Бизнеске пайдалы 10 сервис
Контрагентті тексеру, грант алу, инвестор табу

Бизнес ашып, оны дамытар кезде қайдан көмек алуға болатынын білсеңіз, жұмыс жеңілдейді. Қазақстанда кәсіпкерлікке оқытатын, кәсіп бастауға грант немесе жеңілдетілген кредит алуға көмектесетін, мемлекеттік жүйелермен біріктіретін, тіпті серіктестерді тексеретін онлайн сервистер бар. Жаңа кәсіпкерлер мен тәжірибелі кәсіпкерлерге пайдалы платформаларды бір жерге топтастырдық.
Мемлекеттен қолдау алу
- bgov.kz — бизнесті қолдайтын бірыңғай портал. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істеп, «Бәйтерек» холдингі мен оған еншілес ұйымдардың («Даму», ҚДБ, KazakhExport, ҚазАгроҚаржы) қолдау құралдарын біріктіреді. Мұнда жеңілдетілген кредиттер, субсидиялар, кепілдіктер және кредиттерді сақтандыруға байланысты барлық ұсыныс топтастырылған. Порталда бизнес көлемі мен салаңызға лайық қолдау құралын таңдап, онлайн өтінім беріп, оның күйін нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Бұл біраз уақыт үнемдейді — түрлі сайттардан бағдарлама шарттарын іздеудің де, ондаған кеңсеге барудың да қажеті жоқ.
- g4b.kz — «Атамекен» ҰКП-ның бизнеске арналған үкімет порталы. Порталда бизнеске көмектесетін кеден ісі, бухгалтерия, салық жөнінде кеңес беретін, бизнес-жоспар мен тендерлік құжаттама әзірлеуге көмектесетін және құжат жинау кезінде сүйемелдейтін түрлі қызмет бар. Atameken Academy оқыту жобаларына да қатысуға болады: салық, маркетинг, экспорт, онлайн сауда бойынша тегін курстар ұсынылады.
- business.enbek.kz — «Бастау Бизнес» жобасы аясында онлайн білім беретін портал. Платформада курстан өтіп, сертификат алу — 400 АЕК-ке дейінгі грантқа үміткер болуды жоспарлайтындарға міндетті талап. Бағдарламаға әлеуметтік осал топтар мен жұмыссыздар қатарындағы жаңа бастаған кәсіпкерлер қатыса алады. Ол туралы біз мына мақалада жаздық:
Мемлекеттік қызметтерді бизнеспен біріктіру
- Smart Bridge — мемлекеттік органдар мен бизнестің ақпараттық жүйелерін біріктіруге арналған платформа. Дайын API арқылы компанияларға өз сервистерін мемлекеттік ақпараттық жүйелерге және дерекқорларға қосуға мүмкіндік береді. Платформада мыңдаған сервис бар. Компаниялар мемлекеттік органдардың сервистерімен бірігіп, олардың негізінде клиенттеріне жаңа қызметтер ұсына алады. Мысалы, БИН бойынша заңды тұлға, филиал немесе өкілдік туралы толық тіркеу дерегін беру сервисін қосуға, сондай-ақ қызметкерлер туралы мәліметтерді, бұйрықтар жөніндегі ақпаратты және өзге де деректі беру үшін «е-Қызмет» ақпараттық жүйесін біріктіруге болады.
Контрагентті тексеру
- kgd.gov.kz — Мемлекеттік кірістер комитетінің кәсіпкерлерге арналған тегін сервистері:
- компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің (ЖК) салық берешегін тексеру;
- ҚҚС бойынша тіркелгенін тексеру;
- салық төлеушінің қатер дәрежесін көру (санаттау нәтижелері бойынша);
- сот шешімдері бойынша борышкерлер тізілімін қарау;
- жұмыс орындалмай, қызмет көрсетілмей, тауар жөнелтілмей жасалған мәмілелер туралы ақпаратпен танысу.
Сервистердің толық тізімін мына жерден қарауға болады.
Инвесторлар мен серіктестерді табу
- QazTrade — экспорттаушыларды кешенді қолдау. Халықаралық нарықтарға шығуға, экспорт ұйымдастыруға және шетелдік серіктестерді табуға көмектеседі. Ұсынылатын құралдар: консультация беру; логистика және нарықтарды талдау құралдары; экспортты ілгерілету бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу бағдарламалары; акселерация бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі.
- Astana Hub — IT-компаниялар мен стартаптарға арналған технология паркі. Мұнда салық жеңілдіктерін алуға, инвесторларды тартуға және акселерация бағдарламаларына қатысуға болады.
Әмбебап сервистер
- egov.kz — электрондық үкіметтің бірыңғай порталы; elicense.kz — лицензиялау порталы. Бизнеске тіркеу, қайта рәсімдеу, сондай-ақ медицина, құрылыс, тасымалдау және т.б. салаларда лицензиялар алу қызметтері бар.
- goszakup.gov.kz — мемлекеттік сатып алу порталы. Тендерлерді санат бойынша іздеу, лоттармен танысу және қатысуға болады. Компанияларды алдын ала тексеру үшін адал емес қатысушылар тізілімі бар.
- ESF.GOV.KZ — Электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесі (ЭСФ АЖ). ЭСФ жазуға және ҚҚС есебін жүргізуге арналған міндетті ақпараттық жүйе.
Қазақстандық сервистер клиент табуға, экспортқа шығуға, мемлекеттен қолдау және қаржыландыру алуға көмектеседі. Платформалардың көбін онлайн пайдалануға болады.