Дарк-китчен мен кафе: айырмашылығы неде
Бизнес форматын таңдаймыз

HoReCa саласындағы 20 жыл ішінде түрлі форматтағы жобаларды сынап көрдім. Бар да аштым, өндірісті де іске қостым. Сондай-ақ Kingkong дарк-китчен желісін дамыттық, онда тапсырыстарды небәрі 30 минут ішінде дайындап, жеткізетінбіз. Осы тәжірибе маған көп нәрсе үйретті: қонақтарға арналған залы жоқ асүйдің экономикасын түсініп, жеткізу бизнесінде дәмді тағам емес, тапсырысты тұрақты әрі уақтылы жеткізе алатындар табысқа жететініне көз жеткіздім.
Кафе мен дарк-китченді көбіне бір-біріне ұқсас екі бизнес форматы деп ойлайды. Алайда шын мәнінде олардың жұмыс істеу тәсілі де, экономикасы да екі бөлек. Сондықтан алдымен негізгі ұғымдарға қысқаша тоқталайық.
Тағам бизнесінің үш форматы: кафе, дарк-китчен, дайын тағам
Бүгін тағам бизнесі тұтынушыға өнімді үш түрлі форматта ұсынады. Әр форматтың өз экономикасы, өз клиенті және өзіндік тағам ұсыну жолы бар.
- кафе (дәстүрлі қоғамдық тамақтану орны) — адам өзі келіп тамақтанатын орын. Мұнда тек тағам ғана емес, жайлы орта, атмосфера мен қызмет көрсету де ұсынылады. Қонақ асын сол жерде ішеді
- дарк-китчен — қонақтарға арналған залы жоқ, тек жеткізу мен алып кетуге жұмыс істейтін ас үй. Тапсырыс түскен сәтте тағам дайындалады, кейін оны курьер немесе жеткізу қызметі арқылы клиентке жеткізеді
- дайын тағам (ready-to-eat) — алдын ала партиямен дайындалатын өнім. Ол тікелей тұтынушыға емес, дүкен сөрелеріне шығарылады: супермаркеттерге, жергілікті сауда желілеріне немесе маркетплейстерге жеткізіледі. Сатып алушы оны күнделікті азық-түлікпен бірге сатып алып, үйде тек жылытып ішеді
Негізгі айырмашылық — тағамның тұтынушыға қалай және қай жерде ұсынылатынында: кафеде, үйіне жеткізілгенде немесе дүкен сөресінен сатып алынғанда.
Енді алғашқы екі форматқа жеке тоқталайық. Ал үшінші форматқа мақаланың соңында қайта ораламыз.
Формат айырмашылықтары
Кафе — тек тамақ ішетін орын емес. Ол атмосфераны, жарықты, музыканы, қызмет көрсетуді және адамдардың бас қосатын жайлы ортаны ұсынады. Сондықтан адам тек тағамға емес, жалпы алған әсеріне де ақша төлейді. Ал тағам — соның бір бөлігі ғана.
Дарк-китчен үйге жеткізілетін тағамды ұсынады. Клиентпен байланыс орнатуға қолданбадағы сурет, қаптама және жеткізу уақыты ғана көмектеседі.
Қалғанының бәрі осыдан бастау алады.
Кафе табысын көбіне орналасқан жері мен қызмет көрсету сапасы анықтайды. Орны қолайсыз болса, тіпті керемет асүйдің өзі көмектеспейді. Ал дарк-китчен үшін бастысы — жұмыс барысы мен логистика. Тағам қанша жерден дәмді болса да, егер ол бір сағаттан кейін суып жетсе, оны ешкім де жоғары бағаламайды.
Қайсысын ашу оңай әрі тиімді
Қысқаша айтсақ, дарк-китченді ашу арзанырақ әрі жылдамырақ. Бұл тек менің тәжірибеме сүйенген пікір емес, форматтың экономикасынан шығатын заңдылық.
- қонақтарға арналған зал қажет емес. Демек, адам көп жүретін жерден қымбат жалға орын іздеудің де қажеті жоқ. Ас үйді жалға алу құны әлдеқайда төмен жерде орналастыруға болады
- қонақтарға лайықтап жөндеу жасаудың, жиһаз, ыдыс-аяқ сатып алудың немесе интерьерді безендірудің қажеті жоқ
- қызметкерлер саны да аз болады: даяшылар, хостес және баристалар қажет емес
Әртүрлі есептеулер бойынша, дарк-китченді іске қосу шығыны дәстүрлі қоғамдық тамақтану орнына қарағанда шамамен бес есе төмен. Ал жалға алу ақысы мен еңбекақы қоры екі есеге жуық төмен болады. Бірақ бастапқы шығынның аз болуы бизнесті басқару да оңай болады дегенді білдірмейді.
