Жеті түрлі кәсіптің біреуі жетістік шыңына шығарды

Барбершоп желісінің тәжірибесі

Жеті түрлі кәсіптің біреуі жетістік шыңына шығарды

Саид Тахировтың кәсіп жолы оңай басталған жоқ. Ағасы екеуі талай кәсіп бастады: алтауы нәтиже бермей, жетіншісіне ғана бағы жанды. Тәжірибесіз, қаражатсыз бастаған іс қарыз бен қиындыққа толы болды. Соған қарамастан, олар «Бороду не брей» атауымен тоғыз филиалды барбершоп желісін құрды. Саид бизнес жүргізу жолын ашық айтып, қателескен, күмәнданған, шаршаған кездері де жетістік көріп, қуануға болатыны жайлы баяндап берді.

Іс бастасам дейтінмін, бірақ жүрегім дауаламады

Көптен бері жеке кәсіп ашуды қаладым. Бірақ ата-анам: «Жақсы оқы, мамандық ал — сонда бәрі орнығады», — деп кеңес берді. Сөйтіп Азаматтық авиация академиясына түсіп, кейін магистратура бітіріп, жақсы жұмысқа орналастым. Алайда іштей өз орнымда емес екенімді сезетінмін. Өмірімде қарқын мен жаңа сынақ керек болды.

Сол кезде желілік бизнеспен айналысып көрдім. Уақыт өте келе оның артықшылықтарын анық байқадым: өсуге, адамдармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйе екен. Өнімнің ерекшеліктерін де, жұмыс тәсілін де анықтап алып, көп ұзамай командамызбен бірге 150 мың доллардан астам саудаға шықтық.

Дәстүрлі кәсіп ашуға бел будым

Желілік жобаны сырқат пен ота тоқтатты — командам тарап кетті. Бірақ мен оны жеңіліс деп емес, тәжірибе деп көрдім. Сол кезеңде ондаған тренингке қатысып, сауда және келіссөз жүргізуді үйрендім. 500-ге жуық кәсіпкермен кездесіп, олардың тіршілігін жақынырақ көрдім: жұмыстан қолы босамай, үнемі келіссөздерге қатысқаннан басқа нәрселерге уақыты мен көңілі жетпейді екен. Сондықтан біздің ұсыныстарымызға көңіл бөлгендер аз болды.

Сол кезде үйренгенімнің бәрін жинап, дәстүрлі кәсіп бастағым келетінін түсіндім.

Қарыз астында жүргенімде де барбершоп желісі ойымнан кетпеді

Ағам екеуіміз талай нәрсеге кірістік: автосервис те, бар да, тамақ жеткізу қызметі де болды — жалпы жеті түрлі кәсіп сынадық. Кейбіреуі пайда әкеліп, кейбіреуі жабылып қалды. Әр қатеміз тәжірибеге айналып, алға жетеледі.

2018 жылы алғашқы барбершобымызды аштық. Ағам жалғыз өзі жұмыс істеді, әкімші жалдауға да жағдай болмады. Мен сол уақытта бар мен тамақ жеткізу қызметін қатар жүргіздім. Қарыз бен несие ауыртпалығы да, шаршай бастағанымыз да бір уақытта болды. Мен жалға алған пәтерде тұрдым, кейде оның ай сайынғы ақысын төлеуге де ақша жетпейтін. Тіпті жұмыстан кеткенім дұрыс па деп ойлаған кездерім болды. Сонда кеңес алу үшін бір тәжірибелі кәсіпкерге жаздым да, жауабын тез алдым.

Ол мынадай кеңес берді: «Өмірдің 90 пайызы ой-санамызға, ал 10 пайызы іс-әрекетімізге байланысты. Алдымен ойыңды ретте, сосын әрекет ет». Сонымен қатар Джон Кехоның «Квантовый воин» кітабын оқы деп кеңес берді. Мен соңғы 5 000 теңгемді соған жұмсап, кітапты тез оқып шықтым да, шабыт алдым.

