Қазақстандағы бизнестің 2026 жылғы бірінші тоқсан нәтижелері

Кәсіпкерлердің шынайы тәжірибесі

Қазақстандағы бизнестің 2026 жылғы бірінші тоқсан нәтижелері

2026 жылдың бірінші тоқсаны бизнес үшін сынаққа айналды — кәсіпкерлерге бір мезгілде жаңа Салық кодексі де, тұтынушылар мінез-құлқындағы өзгерістер де әсер етіп жатыр. Біз кәсіп иелерімен сөйлесіп, іс жүзінде орын алып жатқан өзгерістер мен қағаз жүзінде қалған тұстарды анықтадық.

Барлық назар — орташа чекке

Клиент сатып алуды кейінге қалдырып, шығынын азайтатын салаларда өзгерістер айқын сезіле бастады. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер стратегиясын бейімдеуге мұқтаж. Соның бір мысалы — Шыңғыс Алекенов негізін қалаған cvety.kz компаниясы.

«Биылғы бірінші тоқсан былтырмен салыстырғанда біршама тыныш өтті. Тапсырыс саны азайды, бірақ жұмысқа деген көзқарасты өзгертіп, маржаны бұрыңғы деңгейде сақтап қалдық. Орташа чектің өсуіне үміттендік. Мысалы, 14 ақпан мен 8 наурызда тек 25 мың теңгеден басталатын тапсырыстарды жеткізіп, арзанырақ гүл шоқтарын клиенттің өзіне алып кетуге ұсындық. Нәтижесінде тапсырыс саны азайды, бірақ әр тапсырыстан түсетін табыс артты. Сұраныс біршама өзгерді. Клиенттер ықшам гүл шоқтарын жиі таңдай бастады: бұрын 50–100 раушан алса, қазір 15–25 данамен шектеледі. Ал жалпы сатып алуға бөлінетін қаражат өзгерген жоқ».

Тауар бағасы шамамен 20%-ға өсті. Орташа чек 21 мың теңгеге жетті. Бағаның өсуі коммуналдық шығын әрі гүлдердің өзіндік құнының қамбаттауымен байланысты. Жеткізушілер бағаны ҚҚС-ны ескере отырып қалыптастырады.

«Бизнес клиентке бағаны ҚҚС-сыз ұсынады. Нәтижесінде салық маржаның есебінен өтеліп, сатып алушыға толық әсер етпейді. Қазір маржамызды сақтау үшін процестерді оңтайландырдық: ақылы жарнамадан бас тарттық, артық шығынды қысқарттық, бірқатар жұмысты автоматтандырдық. Тапсырыстар мен сайттың бір бөлігін жасанды интеллект өңдеп жатыр».

Жаңа тренд — Threads арқылы тапсырыс алу

«Бүгінде ең тиімді жарнама құралы — ұзынқұлақ. Адамдар дәстүрлі жарнама мен блогерлерден шаршағанын байқадық. Ал Threads жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Үш айда ақылы жарнамасыз жазылушылар саны 24 мыңнан 44 мыңға дейін өсті. Threads-тан ай сайын шамамен 1 500 тапсырыс түседі. Көбісі сайтқа сілтеме арқылы тікелей өтеді — бұл талдауда анық көрінеді. Алайда аудиторияның бір бөлігі алдымен Threads-тағы контентті оқып, кейін басқа арналарымызға өтеді немесе офлайн дүкенге келеді. Threads — тікелей сауда жасаудан бөлек, клиент сенімін қалыптастыру үшін пайдалы құрал. Әдетте оның әсерін уақыт өте байқаймыз: пайдаланушы жазбаларды оқып, біраз уақыттан кейін қалаған тауарын сатып алады. Дегенмен шешімді жылдам қабылдайтындар да бар. Мысалы, „Бұл пион емес, пломбир„ деп ақ пион туралы жазбаны жариялағаннан кейін бір айға жоспарланған топтама бірнеше сағаттың ішінде толық сатылып кетті».

B2B бағытта жұмыс істеу үшін ЖБР-ға көшу

Салық заңнамасындағы өзгерістер кейбір бизнес үшін қайта құрылымдауға бастапқы себеп болды. Соның мысалы — В2В клиенттермен жұмыс істейтін Әлихан Ысқақов. Ол оңайлатылған режимнен жалпыға бірдей белгіленген (ЖБР) салық режиміне көшті.