Кафе үшін жақсы орын табу өте маңызды. Дұрыс таңдалған локацияның өзі-ақ қонақтарды тартады. Ал дарк-китченде ондай мүмкіндік жоқ. Логистикаңызда ақау шықса немесе жеткізу платформасы сыр берсе, клиент сізді мүлде көрмей қалуы мүмкін. Өйткені сіз басқа біреудің қолданбасында, белгіленген ережелер бойынша жұмыс істейсіз.
Дарк-китчен үшін не маңыздырақ
Kingkong-тағы тәжірибеме сүйенсем, екеуі де маңызды. Бірақ алдымен логистика, содан кейін ғана тағамға назар аударған жөн.
HoReCa саласында жүрген адам үшін бұл тосын пікір болып көрінуі мүмкін. Кафеге қонақ өзі келіп, тапсырыс берген тағамы дайын болғанша күтеді. Ал жеткізу қызметінде клиент сіздің қанша күш салғаныңызды көрмейді. Ол бар болғаны екі нәрсеге қарайды: тапсырыс уәде етілген уақытта келді ме және қандай күйде жеткізілді.
Тағам қанша жерден керемет болса да, егер ол 70 минутта жетіп, дәмін не сапасын жоғалтса, клиент қайта тапсырыс бермейді. Ал тағамы қарапайым болғанымен, әрдайым ыстық күйінде 30 минутта жеткізілсе, клиент қайта тапсырыс береді.
Сондықтан дарк-китченді мынадай қағидаға сүйеніп құрар едім:
- ең алдымен — жеткізу жұмысын ретке келтіру, тапсырысты дайындау уақытын қысқарту және тағамның температурасын сақтап, төгілмейтін сенімді қаптама таңдау
- одан кейін — жеткізуге лайық мәзір жасау. Дастарқанда дәмді болатын әр тағам жеткізуге бірдей жарай бермейді
- содан кейін ғана — жаңа әрі ерекше тағамдарға көңіл бөлу
Дарк-китченде тағам сапасы тұрақты болуы маңызды, ал жеткізу мінсіз орындалуы керек. Осы екі міндеттің аражігін ажырата білмесеңіз, оның құны қымбатқа түседі.
Лайық формат таңдау
Кафе ашқан дұрыс, егер:
- қонақпен тікелей жұмыс істегенді ұнатсаңыз және адамдар қайта оралғысы келетін ерекше орта құрғыңыз келсе
- орналасқан жеріңіз қолайлы болса немесе ондай орын үшін уақыт пен қаражат жұмсауға дайын болсаңыз
- бір тапсырыстан жоғары табыс табуға ұмтылып, соған сай тұрақты шығындарды көтеруге дайын болсаңыз
Дарк-китчен ашқан дұрыс, егер:
- операциялық үдерістерді басқару, сандармен жұмыс істеу және жүйе құру сізге жақын болса
- қоғамдық тамақтану саласына аз қаражатпен кіріп, концепцияңызды қонақтарға арналған зал ашпай-ақ сынап көргіңіз келсе
- жеткізу платформаларының талаптарына бейімделіп жұмыс істеуге және әр минут үшін бәсекелесуге дайын болсаңыз
Бұдан бөлек, дарк-китченді жұмыс істеп тұрған кафенің негізінде де дамытуға болады. Ас үй дайын, команда қалыптасқан, бренд те өз аудиториясын тапқан. Мұндайда жеткізу қызметін іске қосу арқылы бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қосымша табыс табасыз. Көп жағдайда бұл — ең тиімді шешім.
Тұтыну үрдісіндегі өзгерістер
Ал енді дәл қазір нарықта болып жатқан ең маңызды өзгерістерге тоқталайық.