Ағам маған барбершоптың аздап пайда әкеле бастағанын айтқанда, «Неге желі оны желіге айналдырмасқа?» деген ой келді. Ағам күліп: «Өзің қарызға батсаң да, желі туралы ойлап жүрсің бе», — деді. Бірақ кітапта: «Бастысы — ақша емес, ниет. Әрекет етсең, жолың ашылады», — деп жазылды. Мені алға тартқан ой осы болды.

Саид және Насиб Тахировтар

Филиал ашамын деп уәделесіп, ақыры ауруханаға түстім

Мен маклерлер мен таныстар арқылы жаңа филиал ашуға орын іздей бастадым. Сәті түсті де, іші жөнделген, бұрын шаштараз болған бір жақсы жер табылды. Бастапқы инвестицияға шамамен 15 мың доллар кетті. Мен ақша жинап, филиал аштым.

Алғашқы үш айда әкімшінің орнында өзім отырып, демалмай жұмыс істедім. Сөйтіп, бәріне: «Үш айда тағы бір филиал ашамыз», — деп айттым. Бірақ бәрі басқаша болды: екі апта бронхитке шалдығып, сырқаттанып қалдым. Әкімші жалдауға тура келді. Сонда мен үйге қайтып, алғаш рет демала алдым. Сол сәтте шаршағанымды анық сезіп, тек тынығым келді.

Дегенмен, тоқтаған жоқпын. Тағы бір филиал ашуға кірістім.

Өмір жолдасын таңдағандай серіктес іздедім

Іске жүйелеп кірістім. Серіктес бола алады деген адамдардың тізімін жасап, арасынан сенім артуға болатындарын таңдадым. Себебі серіктестік деген ұзақ мерзімді, өте жауапты іс қой.

Ақыры тізімде бес-ақ адам қалды. Әрқайсысымен кездесіп, бірінші филиалдың жетістігі мен екінші филиалдың үш айдағы өсімін көрсеттім. Мен оларға: «Менде идеям бар, тәжірибем бар, бірақ ақша жоқ. Инвестиция құйып, түскен пайдадан үлес алуға қалай қарайсыздар?», — деп, ашып айттым.

Екеуі де келісті. Біреуі 100 мың доллар беруге дайын болды, бірақ мен келіспедім, өзіме артық жүктегім келмеді. Біреуден ақша алғанда жоспарың ойдағыдай орындалатынына сенімді болу керек деп ойлаймын.

Сөйтіп, басқа ұсынысты қарастырдым. Раушанбек деген таныс жігіт көлігін сатып, қаражат салды. Ол өзі де жаңа кәсіп бастағысы келіпті. Біз пайыз үлесін қалай бөлетініміз жөнінде келісіп, жаңа филиалға лайық орын іздей бастадық. Осылайша, серіктестігіміз достыққа ұласты.

Бұған дейін көмектескен маклер бізге қайта хабарласып, жақсы орын бар екенін айтты. Біз барып, іздегеніміз сол екенін бірден көрдік. Орын иесімен келісіп, 10 млн теңгедей қаржы құйып, үшінші филиал аштық.

Ең ауыр филиал ең табысты филиалға айналды

Бастапқыда бәрі ауыр тиді: қызметкерлер жиі ауыса берді, клиент аз болғанына шыдай алмай, кетіп қалғандар көп болды. Мен оларға: «Күте тұрыңдар, клиент әлі келеді» дейтінмін. Екінші филиалдан түскен табыстың бір бөлігін жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдерге жұмсадым. Алты ай өте ауыр өтті, тіпті филиалды сатсам ба екен деген ой да болды.

Бірақ уақыт өте бұл филиал ең табысты филиалға айналды. Оның арқасында өзіме үй алдым, көлігімді жаңарттым, жеке қиындықтарды еңсердім. Бүгін бұл филиал желіміздегі көрсеткіші ең жақсылардың қатарында. Мұндай нәтижеге кезінде бізге сеніп, бізбен қаламыз деген командамыздың еңбегі жеткізді.

