Хостел ашу тәртібі

Талаптары мен қажет құжаттар

Хостел ашу тәртібі

Хостелде қонақтар жатақ бөлмедегі төсек орнын жалға алады. Ас үй, жуынатын бөлме, дәретхана, демалыс аймағы мен кір жуатын орын бәріне ортақ. Көбіне мұнда тек қонуға келетіндер тоқтайды. Олар үшін маңыздысы — тұрмыстық жайлылық пен қолжетімді баға. Хостел ашу тәртібі мен бастапқыда ескеру қажет нәрселерді осы мақалада түсіндіріп өтеміз.

Хостел ашылатын орынға қойылатын талаптар

Хостел ашылатын орын белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс.

Ол жеке тұрған ғимаратта, тұрғын үйдің немесе көпсалалы кешеннің ішінде орналасуы мүмкін. Ең бастысы — көшеден бөлек кіретін есік болуы керек. Жертөле немесе цоколь қабаттар жарамайды: ондай жерлерде ауа дұрыс жүрмейді, жарық аз түседі, төтенше жағдайда адамдарды шығару да қиын.

Әр 15 адамға кемінде бір дәретхана, қолжуғыш және жуынатын орын қарастырылуы қажет.

Қонақтар тамақ пісіре алатын ас үй немесе тамақтану аймағы болуы керек. Онда пеш, тоңазытқыш, ыдыс-аяқ, азық-түлік сақтайтын ыдыстар, сондай-ақ жуғыш және тазартқыш құралдар болуы керек.

Тұрғын бөлмелердің ауасы әрдайым таза әрі жайлы болуы тиіс. Көбіне ауа баптағыштар орнатады, ал ондай мүмкіндік болмаса, міндетті түрде таза ауа кіргізіп, ескіні шығаратын желдеткіш жүйе керек. Бұл иістердің жатын бөлмелер мен ортақ аймаққа тарамауына көмектеседі.

Жатын бөлмелер мен ортақ аймақты күн сайын дымқыл шүберекпен сүртіп, кілемдерді шаңсорғышпен тазалап, жұмсақ жиһазды үнемі сүрту қажет. Дәретхана мен жуынатын бөлме күнде жуылып, дезинфекция жасалуы керек, соның ішінде унитаз бен биде орындықтары, тұтқалар және есіктер.

Әр қонаққа таза төсек-жабдық пен сүлгі беріледі. Лас және таза төсек-жабдық бөлек қаптарда сақталады.

Егер ғимаратта қоқыс тастайтын құбыр болса, қоқыс жиналатын орындар дұрыс жабдықталуы керек. Оларды тұрғын бөлмелердің астына немесе дәл қасына қоюға болмайды.

Бұл талаптарды орындамаған жағдайда айыппұл салынып, тіпті хостелдің жұмысын уақытша тоқтатып тастауы мүмкін.

Құжаттар мен рұқсаттар

Хостел ашу үшін алдымен ЖК немесе ЖШС ретінде тіркелу қажет. Егер хостелдің орналасатын жері тұрғын үйде болса, ол міндетті түрде тұрғын емес деп тіркелуі керек.

Қажетті құжаттар:

Іске кіріспес бұрын әкімдікке барып, қалаңыздағы талаптарды анықтап алу керек. Ережелер өңірге байланысты өзгеруі мүмкін.

Егер пәтерді хостелге айналдырғыңыз келсе, құрылыс нормаларын сақтаған жөн. Ғимараттың құрылымын бұзуға, көршілерге кедергі жасауға немесе қолайсыздық туғызуға тыйым салынады.

Көршілердің рұқсаты қажет болатын жағдайлар:

  • көтергіш қабырғаларды немесе ортақ мүлікті (мысалы, баспалдақ, желдеткіш жүйесі, шатыр) өзгертсеңіз — пәтер иелерінің кемінде 2/3-інің жазбаша келісімі керек
  • пәтерлердің жанында қатты дыбыс шығаратын орын жасасаңыз — сол пәтер иелерінің жазбаша келісімі қажет

Көршілердің келісімі міндетті түрде нотариуста расталуы керек. Егер онсыз жұмыс басталса, сот рұқсатты жойып, ғимаратты бастапқы қалпына келтіруді талап етуі мүмкін.

Қаржы және маусымдық ерекшеліктер

Хостел бизнесі жыл мезгіліне қатты тәуелді, әсіресе ірі туристік орталықтар мен курорттық өңірлерде. Мысалы, Алматыда бір жылдағы орташа толу деңгейі шамамен 56% болды. Ең көп қонақ тамыз-қыркүйекте келеді. Жазда жүктеме 70%-ға дейін көтерілсе, қыста 20-30%-ға дейін төмендейді.

Тәжірибелі хостел иелері маусымдық құлдырау кезінде шығындарды жабу үшін алдын ала ақша жинап, резервтік қор құруды ұсынады. Маусымдылықтан бөлек, жергілікті іс-шараларды да ескерген жөн — мерекелер, көрмелер, спорттық жарыстар сияқты оқиғалар қонақ санын едәуір арттыруы мүмкін.

Тәуекелді азайтып, бизнесті тұрақты жүргізу үшін табысты тек төсек-орын жалға берумен шектемеу керек. Мысалы, ақылы кір жуу, экскурсия ұйымдастыру немесе велосипед жалға беру қосымша кіріс әкеледі. Бос тұрған бөлмелерді коворкингке айналдыруға не қосалқы жалға беруге болады. Ал қонақ азайған маусымда тұру бағасына жеңілдік жасау — жақсы тәсіл.

Қызмет көрсету сапасы

Хостел барлық талаптарға сай болғанымен, бұл қонақтарды тарту үшін жеткіліксіз. Көп адам пікірлерге сүйеніп таңдайды, сондықтан тазалық, қолайлы жағдай, сыпайы қызметкерлер мен негізгі қолайлылықтар маңызды.

Ұсақ-түйек те әсер етеді: жайлы демалыс аймақтары, кір жуғыш машина, кофе ішу аймағы, жылдам Wi-Fi, құлыпталатын шкафтар. Ішкі әрлеудің әдемі болуы, қонақтармен кері байланыс орнату және жылы қарым-қатынас — мұның бәрі жақсы пікір қалыптастырып, қонақтардың қайта келуіне ықпал етеді.

Пайдалы кеңестер

Алдымен шағын зерттеу жасаңыз. Қалаңыздағы хостелдердің орналасқан жерін, бағасын және не ұсынатынын анықтаңыз. Содан кейін бәсекелестерде жоқ артықшылықты ұсыныңыз.

Онлайн-платформаларға тіркеліңіз. Booking, Airbnb сияқты сервистерде парақша ашып, сапалы суреттер мен қысқа, бірақ мазмұнды сипаттама жүктеңіз.

Әлеуметтік желілерде белсенді болыңыз. Бөлмелердің фотосуретін, қонақтардың пікірін, жеңілдіктер мен жаңалықтарды бөлісіңіз. Мессенджер немесе сайт арқылы брондауды ыңғайлы етіп қойыңыз.

 

Хостелдер туристік қалаларда, курорттарда және ірі шара өтетін жерлерде сұранысқа ие. Жұмысты сәтті жүргізу үшін орналасқан жерге қойылатын талаптарды орындап, құжаттарды реттеп, маусымға бейімделу және қосымша қызмет ұсыну керек. Тазалық, жайлылық және қонаққа қамқорлық — жақсы пікір мен тұрақты табыстың кепілі.