Airbnb арқылы пәтер жалға беру
Қойылатын талаптар, тіркеу рәсімі, кеңестер

Мақаланың мазмұны
Airbnb платформасы пәтер иелеріне өз үйлерін әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерге жалға беріп, табыс табуға мүмкіндік береді. Онлайн-сервистің ережелерін сақтап, салық төлеу маңызды. Бизнесті неден бастау, қандай құжаттар қажет екенін және нені ескеру керектігін осы мақалада айтып береміз.
Airbnb арқылы пәтер жалға бере алатын тұлғалар
Пәтерді жеке кәсіпкерлер ретінде де, жай азамат ретінде де жалға беруге болады. Ең бастысы — пәтердің заңды иесі болу немесе оны жалға беруге негіз болу қажет, мысалы, қосалқы жалға беру туралы жалдау шарты.
Krisha.kz немесе OLX сияқты жергілікті платформаларға қарағанда, Airbnb қонақтар мен иелер үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейін ұсынады. Барлық тіркелген пайдаланушылар тексерістен өтеді, брондау мен төлем барысы тек платформа арқылы жүзеге асырылады, ал қандай да бір мәселе туындаса — тәулік бойы қолдау қызметіне жүгінуге болады.
Алайда, қойылатын талаптары да жоғары — пәтер иесі қонақ алдындағы қойылған уәделерді орындамаса, олардан шағым түссе немесе хабарламаларға жауап берілмесе, аккаунт уақытша бұғатталуы мүмкін. Сондықтан бұл іске байыппен қарау керек.
Жалға берілетін үйлер мен қойылатын талаптар
Тұрғын үйді өз шартыңызбен жалға беруге болады — бүкіл пәтерді, тек бір бөлмені немесе тіпті қонақпен жатын бөлмені бөлісуге де рұқсат. Егер пәтер таза, жайлы, тұруға жарамды болса — өтініш қабылданады.
Иесі брондауға болатын күндерін өзі таңдайды — бір ай немесе алты ай алға, тек демалыс күндері немесе жылына бір рет екі аптаға орнатуға болатын күнтізбе бар. Бағаларды да икемді етіп орнатуға болады — жұмыс күндері бір баға қойып, демалыс күндері одан жоғарырақ қоюға болады.
Сондай-ақ, үй ережелерін иелері өздері белгілей алады, мысалы, 22:00-ден кейін шуламау, пәтер ішінде темекі шекпеу, аяқ киіммен жүрмеу, үй жануарларын әкелмеу.
Платформа қонақтарға себепсіз бас тартуға немесе броньды соңғы сәтте қайтарып алуға қарсы шығады. Мұндай жағдайларда айыппұл салынады — бронь құнына және бас тартқан күнге байланысты, 50 АҚШ долларынан жоғары болады. Ережеден тыс жайт — үй иесінің қайтыс болуы, сырқаттануы, форс-мажор жағдайлары.
Көші-қон қызметіне хабарлау
Егер пәтер шетел азаматтарына жалға берілсе, олардың уақытша тұруы туралы ақпаратты eQonaq ақпараттық жүйесі арқылы көші-қон полициясына хабарлау керек — оның ресми сайты мен мобильді қолданбасы бар. Қонақ келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлама жолдау қажет. Ол үшін сіздің ЭЦҚ-ңыз және шетел азаматының паспорт деректері керек.
Қажет құжаттар
Airbnb платформасы тек пәтер иесінің жеке куәлігінің фотосуретін және смс арқылы байланыс деректерін растауды талап етеді. Меншік құқығын дәлелдейтін құжаттарды жүктеу қажет емес, бірақ егер пәтер өз атыңызда болмаса, мысалы, қосалқы жалға беру келісімі бойынша болса, онда меншік иесінің жазбаша рұқсаты болуы тиіс. Даулы жағдайларда — шағымдар түссін, бұғаттау немесе тексеру болып жатса, платформа сол үйді жалға беруге құқығыңыз бар екенін растайтын құжатты сұрауы мүмкін.
Airbnb-ге тіркелу
Платформада тіркелу және хабарландыру орналастыру — тегін. Барлығы оңай жасалады:
- Airbnb сайтында тіркеліп, өз деректеріңізді көрсетіңіз — жеке куәлік бойынша аты-жөніңіз, туған күніңіз, электрондық поштаңыз.
- Үй параметрлерін орнатыңыз — пәтер түгелдей немесе тек бір бөлме жалға беріледі ме, үйдің мекенжайы, пәтердегі жатын бөлмелер, төсектер, жуынатын бөлмелер саны.
- Тізімнен үйдің артықшылықтарын таңдаңыз — Wi-Fi, теледидар, кір жуғыш машина, кондиционер, көлікті қоятын тегін орын, дәрі қобдишасының бар-жоғы. Кем дегенде 5 фото жүктеңіз, «Алтын шаршыдағы жайлы пәтер» сияқты атауын ойлап тауып, «Отбасылық демалысқа арналған тыныш тұрғын үй» сияқты сиппатамасын ойластырып қойыңыз.