Ескі жоспарды кейінге қалдырып, жүрегімнің үніне ердім

Лондонда маркетолог болып оқыған досым стратегия құруға көмектесті. Бірақ мен ол жоспарға қарамай, көбіне іштей сезгеніме сене бердім. Бюджетті де солай бөлдім. Әрине, қателер де болды. Мысалы, басында сапасыз құрал сатып алдық та, бәрі тез сынып қалды. Қазір барбершопқа лайық жақсы орындық 400 мың теңгеден арзан тұрмайды деп тура айта аламын. Мұндай заттарға ақша аяғанда кейін бәрібір көп шығындаласыз.

Бізді таңдаған клиентке ризамыз

Барбершоп — ең жиі кездесетін бизнес түрлерінің бірі. «Клиенттің айтқаны әрдайым дұрыс», — дегенді ұнатпасам да, клиент бізге ақша әкелетіндіктен, әуелі оның қамын ойлаймын.

Алматыдағы үш мыңнан астам салоннан бізді таңдап келген адамның үмітін ақтауымыз керек. Сол себепті біз алдымен клиентімізді, одан кейін командамызды, ал ең соңында өзімізді ойлаймыз.

Командамен бір ырғақта болу

Бизнестің табысы тек оның иесіне ғана емес, иесінің қасындағы адамдарға да байланысты.

Бастапқыда бізде команда болған жоқ, әйтеуір жұмыс істеймін дегендерді шақыра бердік: тәжірибелі барберлерді де, курс бітіріп шыққандарды да алдық. Оларға жұмыс істеуге мүмкіндік бердік те, клиенттердің реакциясын бақылап отырдық. Ақыры біреуі кетті, біреуі келді, ал ой-санасы бізге ұқсас болғандары бізбен қала берді.

Барберлер — өте шығармашыл адамдар, олар шаш қию кәсібін өнер деп көреді. Бірақ дарынды шеберлер жұмысқа шықпай қалып, тәртіпті бұза берді. Бұны да жеңіп, ақыры жұмыс істеймін деген мамандарды жинап, шығармашылыққа құмар команда құрдық.

Тағы бір жағдайды айта кетейін. Бізде бухгалтерия мен салық жөнінде ешқандай түсінік жоқ еді. Бухгалтерді OLX-тен іздеп, Жанар атты маманды таптық. Жеті жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз, бірақ әлі жүзбе-жүз кездескен жоқпыз — бәрін аутсорс арқылы істейміз. Мен Жанарға: «Істеп беріңізші», — деп жазамын да, ол: «Шоттағы мәліметтерді жіберіңіз», — деп жауап береді. Біз жіберген құжаттарды түсіне қоймаймыз, ал ол бәрін өзі жасап, бізге қайтарып жібереді. Жанар біздің періштеміз.

Менің ағам жеп отырған мәнтісін клиентке бөліп берді

Біз кәсіппен жаңа айналыса бастаған кезде Алматыдағы барбершоптар көбіне хип-хоп стилі мен рэп өнеріне сүйеніп безендірілетін. Ағам екеуімізге бұл жасанды бірдеңе болып көрінді, сондықтан біз қарапайым әрі жылы, клиент өзін үйіндегідей сезінетін орын жасаймыз деп келістік.

Есімде бір қызық оқиға қалды. Төле би және Фурманов көшелерінің қиылысында жаңа ашылған филиалда ағам істейтін. Бір күні әкімші үстелінің басында мәнті жеп отыр екен. Сол кезде бір клиент кіріп, шашын алғысы келетінін айтты. Ағам мәнтісының жартысын бөліп беріп: «Ауыз тигізіңіз», — депті. Клиенттің таңғалғанын көрсеңіз ғой. Дегенмен, біз осындай жылы, мейірімді көңілмен ерекшеленеміз. Клиентпен достасқымыз келгендіктен, басқа біреуге еліктемей, өмірде қандай болсақ, жұмыста да сондай болып қала берейік дедік.

