Жаңа Салық кодексі арнаулы салық режимдерін өзгертеді

Бүгіннен бастап ЖК мен ЖШС атқаратын іс

Жаңа Салық кодексі арнаулы салық режимдерін өзгертеді

ҚР Салық кодексіндегі өзгерістерді «Точный учет» бухгалтерлік агенттігімен бірге талдадық

Қазір Қазақстанда жеті арнаулы салық режимі (АСР) қолданыста. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінде олардың саны үшке дейін қысқарады:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР — патент пен мобильді қолданба қолданып жүрген режимдерді біріктіреді
  • оңайлатылған декларация негізіндегі АСР — қолданыстағы оңайлатылған режим мен бөлшек салық АСР-ды біріктіреді
  • шаруа және фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған АСР өзгеріссіз қалады

Салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін жаңа режим таңдап, мемлекетке қабылдаған шешімі туралы хабарламаны ұсынуы қажет. Егер хабарлама берілмесе, олар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге (ЖБР) ауысады.

Арнаулы салық режимін кім қолдана алады

Жеке кәсіпкерлер салық салу режимін мынадай түрде өзгерте алады:

  • жалпыға бірдей белгіленген режимнен оңайлатылғанға немесе ШФҚ-ның арнаулы режиміне
  • оңайлатылған режимнен ШФҚ-ның арнаулы режиміне
  • ШФҚ-ның арнаулы режимінен оңайлатылған режимге

ЖШС да жалпыға бірдей белгіленген режимнен оңайлатылған режимге көше алады.

Маңыздысы: ШФҚ-ның арнаулы режимін бір жыл өзгертуге болмайды.

Жалпыға бірдей белгіленген режимге ауысқаннан кейін қайта оңайлатылған режимге көшуге бір-ақ рет рұқсат етіледі. Ол үшін екі шарт орындалуға тиіс:

  • жалпыға бірдей белгіленген режимді кемінде бір жыл қолдану керек
  • соңғы жылғы орташа жылдық табыс оңайлатылған режимге рұқсат етілген табыс шегінен аспауы қажет

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР мен қолданыстағы режимдердің салыстырмасы

2025 жыл2026 жыл
патент пен мобильді қолданба қолданатын АСРөзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР
Қолдану субъектісі
ЖК
жеке тұлғалар
ЖК ретінде тіркелмеген ҚР азаматтары мен қандастар
Қызметкер саны
қызметкерсізқызметкерсіз
Табыс мөлшерінің шегі
жылына 3 528 АЕК-ке дейінайына 300 АЕК-ке дейін
Қызмет түрі
тізім бойыншатізім бойынша (талқылануда)
ЖТС
1%0%
Әлеуметтік төлемдер
МЗЖ, ӘА, МӘМСЖ4% — мұнда МЗЖ, ӘА, МӘМСЖ кіреді
Салық кезеңі
патент қолданатындарда — бір жыл, мобильді қолданба қолданатын АСР-да — бір айбір ай
Есеп жүргізу және төлеу тәртібі
911.0 СЕН тапсырылады, салығы патент алғаннан бұрын төленеді
есеп E-Salyk Business арқылы жүргізіледі, төлем келесі айдың 25-не дейін жасалады
есеп E-Salyk Business арқылы жүргізіледі
Бухгалтерлік есеп және есептілік
жүргізілмейдіжүргізілмейді
Тіркеу
ЖК ретіндеөзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде

 

Келесі жылдан бастап өзіңізді жұмыспен қамтып жұмыс істегіңіз келсе, ЖК-ні жабуыңыз қажет болады. Барлық ерекшеліктерін алдағы жеке материалда түсіндіреміз.

