Дарк-китчен ашуға лайық орын
Ас үй ашатын орыннан үнемдеген — ең қымбат қате

Kingkong дарк-китчен желісін ашқан сәтте мен мәзір, аспаздар мен логистикаға көңіл бөлу керек деп ойладым. Бірақ алғашқы кедергі оны орналастыратын орын іздегенде шықты. Мәселе орынның әдемілігінде емес, санитария нормаларына сай болып, үлкен көлемде тамақ дайындағанға шыдай алуында.
Дарк-китчен форматы қазір өте кең таралған: Қазақстандағы тағам жеткізу нарығы 2025 жылы 169,5 млрд теңгеден асып, кәсіп бастау құны арзан көрінді: қонақ күтетін зал мен даяшылар болмағандықтан, ақысы арзанырақ жерде ас үй ашып, жұмыс істей беруге болатын сияқты көрінді. Көбі осылай алданып қалады. Мемлекет дарк-китченді кәдімгі қоғамдық тамақтандыру орнына жатқызып, оған мейрамханаға қойылатын талаптардан кем емес талап қояды.
Жалға алу шартына қол қоймас бұрын ескеретін жайттарды айтып берейін.
Алдымен заңды оқы: дарк-китчен — бұл қоғамдық тамақтану орны
Қазақстанда сатылатын тамақ дайындау бизнесі санитария талаптарына сай келуі керек, яғни бірдеңе дұрыс болмаған жағдайда санитария дәрігеріне көрсететін құжат болуға тиіс.
Қонақ қарсы алатын залың болмаса да, өндіріске қойылатын талаптардан сені ешкім босатпайды. Дарк-китчен мен мейрамханаға қойылатын талап бірдей. Айырмашылығы тек қонақ қабылдайтын бөлмелердің қажет болмауында: ол зал, киім ілетін жер, бөлек әжетханалар. Ал жұмыс аймақтарын бөлу, желдету, су ағызу, шикі өнім мен дайын өнімді бөлек ұстау қағидалары бәрінде бірдей.
Қорытынды: дарк-китченді өз үйіңдегі ас үй деп ойламай, шағын тағам өндіру орны деп көр. Сонда ешқандай тосын жағдай болмайды.
Орналастыратын орын таңдау: жалға алғанға дейін тексеретін чек-лист
Жалға алу бағасын түсіре бастамас бұрын, мен мына жағдайларды тексерер едім:
- Электр қуаты. Пеш, қуыратын шкаф, фритюр, тоңазытқыш, желдету жүйелері ондаған киловатт қуат жұмсайды. Бөлмелерге бөлінген қуат мөлшерін біліп, үш фазалық қуаттандыру мүмкіндігі қосылғанын біліп ал. Кейінге қалдырсаң, қымбат шығуы әрі уақыт алуы мүкін.
- Су және кәріз жүйесі. Бөлмеде орталыққа қосылған ыстық су, суық су және кәріз жүйесі болуы керек. Ыстық су болмаса, су ысытатын құрылғы алу керек. Су қайда төгілетінін де біліп ал: норма бойынша өндірістік кәріз жүйесі тұрмыстық кәрізден бөлек болуға тиіс.
- Желдету жүйесі. Ауа сорғышты шатырға немесе терезеден биік орнатуға бола ма екен? Бұл тұрғын үйде кездесетін ең жиі проблема.
- Екі есік пен кіреберіс. Шикізат қабылдауға бөлек есік, курьерлерге бөлек есік қажет. Тұрғын үйде есік алдынан және пәтерлердің терезелері орналасқан жақтан жүк тиеуге тыйым салынады.
- Төбе биіктігі және бөлме ауданы. Азық-түлік кабылдау және сақтау орындары, ыстық және суық тағам орындары, жуу орны, дайын тағам тапсыру орны сияқты аймақтарға бөлек орын керек. Іс жүзінде бір концепцияға әдетте 70–150 ш.м. орын бөлінеді.
Қорытынды: техникалық жағдайы нашар жерді арзан жалға алсаң, көп шығындаласың. Үнемдеймін деп, оның жөндеуіне әлдеқайда көп ақша жұмсайсың.
Техникалық талаптар: электр, су және кәріз жүйесі
Санитария талаптары бойынша әр ыдыс жуатын ванна мен қолжуғыш суық су мен ыстық суға су араластырғыш арқылы қосылуға тиіс. Лас су тағам дайындайтын аймаққа қайтып келмесін деп, құрылғылар кәріз жүйесіне ауа саңылауы арқылы қосылады.
Мынаны есте сақта:
- Өндірістік кәріз бен тұрмыстық кәріз жүйесі бөлек болып, су екі бөлек төгілуге тиіс.
- Өндіріс цехтары мен жуу орындарында еденде су ағызатын трап жасау қажет.
