Қазақстанда пәтерді заңды түрде жалға беру
ЖК тіркеу және тұрғын үйді жалға беру шартын жасасу


Тұрғын үйді жалға беруден түсетін табыс ресми түрде тіркеліп, оған салық салынуы тиіс. Пәтерді заңды түрде ЖК ретінде тіркеліп те, тіркелмей де жалға беруге болады. Салық салу режимінің қолайлы түрін таңдау және заңды бұзбай әрекет ету жолдарын осы мақалада түсіндіреміз.
Тұрғын үйді жалға беру шарты
Бұл құжат жалға алушы мен жалға беруші арасындағы келеңсіз жағдайларды алдын алуға көмектеседі. Шартта әдетте жалға беру мерзімі, төлем сомасы мен күні, сондай-ақ кепілдік жарнасының бар-жоғы көрсетіледі. Сонымен қатар, пәтердің жай-күйін тексеру жиілігін, тұрмыстық техниканы бүлдірген жағдайда зардапты өтеу қажеттілігі мен тараптардың келісімі бойынша басқа да қосымша шарттарды атап өтуге болады.
Пәтердегі техника, жиһаз бен интерьер заттары қабылдау-тапсыру актісінде көрсетіледі. Бұл құжат үйдегі заттар бүлінген немесе жоғалған жағдайда қажет болады.
Мұндай шарттар нотариалды куәландыруды талап етпейді, тек жалға алушы мен жалға берушінің қолы жеткілікті.
Пәтерді ЖК ретінде тіркелмей жалға беру
Тұрғын үйді жалға беру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. Мұндай жағдайда өзін-өзі жұсыспен қамтыған ретінде тіркелу керек.
Айлық табыс 300 АЕК-тен аспауға тиіс, яғни жалға беруден түсетін жалпы табыс айына 1,2 млн теңгеден немесе тәулігіне 43 мың теңгеден аспауы тиіс.
Тіркелу барысы онлайн:
- e-Salyq Business мобильді қолданбасын жүктеп алыңыз.
- ЖСН-ңызды енгізіп, «eGov Mobile арқылы кіру» батырмасын басыңыз.
- Жұмыс форматын таңдаңыз: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимі.
- Қызметіңіздің түрін енгізіңіз, мысалы «Жеке меншік немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға беру (қосалқы жалға беру) және басқару».
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын табысының 4% мөлшерінде әлеуметтік төлем төлейді. Бұл сомаға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМСЖ) және әлеуметтік аударымдар (ӘА) кіреді.
Олар жеке табыс салығын төлемейді, бірақ ЖТС-ны 0% мөлшерлемемен есептейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салық декларациясын тапсырмайды. Олар кіріс пен әлеуметтік төлем бойынша есепті E-Salyq Business арнайы мобильді қолданбасы арқылы жүргізеді.
Клиенттен төлемді кез келген тәсілмен қабылдауға болады. Төлем жасалғаннан кейін қолданбада міндетті түрде чек шығару керек. E-Salyq Business жүйесі көрсетілген кіріс сомасы негізінде салық пен әлеуметтік төлемді автоматты түрде өзі есептейді.
Әлеуметтік төлем есепті айдан кейінгі айдың 25-іне дейін мобильді қолданба арқылы төленуге тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салық кезеңі — бір ай. Мысалы, қаңтардағы әлеуметтік төлемді 25 ақпанға дейін төлеу керек.
Пәтерді ЖК ретінде жалға беру
Тұрғын үйді жалға беретін жеке кәсіпкер оңайлатылған салық режимін қолдана алады.
Лайық ЭҚЖЖ: 68201 — «Жеке меншік немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға беру (қосалқы жалға беру) және басқару».
Жылдық табыс 600 000 АЕК-тен аспауға тиіс, яғни жалға беруден түсетін жалпы табыс айына 216 млн теңгеден немесе тәулігіне 7 млн теңгеден аспауы тиіс.
Оңайлатылған режимдегі ЖК табысының 4%-ын жеке табыс салығы (ЖТС) ретінде төлейді. Алайда салық мөлшерлемесі өңірге қарай 2%-дан 6%-ға дейін өзгеруі мүмкін. Сондықтан жергілікті әкімдіктен нақтылап алған жөн. Оңалайтылған режимдегі ЖК әлеуметтік салық төлемейді.
ЖК өзі үшін барлық салықтар мен міндетті әлеуметтік төлемдерді төлейді. Кәсіпкер еңбеқақы мөлшерін өзі белгілейді, бірақ мынадай талаптарды ескеруі керек:
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша айлық табыс 1–50 ЕТЖ (2026 жылы 85 000–4 250 000 теңге) аралығында болуға тиіс
- әлеуметтік аударымдар (ӘА) бойынша айлық табыс 1–7 ЕТЖ (2026 жылы 85 000–595 000 теңге) аралығында болуға тиіс
Кәсіпкердің еңбекақысы осы талаптарға сай белгіленуі керек.
ЖК-ның 85 000 теңге табысынан төлемдерді есептеу үлгісі:
- МЗЖ — міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 10%
85 000 × 10% = 8 500 теңге - ЖМЗЖ — жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: еңбекақы × 3,5%
85 000 × 3,5% = 2 975 теңге - ӘА — әлеуметтік аударымдар: еңбекақы × 5%
85 000 × 5% = 4 250 теңге - МӘМСЖ — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: 1,4 ЕТЖ × 5%
1,4 × 85 000 × 5% = 5 950 теңге
Өзі үшін ЖК 21 675 теңге төлейді.
Жеке кәсіпкер 910.00 CЕН нысаны бойынша оңайлатылған декларацияны тапсырады. Табыс салығы жалпы айналымнан жарты жылдық үшін төленедi. Бұл есеп әр жарты жыл сайын берілуі тиіс, бірақ ол ЖК-ны ашқан уақыттан жарты жыл өткенде емес, арнайы белгіленген мерзімде тапсырылады:
- І жарты жылдық үшін — 1 шілдеден 15 тамызға дейін
- II жарты жылдық үшін — 1 қаңтардан 15 ақпанға дейін
Пәтерді заңды түрде жалға беру арқылы айыппұлдардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, тегін медициналық қызмет алуға және БЖЗҚ-дағы жинақтарды ұлғайтуға мүмкіндік туады. Мұндай ресми табыс несие рәсімдеу кезінде, соның ішінде ипотека алу кезінде де ескеріледі. Тұрғын үйді жеке кәсіпкер ретінде немесе жеке тұлға ретінде жалға беруге болады, бәрі табыс сомасына байланысты. Пәтерді жалға беру алдында үйді жалға беру шарты мен қабылдау-тапсыру актісін жасау керек. Бұл заңдық және қаржылық мәселелерден қорғануға мүмкіндік береді.