«Мен сайт жасау мен жарнама саласында жұмыс істеймін — контекст жарнама, Google, YouTube, Яндекс, кейде мобильді қолданба да әзірлеймін. Ісімді ЖК ретінде бес жылдан астам жүргізіп келемін. Биыл оңайлатылған салық режимінен ЖБР-ға ауыстым. Негізгі себеп — клиенттерім. Олардың көбісі — В2В сегменті. Салық кодексіндегі өзгерістерден кейін оларға оңайлатылған режимдегі ЖК-мен жұмыс істеу тиімсіз болды. Режимді ауыстыру көп уақыт алмады, бәрін eGov арқылы рәсімдедім. Қағаз жүзінде бәрі оңай. Іс жүзінде жұмыс бұрынғыдай, бірақ құжат көлемі көбейді: актілер мен шот-фактураларды рәсімдеу қажет. Салық мөлшерлемесі — 10%, сондықтан ақшаны алдын ала бөліп қоямын. Бірақ шегеретін шығын түрлері аз болғандықтан, салық жүктемесі айтарлықтай өсті. Оның орнын толтыру үшін барлық клиентке бағаны шамамен 10%-ға көтердім. Әрине, мұндай өзгерістер олардың өз клиенттері үшін бағаны қайта қарауына әсер етті. Кейбір клиенттер кетіп қалды, бірақ басқа амал болмады. Қазір шамамен 10 клиентім бар, әрқайсысы орта есеппен 150–200 мың теңге төлейді. Солармен жұмысты жалғастырып келемін».

Кәсіпкер жұмыс процестерін толық қайта құрған жоқ, себебі жаңа талаптарға әлі бейімделіп жатыр.

Табыстылықтың төмендеуі және команданың әсері

Бизнестегі өзгерістердің барлығы салыққа байланысты емес. Кейде кәсіпкерлер бұрынғы қарқынмен жұмыс істей береді. «Бороду не брей» барбершоп желісінің директоры Саид Тахировтың айтуынша, өзгерістер оның бизнесіне қатты әсер етпеген. Алайда бірінші тоқсанның қарқыны басқа себептерге байланысты бәсең болды.

«2026 жылдың бірінші тоқсаны табыстылық жағынан өткен жылмен салыстырғанда шамамен 20%-ға төмендеді. Мұны тек нарықтағы жағдаймен немесе салықпен байланыстыру қиын. Бізде кадрлық өзгерістер болды: екі филиалдан негізгі барберлер кетіп, клиенттері де олармен бірге кетті. Жалпы клиент ағыны азайды. Бұл шеберлердің кетуімен де, нарықтағы жалпы жағдаймен де байланысты болуы мүмкін. Әзірге бұл факторлардың нақты үлесін бөліп айту қиын. Сонымен қатар шығын өсті — шығындалатын материал мен косметика қымбаттады. Күтім құралдарының бағасын көтермедік. Себебі біз қазірдің өзінде төмен сегментте емеспіз, ал қызмет бағасын көтеру сұранысқа кері әсер етуі мүмкін».

Осылайша маржа төмендеді, бірақ нақты көрсеткішті дәл есептеу қиын. Қазір кәсіпкер бүкіл назарын операциялық жұмысқа және жаңа қызметкерлерді іздеуге шоғырландырып отыр.

«Салық жағынан бізде өзгеріс жоқ: бұрынғыдай оңайлатылған режимде, шамамен 3% мөлшерлемемен жұмыс істеп жатырмыз. Стратегияны өзгерткен жоқпыз, процестерді қайта құрмадық. Жағдайды бақылап, команданы тұрақтандыруға тырысып жатырмыз».

Саид бизнесін қалай құрғаны туралы мына жерден оқыңыз:

 

Осы мысалдар нені көрсетеді? Қазақстандағы бизнес бірінші тоқсанда орын алған өзгерістерге бейімделіп жатыр:

  • тапсырыс саны азайып жатса да, орташа чек мөлшерін ұлғайту мен оңтайландыру арқасында табыс сақталып жатыр
  • тұтынушылар ақшаларын бұрынғыдай жұмсаса да, өнімді мұқият әрі ұтымды таңдай бастады
  • салықтағы өзгерістер B2B бағытындағы қарым-қатынастардың үзілуіне және бағаның біртіндеп өсуіне алып келді
  • бизнес шығыны тез өсіп жатыр, ал бағаны сол қарқынмен көтеру мүмкін болмағандықтан, маржа төмендеп жатыр
  • дәстүрлі жарнама тиімділігін жоғалтып, оның орнын сенімге негізделген және Threads сияқты табиғи арналар басып келеді

Осы орайда көптеген компания стратегиясын түбегейлі өзгертпей, орын алған жағдайға сәйкес бейімделіп жатыр. Салық жүктемесін ескеру жеткіліксіз, бизнес баға қалыптастырудан бастап, шығын құрылымына дейін ішкі экономикасын қайта қарауға мәжбүр.