Жеткізуге тапсырыс беру күнделікті әдетке айналды, ал нарық қарқынды өсіп келеді. 2025 жылы Қазақстанда интернет арқылы тағам жеткізу нарығының көлемі 169,5 млрд теңгеден асты — бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Соған қарамастан, онлайн тапсырыс беретіндердің үлесі әлі де төмен: АҚШ-та бұл көрсеткіш шамамен 27,5%, Ұлыбританияда — 27,4%. Демек, нарық әлеуеті әлі де жоғары және мұнда жаңа ойыншыларға орын жеткілікті.
Сонымен қатар нарықта көзге бірден түсе бермейтін өзгерістер орын алып жатыр. Адамдар «мейрамханадан жеткізілетін тағамнан» гөрі дайын тағамды: супермаркеттен немесе маркетплейстен алып, үйде тамақ пісірмей-ақ жеуге болатын өнімдерді жиі таңдай бастады. Сарапшылардың бағалауынша, елдегі дайын тағам нарығы қазірдің өзінде жылына 240–360 млрд теңгеге жеткен. Бұл — бүкіл қоғамдық тамақтану нарығының 20—30%-ы. Ең қарқынды өсіп жатқан — дәстүрлі қоғамдық тамақтану орындары емес, онлайн-платформалар мен бөлшек сауда.
Тұтынушының таңдауы да өзгеріп келеді. Бұрын ол: «Бүгін кешкі асты қай жерде ішемін?» деп ойлайтын. Қазір болса, «Үйде тамақ пісірмес үшін не алсам болады?» деген сұрақты жиі қояды. Бұл — екі бөлек нарық. Оның үстіне екіншісі әлдеқайда жылдам өсіп келеді.
Заман өзгеріп жатыр
Мен дарк-китченнің әлеуетіне сенемін, өйткені онымен өзім де айналыстым. Бірақ шындыққа тура қарайық: бүгінгі нарық басқа.
Дарк-китчен әлі де жеткізу платформаларына тәуелді: олардың комиссиясы, клиент назарын аударуға арналған өз алгоритмдері мен өз ережелері бар. Бүгін мекемелердің шамамен 96%-ы онлайн тапсырыстарды маркетплейстер арқылы қабылдап, әр тапсырыстың 15—30%-ын комиссия ретінде төлейді. Сонымен қатар қазір ерекше назар аударуға тұрарлық тағы бір бағыт қалыптасып келеді — супермаркеттерге, жергілікті сауда желілеріне және маркетплейстерге арналған дайын тағам өндіретін ас үйлер.
Енді тапсырысты тез жеткізуден де маңызды нәрселер бар:
- тұрақты көлем мен нақты тапсырыс берушімен жұмыс
- өнімді дүкен сөресі мен маркетплейс витринасы арқылы ұсыну
- рецептура, сақтау мерзімі, дұрыс қаптама және әр партияның бірдей сапасы
Бұл «виртуалдық мейрамхана» форматынан шағын тағам өндірісіне көшуді білдіреді. Бүгінгі көрсеткіштерге қарасақ, бұл нарықта мәселе сұраныстың аздығында емес. Керісінше, өндіріс қуаты пен сапалы өндірушілер жетіспейді.
HoReCa-дан жеке өндіріске дейінгі жолды өзім жүріп өттім. Сондықтан нарықтың беталысы қай жаққа өзгеріп жатқанын анық көріп отырмын.
Түйін
Кафе — адамдарға ерекше орта мен әсер сыйлайтын бизнес. Ал дарк-китченнің табысы операциялық үдерістер мен логистикаға сүйенеді. Оны іске қосу оңайырақ әрі арзанырақ болғанымен, басқару әлдеқайда қиын. Сондықтан шешімді трендке қарап емес, өзіңіздің күшті жағыңызға қарап қабылдаған жөн.
Ал болашаққа көз жүгіртсек, бүгінгі ең маңызды сұрақ «кафе ме, әлде дарк-китчен бе?» емес. Сіз дүкен сөресіне арналған дайын тағам өндіруге дайынсыз ба? 30 минутта жеткізу қызметі өз орнын сақтайды. Бірақ дәл қазір қатар өсіп келе жатқан тағы бір үлкен нарық бар. Онда тағамды тұтынушыға курьер емес, супермаркет пен маркетплейс жеткізеді. Бұл нарықтың қарқыны енді ғана күшейіп келеді.
Өндірісті қалай іске қосып, дамытып жатқанымызды Instagram парақшамыздан көре аласыз. Сұрақтарыңыз немесе серіктестік туралы ұсыныстар болса, бізге жазыңыз: askar.ermagambetov@ordajuiceco.com