Қызметкерлерге медициналық кітапшаны рәсімдеу барысы
Қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және сауда саласындағы кәсіпкерлерге арналған нұсқаулық

Азық-түлік өнімдерімен, қызмет көрсету саласында немесе балалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер міндетті түрде өз қызметкерлеріне медициналық кітапша рәсімдеу керек. Мұндай қызметкерлер үнемі медициналық тексеруден өтіп, құжатты жылына бір рет, ал кейбір мамандықтарға — жарты жылда бір рет жаңартып отыруы тиіс. Бұл мақалада медкітапшаны қайда және қалай алу керектігін, және оған кім төлейтінін — жұмыс беруші ме, әлде қызметкердің өзі ме — айтып береміз.
Медициналық кітапшаны талап ететін салалар
Медициналық кітапша инфекциялық аурулардың таралу қаупі жоғары салаларда жұмыс істейтіндерге қажет. Бұл келесі салалардың мамандарына қатысты:
- қоғамдық тамақтану және тамақ өнеркәсібі — кафе, мейрамхана, асханалар
- азық-түлік өнімдері мен су сату және тасымалдау — дүкендер, аспаздық, базарлар
- қызмет көрсету саласы — монша, сауна, бассейн, шаштараз, сұлулық салондары, маникюр кабинеттері, химиялық тазалау, қонақ үйлер, хостелдер, шипажайлар
- балаларға арналған және медицина мекемелері — балабақша, мектеп, спорт секциялары, білім беру орталықтары, медорталықтар
- дәріханалар мен фармацевтикалық өндіріс
Толық тізімге 16 қызметкер санаты кіреді — аспазшы, даяшы, баристалардан бастап фармацевт, бала тәрбиешілері, күтушілер мен оқытушыларға дейін. Тіпті оқу тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің де мамандығы бойынша медициналық тексеру қажет болса, медициналық анықтамасы болуы керек. Ал бухгалтерлер мен заңгерлерге кітапша қажет емес.
Медициналық кітапшаны рәсімдейтін мекемелер
Медициналық кітапшаны лицензиясы бар мемлекеттік немесе жекеменшік медицина ұйымдары рәсімдей алады. Ең бастысы — мекеменің медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болуы тиіс.
Алғаш рет медициналық кітапшаны рәсімдеген кезде қызметкер өзі қалаған клиниканы таңдай алады. Кейін жұмыс беруші қызметкерді шарт жасасқан емханаға жіберуі мүмкін.
Медициналық кітапшаны рәсімдеу тегін медициналық көмекке кірмейді. Әдетте, бастапқы ресімдеуді қызметкердің өзі төлейді, мысалы, жұмысқа орналасу кезінде, кейде жұмыс беруші төлейді — бұл компания ережелеріне байланысты. Ал тұрақты медициналық тексеруден өту және медициналық кітапшаларды жаңарту жұмыс берушінің міндеті, өйткені бұл еңбек міндеттерін орындаумен тікелей байланысты.
Бағасы қалаға, клиникаға және талдау тізіміне байланысты. Мемлекеттік мекемелерде қызмет көрсету арзан болып, бірақ кезек пен күту уақыты ұзағырақ болады, ал жекеменшік клиникаларда бәрі жылдам жасалып, бірақ қымбатырақ болу мүмкін. Орташа бағасы — 5 000–15 000 теңге аралығында. Кейбір компаниялар клиникамен келісімшартқа отырып, барлық қызметкерлерді бір жерден тексеруден өткізеді — мұндайда жеңілдік болуы мүмкін.
Қажет құжаттар
Медициналық кітапша алу үшін қызметкерде келесі құжаттар болуы керек:
- жеке куәлік
- 3×4 өлшемдегі суреттің бір данасы
- флюорография — 1 жылға жарамды
Содан кейін қызметкер гепатит, ВИЧ, ішек құрттары, бактерия тасымалдаушысына арналған талдаулар тапсырып, терапевт және дерматовенеролог дәрігерлерінен медициналық тексеруден өтеді. Қарап тексеру мен талдаулардан кейін терапевт қорытынды жасап, медициналық кітапшаға қазақ немесе орыс тілінде мәліметтерді енгізеді. Міндетті түрде келесі ақпарат жазылады:
- қызметкердің аты-жөні, туған күні және мекенжайы
- жұмыс орны мен лауазымы
- талдау нәтижелері
- дәрігерлердің қорытындылары
- жұмысқа рұқсат беру мерзімі
Медициналық кітапшадағы фотосурет пен мамандардың барлық қорытындылары медициналық ұйымның мөрімен расталады.
Медициналық шектеулер
Егер қызметкерде басқаларға қауіпті болуы мүмкін аурулар табылса, ол жұмысқа жарамсыз саналады. Мұндай диагноздардың ішінде:
- жұқпалы аурулар — туберкулез, мерез, гепатит, сальмонеллез және басқалар
- асқынған тері аурулары — экзема, псориаз
- патогендік микроорганизмдерді тасымалдаушы — стафилококк, стрептококк
- паразиттік инфекциялар
Мұндай жағдайда кітапшаға рұқсат белгісі қойылмайды, қызметкер емделуге жіберіледі, ал сауыққан соң тексеруден қайта өтуге болады.
Медициналық кітапшаны ұзарту жиілігі
Медициналық кітапшаның жарамдылық мерзімі қызмет түріне байланысты, көбінде 1 жылға жарамды. Балалар мекемелерінің қызметкерлері немесе медициналық қызметкерлер сияқты жұмысшылардың санаттары тексеруден одан жиі өтеді — олар жарты жылда бір рет өтуге тиіс.
Кітапшаны ұзарту үшін қайтадан медициналық тексеруден өтіп, талдаулар тапсыру керек. Кітапшада тексерулер мен талдаулардың нәтижелері, сондай-ақ жұмысқа рұқсат көрсетіледі.
Медициналық кітапшаның мерзімі өтіп кетті
Кітапшаны рәсімдеу мен уақытылы жаңарту — бұл жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ міндеті. Егер компания мерзімді және міндетті медициналық тексерулер ұйымдастырмаса — бұл заң бұзушылық болып саналады. Бұл жағдайда шағын бизнеске 20 АЕК (2025 жылы 78 640 теңге), орта бизнеске — 30 АЕК (2025 жылы 117 960 теңге), ірі бизнеске — 120 АЕК (2025 жылы 471 840 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Санитарлық талаптарды бұзғаны үшін бөлек жауапкершілік қарастырылған:
- әкімшілік жауапкершілік — 160 АЕК-тен 1 600 АЕК-ке дейін (2025 жылы 629 120 теңгеден 6 291 200 теңгеге дейін) айыппұл
- жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік — 2 000 АЕК-ке (2025 жылы 7 864 000 теңге) дейін айыппұл немесе түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға 600 сағатқа дейін тарту, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру
Егер бизнесіңіз адамдармен, тамақпен, сумен немесе бала күтімімен байланысты болса — қызметкерлерге медициналық кітапшаны рәсімдеу қажет. Бұл жай ғана шарт емес, клиенттер мен ұжым қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талап. Кітапшаны рәсімдеу барысын жүйелі түрде ұйымдастыру маңызды — сенімді клиника таңдап, кітапша мерзімін ұзарту кестесін құрып, қызметкерлерге еске салу жүйесін енгізу керек.