2026 жылы жеке кәсіпкерліктен өзін-өзі жұмыспен қамтуға ауысу тәртібі
Ауысу нұсқасы және 4% салық мөлшерлемесі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жаңа режим енгізіледі. Бұл режим ЖК ретінде тіркелмеген ел азаматтарына және қандастарға қолжетімді. «Точный учет» бухгалтерлік агенттігімен бірге егжей-тегжейін анықтаймыз
Талаптары, салық мөлшері және әлеуметтік төлемдер
Арнайы режимге ауысу үшін келесі талаптарға сай болу қажет:
- айлық табыс — 300 АЕК-ге дейін (2025 жылғы көрсеткіш 1 179 600)
- қызметкерлер болмауға тиіс
- белгілі бір қызмет түрлері бойынша ғана кәсіп жүргізу
Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған қызмет түрлері
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар арнайы режим бойынша төлейтін салықтар мен әлеуметтік төлемдер:
- ЖТС – 0%
- әлеуметтік төлемдер – 4% (МЗЖ – 2%, ӘТ – 1%, МӘМС – 1 %).
Салық салу кезеңі бір күнтізбелік айды құрайды. Салық есептік айдан кейінгі айдың 25-іне дейін төленуге тиіс (мысалы, 2026 жылғы қаңтар үшін салықты 2025 жылғы 25 ақпанға дейін төлеу қажет). Салықтарды есептеу және төлеу E-Salyk Business арқылы жүзеге асырылады.
Интернет платформаларда жұмыс істейтіндер үшін (мысалы, Яндекс, InDrive, Glovo, Wolt) әлеуметтік төлемдерді есептеу мен аударуды әр платформаның операторлары жүзеге асырады.
Жеке кәсіпкер бола тұрып, өзін-өзі жұмыспен қамтушы атану мүмкіндігі
Өзін-өзі жұмыспен қамтушы мен ЖК мәртебесін қатар алып жүруге болмайтындықтан, ең алдымен ЖК-ны жабу қажет. Мұны екі тәсілмен жасауға болады:
- Өзіңіз жаба аласыз. Салық органдарына (Салық төлеушінің кабинеті немесе eGov арқылы) қызметті тоқтату туралы өтініш бересіз. Барлық салық міндеттемелерін орындап, соңғы есептілікті тапсыру керек екенін ұмытпаңыз.
- Автоматты түрде жабылады. 2025 жылдың соңында патент негізіндегі ЖК немесе мобильді қолданба қолданатын АСР-де жұмыс істеп, 2026 жылғы 1 наурызға дейін өзге арнайы режимге ауысуды растайтын өтініш бермесеңіз, салық органы сізді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖК ретінде тіркеуден автоматты түрде алып тастайды.
ЖК жабу тәртібі
ЖК-ны өз бетінше жеңілдетілген тәртіппен жабуға болады, бірақ мына талаптарды орындаған жөн:
- Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз болмауға тиіс (оның ішінде өсімпұл мен айыппұлдар).
- ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуде тұрмау керек.
- Салық органдарының тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жоғары тәуекел деңгейіне жатпау қажет.
- Салық тексерулері жоспарына немесе іріктемелі тексерулер тізімінде болмау керек.
- Бірлескен кәсіпкерлік ретінде кәсіп жүргізбеу керек (яғни қызмет бір ғана тұлғаның атында болуға тиіс).
ЖК-ны өз бетінше жеңілдетілген тәртіппен жабу үшін біздің мақаладағы нұсқаулықтарды орындаңыз:
Жалпыға бірдей тәртіппен ЖК жабу жайлы осы мақалада жазғанбыз.
ЖК жабу мерзімі
ЖК қызметін осы жылы да, 2026 жылы да тоқтатуға болады.
Егер қызметіңіздің сипаты мүмкіндік берсе, жаңа Салық Кодексі күшіне енбей тұрғанда, ЖК-ны 2025 жылдың соңына дейін жабуды ұсынамыз. Осылайша 2026 жылдың қысқа кезеңі үшін қосымша есеп тапсыруға тура келмейді, жаңа режимге бірден өтіп, салық есебін жеңілдетесіз.
Егер ЖК-ны 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін жабуға тура келсе, алаңдаудың қажеті жоқ: қазіргі рәсім қолжетімді болып қалады, тек жаңа жылда жұмыс істеген кезең үшін есеп тапсыруыңыз керек болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелу
ЖК-ны жапқаннан кейін жаңа режимге ауысуға болады. Ол үшін:
- Мемлекеттік кірістер комитеті ұсынған ресми қолданбаны жүктеңіз (мысалы, e-Salyq Business).
- Қажет деректерді енгізіңіз.
- Алғашқы чекті жасаңыз: Салық кодексіне сәйкес ЖК тіркеуден шыққаннан кейін осы қолданбада жасалған алғашқы чек күні — өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін арнайы режимге ауысқанын білдіреді.
Өзін-өзі жұмыспен қамту — 2026 жылы ресми жұмыс істеудің ең қарапайым тәсілі. Егер қызмет түріңіз рұқсат етілген тізімге кірсе, жаңа режим ЖК үшін тиімді балама, себебі салық аз, есептілік жоқ. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде қызмет жүргізу үшін ЖК-ны жауып, e-Salyq Business қолданбасында алғашқы чекті жасау жеткілікті. Қалғанын жүйе өзі реттейді.