Мекемені Яндекс Карты жүйесіне қосу тәртібі
Кәсіпкерлер үшін толық нұсқаулық

Мақаланың мазмұны
Яндекс Карты — мекемелерді тауып, оларға дейін маршрут құруға арналған танымал сервистердің бірі. Осы платформа арқылы әлеуетті клиенттер компанияны оңай тауып, ол туралы ақпаратпен таныса алады. Қосылу тегін. Мекемені Яндекс Карты жүйесіне қосу және парақшамен жұмыс істеу жолдарын осы мақалада біртіндеп түсіндіреміз.
Яндекс Бизнес жеке кабинеті арқылы қосу
Осы әдіс мекеме парақшасын толық бақылауға, статистикаға қол жеткізуге, пікірлермен жұмыс істеп, жарнамалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді.
- Яндекс Бизнес сайтына өтіп, жүйеге кіріңіз. Жеке аккаунт болмаса, алдымен тіркелу қажет.
- Ашылған терезеде мекемеңіздің атауын жазыңыз — оң жақта ұқсас ұйымдардың тізімі пайда болады.
- Тізімнен компанияңызды тауып, таңдаңыз. Ұйымның парақшасы ашылады. Көрсетілген ақпараттың өз деректеріңізбен сәйкестігін тексеріңіз. Содан кейін компания өкілі екеніңізді растау қажет. Ол үшін іздеу жолағына компанияның атауын қайта енгізіп, керекті ұйымның қасындағы «Рұқсат алу» («Получить доступ») батырмасын басыңыз. Растау SMS немесе оператордың қоңырауы арқылы жүргізіледі.
- Егер тізімде компанияңыз болмаса, оны жаңадан қосуға болады. Ол үшін бизнесіңіздің қызмет түрін, мекенжайы мен байланыс нөміріңізді көрсетіңіз. Осы мәліметтерді енгізгеннен кейін Яндекс Бизнес жүйесінде мекеме парақшасы ашылады. Оны басқару үшін сайттың жоғарғы жағында орналасқан «Иесі болу» («Стать владельцем») батырмасын басыңыз. Осылайша мекеме туралы ақпаратты түзетуге және жаңартуға толық мүмкіндік аласыз.
- Өтініш модерациядан өтеді — бұл әдетте бірнеше минуттан үш күнге дейін алады. Кейбір жағдайларда өтінішті қабылдамауы мүмкін (мысалы, деректер қате немесе қайталанып жатса).
Яндекс Карты сайты арқылы
Бұл тәсіл компанияңыздың картада көрсетілуіне мүмкіндік береді, бірақ мекеме парақшасын басқара алмайсыз.
- Компьютер арқылы Яндекс Карты сайтына өтіңіз.
- Яндекс аккаунтыңызға кіріңіз. Егер аккаунтыңыз болмаса, жаңа есептік жазба ашыңыз.
- Картада ұйымыңыз орналасқан жерді тауып, сол нүктені тінтуірдің оң жағымен басыңыз — мәзір ашылады.
- Мәзірден «Нысанды қосу» («Добавить объект») тармағын таңдап, нысан түрін «Ұйым» («Организация») ретінде белгілеңіз.
- Сауалнаманы толтырыңыз: ұйым атауын, мекенжайын, қызмет түрін, жұмыс уақыты мен байланыс деректерін көрсетіңіз. Ғимараттың немесе маңдайшаның фотосуреттерін тіркеп жіберген дұрыс.
- Меншік иесінің құқығын растаңыз — көрсетілген телефон нөміріне SMS-код келеді немесе оператор қоңырау шалып, кодты айтады. Келген кодты тиісті өріске енгізіңіз. Толығырақ ақпаратты Яндекстің анықтама бөлімінен табуға болады.
- Модерацияның аяқталуын күтіңіз. Жауап поштаңызға келеді және профиліңіздегі «Түзетулер» («Исправления») бөлімінде де көрсетіледі.