2026 жылғы оңайлатылған режим мен қазіргі режимдердің шарттарының салыстырмасы

2025 жыл2026 жыл
оңайлатылған режим және бөлшек салық АСРоңайлатылған режим
Қызметкер саны
оңайлатылған режим
30-ға дейін
шектеу жоқ
бөлшек салық АСР
200-ге дейін
 
Табыс мөлшерінің шегі
оңайлатылған режим
24 038 АЕК-ке дейін
600 000 АЕК-ке дейін
бөлшек салық АСР
600 000 АЕК-ке дейін
 
Қызмет түрі
оңайлатылған режимде — тыйым салынған қызметтерден басқа кез келген қызметтыйым салынған қызметтерден басқа кез келген қызмет (тізім әлі талқылануда)
бөлшек салық АСР-да — тек тізім бойынша 
Салық мөлшерлемелері
оңайлатылған режим
ЖТС немесе КТС — 1,5%, әлеуметтік салық — 1,5%
ЖТС немесе КТС — 4% (2%-ға дейін төмендеуі мүмкін), әлеуметтік салық төленбейді
бөлшек салық АСР
ЖТС немесе КТС — 4 немесе 8%, әлеуметтік салық төленбейді
 
Шегерімдер
оңайлатылған режимде қолданылмайдыеңбекақы шығыны жұмыс берушінің жыл басынан тапқан табысы 24 000 АЕК-тен асқан айдан бастап қана ескеріледі
бөлшек салық АСР-да — тек еңбекақы шығыны шегеріледі 
Салық кезеңі
оңайлатылған режим
жарты жыл
жарты жыл
бөлшек салық АСР
бір тоқсан
 
ҚҚС
оңайлатылған режим
20 000 АЕК-тен асқанда
екі-ақ жағдайда төленеді: импортқа салынатын ҚҚС және бейрезиденттен ұсталатын ҚҚС
бөлшек салық АСР
ерікті түрде тіркелгенде төленеді
 

2026 жылдан бастап оңайлатылған режимге қатысты тағы екі маңызды өзгеріс болады:

  1. ЖБР-дағы салық төлеушілер оңайлатылған режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауар немесе қызмет сатып алса, оған кеткен шығынды шегере алмайды.
  2. Оңайлатылған режимді мыналарға қолдануға тыйым салынады:
  • қатысушыларының 25%-дан астамы басқа заңды тұлға болып тіркелген заңды тұлғаларға
  • құрылтайшысы немесе қатысушысы оңайлатылған режимді қолданатын басқа заңды тұлғаның да құрылтайшысы/қатысушысы болып тіркелген заңды тұлғаларға
  • құрылтайшысы немесе қатысушысы оңайлатылған режимде жұмыс істейтін ЖК болып тіркелген заңды тұлғаларға
  • өзі ЖК ретінде тіркелген немесе басқа заңды тұлғаның қатысушысы болып саналатын жеке тұлғаларға
  • заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне
  • бейкоммерция ұйымдарына
  • бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жұмыс істейтін салық төлеушілерге
  • арнайы экономикалық және индустриалық аймақтардың қатысушыларына, сондай-ақ Astana Hub резиденттеріне

ШФҚ-ның арнаулы салық режиміндегі өзгерістер

2026 жылдан бастап бірыңғай жер салығы жойылады. Енді шаруа және фермер қожалықтары салықты жалпыға бірдей тәртіппен төлейді. Бірақ әрбір салық түріне жеке қолданылатын жеңілдіктер сақталады.

Жаңа Салық кодексінің артықшылықтары мен кемшіліктері

Қазір салық реформасының нәтижесі табысқа жеткізе ме, әлде экономикалық қиындықтар тудыра ма — нақты айту қиын. «Точный учет» бухгалтерлік агенттігінің мамандарының пікірінше, арнаулы салық режимдеріндегі өзгерістердің де өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Артықшылықтары

  1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда есептілік жойылады. Енді жеке тұлғалар заңды түрде тіркеліп, салығын қағазбастылықсыз ең төмен мөлшерде төлей алады.
  2. Табыс шектері өседі. Лимиттің айтарлықтай өсуі ЖК мен ЖШС-ға оңайлатылған режимде ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
  3. АСР-да ҚҚС болмайды. Бұл негізінен жеке тұлғалармен немесе ҚҚС төлемейтіндермен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге үлкен артықшылық. ҚҚС болмағандықтан тауарлар арзандайды, ал оңайлатылған режимдегі көпшілік ЖК толық бухгалтерлік есеп жүргізуден босатылады.

