2026 жылы салық тексерісіне қалай дайындалуға болады

Мерзімдері, негіздері және қатер факторлары

2026 жылы салық тексерісіне қалай дайындалуға болады

Салық органдары компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің салықты дұрыс есептеп, дұрыс төлеуін, кірістерді толық көрсетуін, есептерінің жүйелердегі дерекке сәйкес келуін, сондай-ақ міндетті төлемдерді уақтылы төлеуін үнемі бақылап отырады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы салық бақылау жүйесі толығымен қатер іздеуге бағытталған цифрлық модельге көшеді. Бұл бақылау рәсімінің негізгі логикасын өзгертеді: енді тексеріс процестің басында емес, оның қорытынды кезеңінде болады. Алдымен жүйе қатерлерді анықтап, тексерісті тек қажет болған жағдайда ғана белгілейді.

Қатерлердің қалыптасуы

Тексеру туралы шешім қабылданғанға дейін салық органы бизнестің дерегін автоматты түрде талдайды: есептерді, электрондық шот-фактураларды, касса мәліметтерін, тауарлар мен ақша қозғалысын, сонымен бірге банктер мен басқа да мемлекеттік органдардан алынған мәліметтерді салыстырады.

Бұл кезеңде салық қатерлерінің белгілері пайда болады:

  • күмәнді жеткізушілер тізбектері
  • шегерімдердің күрт немесе себепсіз өсуі
  • экономикалық логикасы түсініксіз тұрақты шығын
  • қаражат айналымының, жалақының және салық жүктемесінің сәйкессіздігі

2026 жылдан бастап тексерісте не өзгереді

  1. Салық органдары жоспарлы тексерілетін компаниялардың тізімдерін енді жарияламайды. Ол тізім алдын ала жарияланған жоспар бойынша құрылмайды.
  2. Тексерудің бірыңғай тәсілі. Салық кодексінде тексерістер енді жоспарлы, жоспардан тыс және мерзімді деп бөлінбейді. «Салықтық тексеру» деген ортақ ұғым қолданылады. Бұл ретте оның ішінде кешенді, тақырыптық, қарсы тексеру және хронометраждық зерттеу деген әртүрлі формат сақталады. Олардың айырмашылығы тексерістердің күйінде емес, көлемі мен мәнінде байқалады.
  3. Тексеру туралы шешім қатерлерді бағалау және тыңдау рәсімі негізінде қабылданады. Шешімді аудандық және облыстық мемлекеттік кірістер органдары қабылдайды. Тыңдау рәсімі арқылы кәсіпкерлер бизнесінің цифрлары мен операцияларын түсіндіріп, тексеріс басталғанға дейін туындаған сұрақтарға жауап бере алады.

2026 жылы бизнес иелері салық органдарының сұрауларына хабарлама алып, тыңдау өтіп жатқан кезеңдерде жауап бергені өте маңызды. Егер түсіндірмелер мен құжаттар уақтылы және жөнді ұсынылса, тексеріс болмауы да мүмкін.

Камералдық бақылау

Бұрын камералдық бақылаудан кейін тексеріс жиі өтетін: салық органдары көбінесе есеп беру туралы хабарлама жібергеннен кейін әрекет ете бастайтын.

2026 жылы жағдай өзгерді. Камералдық бақылау есептермен жұмыс істеу үшін және сәйкессіздіктерді анықтау үшін қолданылады. Сәйкессіздік табылса, салық төлеуші хабарлама алып, қателерді түзетуге немесе түсініктеме беруге міндетті. Егер анықталған сәйкессіздіктер жойылса немесе түсініктеме беріп дәлелденсе, камералдық бақылаудан кейін тексеріс болмауы мүмкін.

2026 жылғы негізгі көрсеткіш — СЖК

2026 жылдан бастап салық жүктемесінің коэффициенті (СЖК) маңызды көрсеткішке айналады. Жылдық табыстың қандай үлесі салық пен басқа міндетті төлемдерге нақты жұмсалатынын осы СЖК көрсетеді. Салық органдары бұл көрсеткішті бір салаға кіретін компанияларды талдау және өзара салыстыру үшін пайдаланады.

Есептеу формуласы: СЖК = (Салық пен міндетті төлемдер сомасы ÷ Жылдық жиынтық табыс) × 100%.

Салық төлеушінің СЖК-ы аймақтағы салалас компаниялардың орташа салық деңгейінің 90%-нан кем болса, тексеріс өткізу ықтималдығы төмен болады.

СЖК 90%-дан төмен болса, салық төлеуші тексеріске іліге алатын тізімге кіреді.

Маңызды жайт: СЖК төмен болғаны заңға қайшы емес, бірақ компанияны тексеріске таңдататын белгі бола алады.

СЖК төмендегі нақты себептер бойынша төмендеуі мүмкін:

  • айналым үлкен болса да, пайда аз
  • шығыс қаражатты растайтын бастапқы құжаттар жоқ 
  • жалақы бойынша салық жүктемесі төмен
  • компанияның салық жүктемесі өңірдегі салалас компаниялардың орташа көрсеткішінен төмен

Салық тексерісі қалай өтеді

Тексеріс салық төлеушіге өкім жіберілген сәттен басталады. Содан кейін салық төлеуші құжаттары мен жауабын дайындай бастайды. Тексерісті бастамас бұрын тексерушілер мына құжаттарды ұсынуға міндетті:

  • қызмет куәлігі
  • тексеріс үлгісі, мерзімі және тексерушілердің аты-жөні жазылған өкім

Негізгі тексеру мерзімдері 30 жұмыс күнінен аспайды. Бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін. Мерзімнің ұзақтығы салық төлеушінің күйіне және тексерістің күрделілігіне байланысты.

Тексеріс қорытындысы бойынша акт рәсімделеді, ал бұзушылық анықталған жағдайда оны түзету мерзімдері жазылған хабарлама жіберіледі. Мұндай шешімдер бойынша әкімшілік тәртіппен шағым беруге немесе сотқа шағынуға болады.

Кәсіпкердің тексеріс кезіндегі құқықтары

Кәсіпкер:

  • құқықтық статистика порталы арқылы тексерудің заңды екенін тексеруге
  • өкімде бұзушылықтар болған жағдайда тексеріс өтуден бас тартуға
  • тексеріс мерзімі өтіп кетсе немесе әлі басталмаса, тексерушілерді кіргізбеуге
  • салық органдарының әрекеттеріне шағынуға құқылы

Ешбір тексеріс компанияның шаруашылық қызметін тоқтатпауға тиіс.

Салық басқару жүйесін жеңілдету

Мемлекет бизнеске ескі салық қатерлерін жоюға мүмкіндік беретін шаралар енгізіп жатыр:
 

  • микро және шағын бизнес иесі ретінде өткен кезеңдердегі тексерістерден бас тарту
  • негізгі қарыз төленген кезде өсімпұл мен айыппұлдарды алып тастау
  • компанияны жеңілдетілген тәртіппен тарату
  • өткен кезеңдердегі жеке бұзушылықтар бойынша жауапкершіліктен босату

 

Салық бақылау жүйесінің жаңа үлгісінде кәсіпкерлер тексеріс күтпей-ақ қатерлердің алдын алуға тиіс, яғни бизнестің көрсеткіштерін қадағалап, бастапқы құжаттарын сақтап, салық органдарының сұрауларына уақтылы жауап беруі керек. Сонда тексеріс ықтималдығы төмендеп, салық бақылауынан уайымсыз өтуге болады.