Сервиспен тиімді жұмыс істеуге арналған кеңестер
Компания жайлы мәлімет неғұрлым толық болса, соғұрлым жақсы
Яндекс Карты платформасындағы жарқын парақша бизнесіңізді танытуға септігін тигізеді.
Бизнестің санатын дұрыс таңдаңыз — бұл сіздің іздеу нәтижелерінде дұрыс көрінуіңізге көмектеседі. Мысалы, кофехананы суши-бар ретінде тіркеп қойсаңыз, клиенттер сізді таба алмай қалуы мүмкін.
Телефон нөмірі, сайт сілтемесі, мессенджерлер — клиент сізбен жылдам байланыса алатын барлық тәсілдерді көрсетіңіз. Әсіресе, жұмыс кестеңіз икемді болса, міндетті түрде жұмыс уақытын енгізіңіз.
Фотосуреттер мен бейнелерді жүктеңіз — осылайша клиент компанияның қызметін түсініп, сізге жетуге оңай жол табады.
Артықшылықтарыңызды көрсетіңіз: көлік тұрағының болуы, төлем түрлері, жеткізу қызметі және басқа да маңызды мәліметтер.
Мамандандырылған салада жұмыс істейтін компаниялар үшін лицензия мен ресми деректемелерді көрсету маңызды. Мысалы, бұл талап медицина мен білім беру салаларына қатысты.
Яндекс Карты платформасында деректерді толтыруға арналған нұсқаулықпен танысуды ұсынамыз.
Профильді оңтайландыру және жаңарту
Компанияңыздың бірнеше филиалы болса, оларды бір желіге біріктіріңіз. Бұл басқаруды жеңілдетіп, брендті жүйелі түрде дамытуға көмектеседі.
Пікірлерді назардан тыс қалдырмаңыз. Тіпті жағымсыз пікірге сыпайы жауап беріңіз. Бұл — клиентпен кері байланыстың маңызды екенін және диалогқа ашық екеніңізді көрсетеді.
Парақшаңызды үнемі жаңартып отырыңыз: фотосуреттерді, жаңалықтар мен жаңа қызмет түрлерін қосып отырыңыз. Белсенділік артса, арнайы белгіні алуға болады. Бұл — сенімділік белгісі. Көптеген қолданушылар дәл осындай компанияларды таңдауға бейім.
Талдауды пайдаланыңыз. «Статистика» бөлімінде сізді қанша адам тауып жатқанын, клиенттердің қандай сұраныстар арқылы келгенін және бәсекелестеріңізді көре аласыз. Бұл — алдағы қадамдарыңызды тиімді жоспарлауға көмектесетін сенімді құрал.
Яндекс ұсынатын жарнамалық құралдар
Яндекс Бизнестің жарнамалық жазылымы — компанияңызды автоматты түрде алға жылжытудың ыңғайлы жолы. Бұл сервис бәрін өзі атқарады:
- парақшаңыздағы ақпарат негізінде жарнамалық хабарландырулар жасайды
- жарнаманы Яндекс Карты пен Яндекс Іздеу жүйесінде көрсетеді
- жарнама бюджетін өзі басқарып, қаражатты ең тиімді бағыттарға бөледі
Жазылымды Яндекс Бизнес жүйесіндегі жеке кабинетте қосуға немесе өшіруге болады.
Яндекс Карты жүйесіне бизнесіңізді қосу — оңай, жылдам әрі тегін. Мекеме парақшасы дұрыс толтырылған болса, платформаның пайдаланушылары сізді оңай табады. Яндекс Бизнестегі белсенділік жаңа клиент тартуға және компанияңыздың көзге түсуіне көмектеседі. Бұл бәсекелестерден ерекшеленуге мүмкіндік береді. Егер сұрақтар туындаса, Яндекстің қолдау қызметіне жүгінуге болады.