Бастысы, біреуді алдап, бірдеңе жасыру деген болмаса болды. Клиенттен тіпті бір мың теңге артық алған қызметкерді жұмыстан бірден шығарамыз. Ұрлыққа жол жоқ дегенді жаңа қызметкермен танысқан сәттен айтамыз.

CRM жүйесін қосқандар қатарының алды болдық

Біз Алматыда CRM жүйесін бірінші орнатқан барбершоптардың қатарында болдық. Сол кезде QR-код пен кешбэк дегенді түсінетіндер аз болды. Біз жеңілдік жасағаннан гөрі бонус беруді жөн көрдік: оны жинап, қажет кезде қолдануға ыңғайлы.

«Досыңды шақыр» дегенді де қостық: біреудің танысы қызмет ақысын төлеген сайын оны шақырған адамға бонус береміз. Тіпті достардың достарынан да бонус түседі — бұл үш деңгейлі жүйе әлі күнге дейін істеп келеді. Біз клиентке ризашылық білдіру философиясын ұстанамыз. Бізде бір қарапайым ереже бар: қызметіміз ұнамай қалса, төлемеуге болады. Біз клиенттен кешірім сұрап, келесі жолы тегін қызмет көрсетеміз. Клиент біздің адал ниетіміз бен құрметімізді көрсе екен деп ойлаймыз.

Өмірден алған тағылым

Өткенде бизнесіңді дамытайын деп келген бір адамға мен былай айттым: «Көрші көшеде бір бәсекелес барбершоп ашылды, оған қоса соңғы айда жеті адам жұмыстан шығып кетті, қазір орнына адам іздеп жүрмін. Бизнесті дамыту туралы ойлауға уақытым бар деп ойлайсыз ба?» — дедім.

Қызмет көрсететін бизнес — ауыр сынақ, мұнда бәрі адамдарға байланысты. Клиент тартуға миллиондаған ақша жұмсасаң да, жұрт брендіңіздің атын естеп келмей, қолы жеңіл шеберге келеді. Біз тәртіпке, жұмыс орнының тазалығына, құралдарға және сырт келбетімізге көп мән береміз. Егер қандай да бір шаш алатын шебер бізден кетемін десе, клиенттерінің бір бөлігі соңынан еріп кетеді.

Сондағы басты тағылым мынадай: қызмет көрсететін бизнесте жұмыс адамдарға байланысты болады. Интерьер жарты миллион доллар тұрса да, жұмыс орнында жақсы шебер болмаса, клиент қарамайды. Ал клиентке қамқор болған барбершоптар болашақта табысқа жетері сөзсіз.

Бұл бизнесте бірінші жылы өте қиын болады. Он компанияның тоғызы шыдамай, жабылып қалады. Кәсіпкер болғыңыз келсе, өзіңізден: «Бір жыл тегін жұмыс істеуге дайынсың ба?» — деп сұраңыз. Дайын болсаңыз, табысқа жартылай жеттіңіз деуге де болады.

Қате жасаудан қорықпаңыз, бірақ бәрін мінсіз жасаймын деп бірден ұмтылмаңыз. Қиындыққа қарамастан алға баса берсеңіз, құламайсыз.

Қорыта келе айтар сөз

Желіміз тұрақты жұмыс істеп жатыр. Әрбіреуімізде өз филиалымыз, операциялық міндеттеріміз бар. Бұл бизнес біздің де, қызметкерлеріміздің де бала-шағасын асырап келеді, мен соған өте ризамын. Бірақ жеңіл амал жоқ: кәсіппен айналысуға жақсы көңіл бөліп, көп күш салу керек.

«Табысты кәсіпкерден» сұхбат алағымыз келеді деп келгендеріңізде мен күліп жібердім, себебі өзімді ондай деп санамаймын. Бірақ біздің кәсібіміз жұрттың өміріне жақсы ықпал етсе, табысқа жеттік деуге болатын шығар.