірісті икемді басқаруға болады. Дегенмен қиындықтар да бар.
- Шикізат. Біз жергілікті шикізатты пайдаланбаймыз, өйткені мұнда қажетті сапа мен ассортимент жоқ. Барлығын әлемдік брендтермен жұмыс істейтін халықаралық жеткізушілерден аламыз. Сол себепті валюта бағамы мен логистикадағы өзгерістер бізге тікелей әсер етеді.
- Сенім. Аудиторияның бір бөлігінде әлі күнге дейін «шетелдік өнім сапалырақ» деген түсінік бар. Бұл әрқашан ашық айтылмаса да, сезіліп тұрады.
Сауда қалай жүреді
Бастапқыда бизнес онлайн форматта дамыды. Оффлайн бағытқа біз әлдеқайда кейін көштік. Ұзақ уақыт бойы өнімдерді дүкендер мен дәріханаларға шығаруға асықпадым, өйткені әр адамға өнімді қалай қолдану керектігін өзім түсіндіргенім маңызды болды.
Алдымен косметологтармен жұмыс істеуді бастадық, себебі маман өнімнің ерекшелігін дұрыс жеткізе алатынын түсіндік. Кейінірек дәріханаларға, содан соң жеке оффлайн дүкендерге шықтық.
Дегенмен негізгі сату арнасы әлі де онлайн болып қалды. Клиенттердің басым бөлігі бізге қайта оралады. Бұл — бір реттік сауда емес, кері байланыс пен тұтынушының сеніміне негізделген жүйе. Орташа чек мөлшері 25–30 мың теңгені құрайды.
Өсім бірден болған жоқ. Алғашқы үш жылда он есе өссек, келесі үш жыл ішінде бұл көрсеткішті тағы он есеге арттырдық.
Клиенттермен жұмыс
Бастапқыда бизнестің кеңеюіне қарсы болдым, өйткені мессенджердегі жеке кеңес беруді басқа адамға тапсырғым келмеді. Клиент терісінің суретін жіберіп, күтім құралдарын таңдап беруді сұрауы мүмкін. Басқа адам мен сияқты мәселенің мән-жайына терең бойлап, сапалы кеңес бере алмайды деп қорықтым.
Қазір кеңесшілеріміздің жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жыл болды, бірақ күрделі жағдайларды бәрібір өзім қарастырамын. Егер тері ерекше күтімді қажет етсе, дерматит, асқынған қабынулар немесе талдау қорытындыларын ескеру керек болса, соңғы шешімді мен қабылдаймын. Жаңа қызметкерлерді оқытуға шамамен жарты жыл уақыт жұмсаймын.
Қиындықтар
Ең күрделі тұсы бәсекелестік не тренд емес. Ең қиыны — кассалық алшақтық. Менің тәжірибемде дәл осы нәрсе кәсіпкердің еңсесін түсіреді. Шикізат пен ыдыс сатып алу керек, ағымдағы міндеттемелерді жабу қажет.
Түсінікті болу үшін: бізде 50-ден астам өнім түрі бар және оның әрқайсысы үшін жеткізушілерден тауар алу қажет. Ал олар аз көлемде сатпайды. Қаптама мәселесі де солай: сапалы құты мен қаптаманы басып шығару үшін бірден үлкен топтамаға тапсырыс беру керек. Сондықтан қаражаттың басым бөлігі үнемі шикізат пен қаптамаға кетіп, айналымға толық түспейді.
Шығынның түрлі бағыттары бойынша несиелер де алып көрдік. Бизнес өскен сайын жүйеге көп ақша қажет болады.
Жұмыс форматының артықшылықтары
- өндірісті жеке бақылауда ұстау — cапа мен формулаларды толық қадағалау үшін өндірісті жеке цехта қалдыру
- өнім жан-жақты әрі ұзақ уақыт сынақтан өтпейінше сатылымға шықпайды
- сауда бір реттік сұранысқа емес, өнім сапасы мен қайта оралатын тұтынушылардың сеніміне негізделген
Қазақстандағы өндіріс жұмысты икемді басқаруға және сапаны бақылауға мүмкіндік береді, бірақ сонымен бірге көп ресурс талап етеді.