- Ұжымға жеке қолжуғыш орнату керек, ол азық-түлік пен ыдыс жуатын ваннадан бөлек жерде орналасуға тиіс.
- Қабырға, еден, төбелер жуылатын материалдардан жасалып, еден су сіңірмейтін болып әрі трап бағыты бойынша иіліп, ал жүк тиеу жолдары табалдырықсыз болуға тиіс.
Мұндай ұсақ нәрселерді басынан көрмей қалсаң, кейін бәрін қайтадан орнатуыңа тура келеді.
Желдету мәселесі
Дарк-китчен ашқан кездегі бас проблема қандай деп сұраса, желдету жүйесі деуші едім. Оның бағасы қымбат болып, бірақ өзі көзге көрінбегендіктен, үнемдегің келіп тұрады. Үнемдеме.
Санитария қағидалары бойынша өндіріс орындарында ауа шығарғыш желдету жүйесі болуға тиіс. Пеш, қуыру шкафы мен фритюр сияқты жылу бөлетін жабдықтардың үстіне жергілікті сорғыш қалқандар орнатылады. Олардың ауа қабылдайтын бөлігі жылу мен бу көзінен үлкенірек болуға тиіс. Маңызды жайттар:
- Дарк-китченнің желдету жүйесін тұрғын үйдің жалпы желдету жүйесіне қосуға болмайды.
- Ыстық цех, салқын цех, жуу орындары, әжетханалар, қоқыс камераларында жеке желдету арналары болуға тиіс.
- Ауа таза аймақтан лас аймаққа бағытталуы керек. Салқын цехке келетін ауа бактерицидтік сүзгі арқылы өтіп, бөлме температурасы +18 °C-тан аспауы керек.
- Ауа көрші үйдің терезесіне қарай емес, шатырдан жоғары шығуға тиіс. Шағымдар мен тексерістердің көп бөлігі иістің кесірінен болады.
Қорытынды: желдету жоспарын жөндеу жұмыстарынан кейін емес, жалға алу шартын жасасқанға дейін есепте. Егер желдету жүйесін шатырға шығару мүмкін болмаса, бөлменің бағасы қаншалықты арзан болғанмен, оны алуды қарастырмаған дұрыс.
Жертөле қабатта ас үй ашуға бола ма
Қысқаша айтсақ, иә, белгілі шарттарды сақтап ашуға болады. Санитария ережелері тамақтандыру орындарын бірінші қабатта, жертөле қабатта және іргеқабатта орналастыруға рұқсат етеді. Бірақ оның да өз талаптары бар.
- Кәріз жүйесі. Трап, ыдыс жуғыш ванна, қолжуғыш тұратын бөлмелерді сырттағы кәріз жүйесінен төмен орналастыруға болмайды. Терең жертөле қабатта суды сорғыш құрылғысыз шығару мүмкіндігі жоқ.
- Жарықтандыру. Табиғи жарық түспейтін бөлмені технология, жасанды жарық көзі, УФ-сәулелендіру, табиғи жарық түсетін демалыс бөлмесі және үздіксіз жұмыс істеп тұратын желдету желісі орнатылған кезде ғана пайдалануға болады.
- Желдету жүйесі және ылғал деңгейі. Жертөле қабат көбінесе ылғалды болады. Қуатты ауа жеткізу жүйесі болмаса, конденсат пен зең пайда болып, санитария қызметі тарапынан сұрақтар туындауы мүмкін.
Қорытынды: жертөле қабат қымбатқа түсуі мүмкін. Кәріз шығару сорғыштары, күшейтілген желдету жүйесі, гидрооқшаулау жүйесі үнемдегің келген ақшаңды жеп қояды. Жалға алу ақысын есептегенде жағдайды бүкіл жағынан қарастырған жөн.
СЭС: шындық пен жалған қорқыныш
Бұл жерде қорқыныш тудыратын нәрсе көп, бірақ мұның көбі білмегендіктен туады. Қазақстандағы қоғамдық тамақтандыру саласы хабарлама беру тәртібімен жұмыс істейді. Рұқсат сұрағанның орнына egov.kz арқылы кәсіп бастағаның туралы хабарлама бересің. Онсыз жұмыс істей бастасаң, айыппұл төлейсің.
Одан кейін санитария-эпидемиология қорытындысы (СЭҚ) туралы бір маңызды жайт бар. Эпидемиологиялық маңызы төмен нысандарға, оның ішінде отыратын орын саны 50-ден аз тамақтандыру орындарына СЭҚ қажет емес. Оған қарамастан, санитария талаптарын сақтап, СЭС-ке хабарлама берген міндет. Оған қоса өндірісті бақылап отыру керек: ұжым денсаулығын медицина тексеруінен өткізіп, жеке медицина кітапшасын ашып, күн сайын іріңді тері ауруларының бар-жоғына тексеріп, журналдарды толтыру керек.