- Брондау түрін таңдаңыз — әр сұранысты жеке мақұлдау немесе бірден брондау. Алдымен әр түскен сұранысты бөлек қарастырған жөн, кейін автоматты брондауды қосуға болады. Бірінші қонақты таңдау — кез келген немесе тек жоғары рейтингісі бар қылып таңдауға болады. Жұмыс және демалыс күндеріне бағаны орнатыңыз — жүйе өзі ұсыныс береді, оған құлақ асуға немесе бас тартуға болады. Бір апта, бір ай тұруға, алғашқы үш броньға немесе кеш брондауларға жеңілдік қосуға болады.
- Мүлік иесінің түрін көрсетіңіз — жеке тұлға немесе заңды тұлға. Бейнебақылау камералары туралы ескертіңіз — үйдің ішінде орнатуға болмайды.
- Хабарлама дайын. Енді оны жариялау үшін жеке куәлікті қосып, телефон нөмірін растау қажет.
- Қажет болса, үй ережелерін жазыңыз — келу-кету уақыты, қалай жетуге болатыны, Wi-Fi деректері, тұру шарттары, қолжетімді күндер.
- Түскен төлемдерді алу үшін банк картасын тіркеңіз.
Модерация бір күн ішінде жылдам өтеді.
Төлемдердің түсу барысы
Airbnb әр броньға 3% мөлшерінде комиссия ұстайды. Ақша үй иесіне қонақ келгеннен кейін 24 сағат ішінде түседі. Егер бұл демалыс күні болса, ақша мереке біткен соң түседі.
Салық міндеттемелері
Қазақстанда Airbnb қонақтардан алынатын қызметтік алымдарға 12% мөлшерінде ҚҚС-ты автоматты түрде ұстап, аударады. Мысалы, егер қонақ 100 000 ₸ бронь жасаса, Airbnb үй иесінен 3% мөлшерінде комиссия ұстайды. Airbnb Қазақстанда ҚҚС төлейтіндіктен, ол бұл сомаға 12% мөлшерінде ҚҚС қосады. Барлығы 3 360 ₸ ұсталады — бұл 3 000 ₸ комиссия + 360 ₸ ҚҚС. Үй иесіне төленетін сома: 100 000 ₸ — 3 360 ₸ = 96 640 ₸.
Үй иесіне ҚҚС-ты жеке төлеудің қажеті жоқ — оны Airbnb өзі ұстайды. Салық бойынша есептілікті жеке кабинеттен, «Истории операций» («Операциялар тарихы») → «Заработано до вычета налогов» («Салықтар ұсталғанға дейін табыс») бөлімінен көруге болады.
Егер пәтерді жалға беретін адам ЖК немесе ЖШС ретінде берсе және оның жылдық айналымы 20 000 АЕК-тен (2025 жылы 78 640 000 тенге) жоғары болса, онда ол ҚҚС төлеуші болады. Мұндай жағдайда Airbnb ҚҚС ұстамайды — кәсіпкер салықты өзі есептеп, 300.00 нысаны бойынша декларацияда көрсетіп, төлеуі керек.
Пәтерді жалға беруден түскен табыстан басқа салықтарды кәсіпкер өзі төлейді. Бұл туралы толығырақ келесі мақаладан оқи аласыз:
Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге кеңес
- жарнама — пәтердің сапалы фотоларын түсіріңіз, пәтердің сипаттамасын толық жазыңыз: лифттің бар-жоғын, орталыққа дейінгі қашықтық, платформа ұсынған бағаларға сүйеніп отырып, ақылға қонымды баға қойыңыз
- қонақтарды қарсы алу міндет емес — кілтті арнайы сейфке қалдыруға болады, бірақ үнемі байланыста болған дұрыс, қонаққа орналасу барысын алдын ала түсіндіру қажет
- пікірлерді қадағалап, қонақтарға жедел жауап беріңіз — әр сапардан кейін қонақ пікір қалдыру мүмкін, теріс пікірлер өшірілмейді, бірақ оларға сыпайы әрі нақты жауап беруге болады, жақсы пікірлер — рейтингке оң әсер етеді
- қонақтар үшін ескертпе дайындаңыз: Wi-Fi-дың құпиясөзі, тұру ережелері, төтенше жағдай кезінде қажет байланыс телефондары, оған қоса сәлемхат немесе тәттілер сияқты қарапайым нәрселер көбінесе жақсы пікірлер қалдыруға итермелейді
Airbnb үй иелеріне баға береді, олар пайдаланушыларға көрінбейді, бірақ сол бағаның негізінде «Суперхост» мәртебесін алуға болады. 10-нан астам қонақты қабылдау, оң пікірлер, хабарламаларға жауап беру жиілігі кемінде 90%, ешбір бронды жоймау, орташа баға 4,8-ден кем емес сияқты талаптар қойылады. Қонақтарға бастысы — бұл үйдің тазалығы, таза төсек-орын, сүлгілер, шай, кофе және су сияқты ұсақ-түйектің болуы. Егер бұл іске жауапкершілікпен және қонақтарға деген қамқорлықпен қарасаңыз, Airbnb тұрақты табыс көзіне айналуы мүмкін.