Шағын бизнес брендін қалыптастыру жолдары

Логотиптен бастап қызмет көрсетуге дейін

Шағын бизнес брендін қалыптастыру жолдары

Мақаланың мазмұны

  • Telegram-да талқылау

Бренд қалыптастыру логотиптен басталады деп ойлайтын шығарсыз: дизайнер тауып, әдемі белгі таңдап, визитка жасатасыз, Instagram парақшаңызды дайындайсыз — бренд дайын. Бірақ шын мәнінде олай емес. Логотип — сізді бірден тануға көмектесетін визуалды белгі ғана. Бренд одан да ертерек қалыптаса бастайды: ең алдымен, клиент неліктен басқаны емес, дәл сізді таңдауы керек деген сұраққа жауап беру қажет.

Шағын бизнес үшін брендингтің маңызы ерекше. Өйткені көп жағдайда жарнамаға қомақты бюджет бөлуге, ауқымды ақпараттық қолдауға немесе нарыққа өзіңізді жылдар бойы танытуға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан клиент сіздің кім екеніңізді бірден түсінуі керек. Ол профиліңізді, маңдайшаңызды немесе 2GIS-тегі парақшаңызды көргенде, бірнеше секундтың ішінде немен айналысатыныңызды, не ұсынатыныңызды және сізге сенуге болатынын түсінуі қажет.

1-қадам. Нарықта орын табу

Брендинг ең алдымен дизайннан емес, брендтің бағытын айқындаудан басталады.

Ол үшін үш нәрсені анықтап алу керек: клиентіңіз кім, оның қандай мәселесін шешесіз және ол неліктен сізді таңдауы керек.

Егер сұлулық салонын ашсаңыз,, «әдемі болғысы келетіндердің барлығына арналған» деу жеткіліксіз. Егер кофехана болсаңыз, жай ғана «дәмді кофе және жайлы атмосфера» деп қана ерекшелене алмайсыз. Ал жергілікті азық-түлік брендін «қолжетімді бағадағы сапа» деген сөзбен ғана таныту қиын. Мұндай сөзбен көптің арасынан ерекшелену қиын. Сондықтан брендіңіздің өзгелерден несімен ерекшеленетінін нақты көрсеткен жөн.

Брендтің бағыты неғұрлым нақты болса, соғұрлым жақсы. Мысалы, жұмысқа барар алдында таңертең тез әрі тұрақты сападағы кофе алатын адамдарға арналған кофехана. Немесе күрделі бояуға және сәтсіз тәжірибеден кейін шашты қалпына келтіруге маманданған салон. Тағы бір мысал — сыйлық таңдауды жеңілдетіп, клиент бюджетіне сай дайын нұсқалар ұсынатын дүкен. Брендіңіздің клиент өмірінде қандай орын алатынын неғұрлым нақты анықтасаңыз, атау таңдаудан бастап қызмет көрсетуге дейінгі қалған жұмыстың бәрі соғұрлым жеңіл болады.

2-қадам. Бренд болмысы

Екінші қадам — бренд болмысын қалыптастыру. Өзгенің сөйлеу мәнеріне еліктемеңіз: бүгін бәрі нәзік әрі әсем, ертең еркін әрі жастарға жақын, арғы күні кәсіби әрі салмақты болып шыға келеді. Бренд әр апта сайын құбыла бермеуі керек. Клиент оны сөйлеу мәнерінен-ақ танығаны маңызды.

Егер сіздің брендіңіз адам болса, ол қандай болар еді? Мысалы:

  • сабырлы және қамқор
  • ширақ және іскер
  • әзілқой және батыл
  • талғампаз және ұстамды
  • үйдегідей жайлы әрі жылы

Бұл жай ғана психологиялық жаттығу емес, бизнесте қолдануға болатын нақты құрал. Брендтің болмысына қарай жазбаларды қалай жазатыныңыз, директте клиенттерге қалай жауап беретініңіз және мәселе туындағанда өзіңізді қалай ұстайтыныңыз анықталады.

3-қадам. Атау

Үшінші қадам — атау таңдау. Атау есте оңай сақталуы, айтуға ыңғайлы болуы керек. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде осы атаумен парақша ашуға, ал сайт үшін сәйкес домен алуға мүмкіндік болғаны жөн.

Жиі кездесетін қателік — атауды тек өзіңізге әдемі естілгені үшін таңдау. Клиент атауды оңай оқып, есте сақтап, басқа адамға айта алуы керек. Егер атаудың мәнін бес минут түсіндіруге тура келсе, оны қабылдау қиын болуы мүмкін. Әрине, кейде мұндай атаулар да сәтті шығады, бірақ бизнесті енді бастағанда барынша түсінікті атау таңдаған дұрыс.

4-қадам. Логотип

Төртінші қадам — логотип. Бастапқыда халықаралық дизайн байқауында жеңіске жететіндей ерекше логотип жасаудың қажеті жоқ.

Ең бастысы, логотип анық көрініп, шағын көлемде де жақсы оқылуы керек. Ол барлық жерде дұрыс көрінуге тиіс:

  • профиль суретінде
  • қаптама мен жапсырмада
  • маңдайша мен қызметкер формасында
  • баспа материалдары мен сайтта

Логотип ең алдымен өз міндетін дұрыс атқаруы керек. Презентацияда әдемі көрінгенімен, пакетте немесе стористе көзге түспей қалса, мұндай логотип тиімсіз.