Кемшіліктері

  1. Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі кәсіпорындар арнаулы режимдегі кәсіпкерлерден тауар немесе қызмет сатып алса, сол шығынын шегере алмайды. Соның салдарынан жалпыға бірдей белгіленген режимдегілерге АСР-дағы компаниялармен жұмыс істеу тиімсіз болады. Бұл оңайтылған режимдегі кәсіпкерлерге клиент табуды қиындатып, ақыр соңында ЖБР-ға көшуге мәжбүр етуі мүмкін.
  2. Бизнес бөлшектенеді. Жеке тұлғалармен тек АСР-дағы кәсіпорындар ғана жұмыс істеп, жалпыға бірдей белгіленген режимдегі компаниялармен жұмыс істеу үшін жаңа фирмалар ашылады. Мемлекет бизнесті бөлшектеуге тосқауыл қоюды көздегенімен, іс жүзінде нәтиже кері болуы мүмкін.
  3. ҚҚС «жоғалады». Егер жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС немесе ЖК ҚҚС төлеуші бола тұрып, тауар немесе қызметті оңайлатылған режимдегі кәсіпкерден алса, оның ҚҚС-ын шегере алмайды.
  4. Арнаулы режимдер негізінен бөлшек сауда мен халыққа қызмет көрсету саласында қалады. Басқа бағыттағы кәсіпкерлер амалсыздан жалпыға бірдей белгіленген режимге көшеді, бұл бағаның өсуіне ықпал етеді.
  5. Жылдық табысы 135 000 АЕК-тен асатын оңайлатылған режимдегі ЖК міндетті түрде толық бухгалтерлік есеп жүргізуге тиіс болады. Бұған бухгалтер жалдау немесе арнайы бағдарламаларға шығындану керек болады.
  6. Кәсіп көлеңкеге кетуі мүмкін.
  7. Кәсіп басқа елге немесе өңірге көшуі мүмкін.
  8. ЖК мен ЖШС жабылуы мүмкін.
  9. Түсіндірме аз. Жаңа кодекс күшіне енген кезде салық органдары оған түрлі қарама-қайшы түсіндірме бере бастаса, кәсіпкерлер шатасуы мүмкін.

Бүгіннен бастап дайындалыңыз

  1. Талдау жасаңыз: қолдағы және болжамды табыс көлемін, қызметкер санын, компанияңыздың қызмет түрлерін бағалаңыз; негізгі клиенттеріңізді анықтаңыз.
  2. Режимдерді салыстырыңыз: жаңарған талаптарға сүйеніп, арнаулы салық режимдерін салыстырып, бизнесіңізге ең тиімдісін таңдаңыз.
  3. Кеңес алыңыз: жаңа ережелерді түсіну және кәсіби көмек алу үшін салық кеңесшілеріне немесе бухгалтерлерге жүгініңіз.
  4. Жаңартуларды байқап отырыңыз: салық заңнамасы өзгеруі мүмкін. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы және құқықтық ақпарат базаларындағы мәліметтерді тұрақты тексеріп отырыңыз.

 

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеті арнаулы салық режимінің орнына үш режим қалады. Кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін өзіне қолайлы режим таңдап, мемлекетке хабарлауға тиіс. Әйтпесе, олар автоматты түрде ЖБР-ға ауыстырылады. Жаңа ережелер табыс шегін ұлғайтып, арнаулы режимдерден ҚҚС-ты алып тастайды. Бұл жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге тиімді. Алайда шегерімдер шектеледі және ЖБР қолданатын компаниялармен жұмыс істеу қиындайды. Жаңа тәртіпке дайындалу үшін кәсіпкерлер бүгіннен бастап табыс көлемін, қызметкер санын және клиенттерін саралап, салық режимдерін салыстырып, салық мамандарынан кеңес ала бастағаны жөн.