Қорытынды: СЭС кәсіп ашуға әдейі рұқсат беріп отырмайды, тек талаптарды орындап жүргеніңді тексереді. Сондықтан жұмыс істейтін орныңды басынан дұрыстап жасау керек. «Кейін келісіп аламын» деп жүре беруге болмайды.
Мұны рет-ретімен Ösim-дегі мақалалардан: санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу, медициналық кітапша ашу, қоғамдық тамақтандыру мекемесін ашу бойынша толық нұсқаулардан оқи аласың.


Ыстық және салқын цех: екеуін бөлу қажеті мен тәртібі
Санитария ережелерінің бас қағидасы — өндіріс аймақтарын бөлек ұстау. Шикізат, жартылай дайын өнім, таза және кір ыдыс бір-бірімен қиылыспауға тиіс. Сол себепті цехтарды екіге бөледі.
Енді цехті бөлек ұстау қажет пе деген сұраққа тоқталайық. Талап бойынша шикізат пен дайын тағам бөлек өңделуге тиіс. Бірақ шағын нысандарға қойылатын талаптар сәл жеңілдетіліп келеді, ал дарк-китчен солардың қатарына кіреді:
- Шағын өндіріс объектілерінде процестерді бір жерде орындауға болады, бірақ жұмыс аймақтарын биіктігі кемінде 1,5 м бөгеттермен бөлу керек.
- Отыратын орын саны 50-ге жетпейтін объектілерде ыстық және салқын аймақтарды бір жерде орналастыруға болады, бұл жағдайда температура мен ылғал деңгейін реттейтін құрылғы болуға тиіс.
- Егер цех бөлінбейтін болса, шикізат пен дайын тағамды таңбаланған бөлек үстелдерде өңдеп, шикізатқа кемінде екі жуғыш ванна ұстау керек.
- Пышақтар мен тақтайларды азық-түлік түріне қарай таңбалап, шикі құс етіне бөлек үстел мен жабдық ұстау керек.
Қорытынды: цехтар арасына кәдімгі қабырға салған бәріне міндет емес. Міндеттісі — шикі өнім мен дайын өнім еш жерде қиылыспасын: үстелі де, тоңазытқышы да, тақтайы да жеке болсын. Бөлме ауданы шағын болса да, өндіріс аймақтары бөлек тұруға тиіс.
Курьер қабылдау аймағы
Бұл аймақты жоспардың ең соңына қалдырған қате. Бұл жерден тапсырыстар жөнелтіліп, өндіріс ағынына қойылатын талаптар оңай бұзыла алады.
Мұны былай реттеуге болады:
- Тапсырыс жөнелтетін есікті шикізат қабылдайтын есіктен бөлек жасау керек. Курьер ыстық цехқа жоламауға тиіс.
- Тапсырыс беретін аралық аймақ — дайын тағамды курьер келгенше қоятын шағын тамбур немесе үстелше. Бөтен адамдар өндіріс аймағына кірмеуге тиіс.
- Дайын тапсырыстарды қоятын сөре немесе стеллаж — курьер оны тез әрі шатастырмай алып кетсін деп, әр тапсырыстың нөмірін және уақытын таңбалаған жөн.
- Күтетін орын. Тапсырыс көп түсетін уақытта курьерлер бірінен соң бірі келеді. Оларға отырып күтетін арнайы орын бөлмесең, ас үйге кіріп кетіп, санитария талаптарын да, жұмыс процесін де бұзады.
Kingkong тәжірибесін алсақ, тапсырыс беру орны бөлек болғанда жұмыс та жылдам істелгенін көрдік. Курьерге дайын тамақты тапсырған кезде әр минутты үнемдесең, тамақ та суып қалмай, агрегатордағы рейтинг те түсіп кетпейді.


Қысқа қорытынды
Дарк-китчен мейрамханадан тек қонақ қабылдамайтын жағынан арзан. Өндіріс жағына қойылатын талаптар, яғни су, кәріз, желдету жүйелері, жұмысты қиылыстырмай ұйымдастыру және шикі өнім мен дайын өнімді бөлек ұстау қағидалары екеуінде де бірдей. Мұндай кәсіпті жертөле қабатта да, үйде де ашуға болады, бірақ бұл жағдайда ақшалай шығын көп болуы мүмкін.
Бас кеңесім: ас үй ашатын орынды жалға алмас бұрын жақсылап тексеріп ал. Арзан бөлме алып, желдету жүйесін қайда жалғайтыныңды немесе суды қайда ағызатыныңды білмей тұрсаң, бұл қатең қымбат шығады.
Өндіріс ашу барысын біздің Instagram парақшамыздан қарай аласыз. Сұрақтар мен серіктестік жөніндегі ұсыныстарды мұнда жіберуге болады: askar.ermagambetov@ordajuiceco.com