5-қадам. Бренд стилі

Бесінші қадам — бренд стилін қалыптастыру. Бастапқыда мыналар жеткілікті:

  • логотип, түстер және қаріптер
  • фотосуреттерді қолдану ережелері
  • әлеуметтік желілерге арналған үлгілер
  • прайс, визитка және қаптама дизайны
  • маңдайша дизайны
  • презентация немесе коммерциялық ұсыныс үлгісі

Бірден ешкім ашып қарамайтын жүз беттік брендбук жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы — барлық материалды бір стильде жасауға көмектесетін түсінікті жүйе құру. Сонда әр жаңа дизайн басқа брендке тиесілі сияқты көрінбейді.

Тағы бір маңызды нәрсе: фирмалық стиль бағаңыз бен ұсынысыңызға сай болуы керек. Егер сіз премиум өнім сатсаңыз, бірақ визуалыңыз жеңілдіктер дүкеніндей көрінсе, клиент сіздің бағаңызға сенбейді. Егер қолжетімділік пен қарапайымдылықты ұсынсаңыз, бірақ стиліңіз тым суық әрі қымбат көрінсе, аудитория арада қашықтық бар екенін сезінуі мүмкін. Визуал бренд деңгейін, болмысын және қай аудиторияға арналғанын бірден аңғартады.

6-қадам. Бренд идеясын жеткізу

Алтыншы қадам — бренд идеясын жеткізу. Клиентке әдемі, бірақ мағынасы бұлыңғыр ұрандар емес, сізді не үшін таңдау керегін түсіндіретін қарапайым әрі нақты сөздер қажет. Олар мына сұрақтарға жауап бергені жөн:

  • өзгелерден қандай артықшылығыңыз бар
  • сізді не үшін таңдайды
  • олардың қандай күмәнін сейілтесіз
  • қандай әсер сыйлайсыз

Мысалы, «клиенттерге қамқорлық жасаймыз» деудің орнына «сыйлық іздеп қаланы араламас үшін, бәрін өзіміз дайындап береміз» деңіз. «Сапалы қызмет көрсетеміз» деудің орнына «он минут ішінде жауап береміз және тапсырыс жеткізілгенше сізбен байланыста боламыз» деп нақтылаңыз. Ұсынысыңыз неғұрлым нақты болса, клиенттің сенімі де соғұрлым артады.

7-қадам. Клиентпен байланыс орнату

Жетінші қадам — клиентпен байланыс. Бренд тек презентацияда емес, клиент байқайтын әрбір ұсақ-түйектен көрінеді. Мысалы:

  • менеджер хабарламасынан
  • пакет пен жапсырмадан
  • сатушының сөйлеу мәнерінен
  • шағымға берген жауаптан
  • дүкен тазалығынан
  • тауар парақшасынан
  • чектің қалай рәсімделгенінен

Instagram парақшаңыз әдемі болғанымен, курьер дөрекі сөйлесе, бренд туралы жақсы әсер жоғалады. Логотипіңіз заманауи болғанымен, менеджер «иә, жоқ, білмеймін» деп жауап берсе, клиенттің брендке деген сенімі азаяды. Қамқорлық танытамыз деп уәде беріп, клиент тапсырысын үш рет еске салуға мәжбүр болса, бұл уәденің мәні қалмайды. Сондықтан брендинг қызмет көрсетумен және бизнестің күнделікті жұмысымен үйлесуі керек.

Кейс: бір-біріне ұқсас екі дүкен

Екі жергілікті дүкен ұқсас тауарларды шамалас бағамен сатады. Біріншісінің логотипі әдемі, бірақ парақшасындағы жазбалар ретсіз, жеткізу шарттары түсініксіз, хабарламаларға жарты күннен кейін жауап береді, ал пікірлер бір жерге жинақталмаған. Екіншісінің визуалы қарапайымдау болғанымен, профильдегі негізгі ақпарат түсінікті, тауар парақшалары ұқыпты жасалған, хабарламаларға тез жауап береді, қаптамасы бір стильде, жұмыс барысын стористе шынайы көрсетеді, ал пікірлер санаттарға бөлініп жинақталған.

Логотипі мінсіз болмаса да, екінші дүкен бренд ретінде әлдеқайда мықты қабылданады. Өйткені бренд — бір ғана сурет емес, тұтас әсер.

Қорытынды: неден бастау керек

Мына жоспарға сүйенуге болады:

  1. Клиентіңіз кім екенін және оның қандай мәселесін шешетініңізді анықтаңыз.
  2. Брендіңіздің үш басты ерекшелігін және клиенттің сізге сенім артуына себеп болатын үш нәрсені жазыңыз.
  3. Брендтің болмысын және клиентпен қалай сөйлесетініңізді анықтаңыз.
  4. Біртұтас визуал жүйе жасаңыз: логотип, түстер, қаріптер, үлгілер мен қаптама.
  5. Клиент брендпен байланысатын барлық арнаны тексеріңіз: Instagram, сайт, 2GIS, Google, WhatsApp, маңдайша, қызметкерлердің киімі мен жеткізу қызметі.
  6. Осы жұмыстарды ретке келтіргеннен кейін ғана ауқымды жарнамаға қаржы салыңыз.

Брендинг қымбат ермекке айналмауы керек. Ол өнімді жоғары бағамен сатуға, оның құндылығын клиентке тез түсіндіруге және сенім қалыптастыруға көмектеседі. Брендіңіз ірі компаниялар сияқты көрінуі міндетті емес. Ең бастысы — брендке қатыстының бәрі бір-бірімен үйлесіп, біртұтас әсер қалдыруы керек. Өйткені клиент үшін жүйелі әрі бірізді бренд — сенімді бизнестің белгісі.