Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салық міндеттемелері

Арнаулы мобильді қолданба арқылы есеп жүргізу

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салық міндеттемелері

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар — бұл кәсібін ЖК немесе ЖШС ретінде тіркемей жүзеге асыратын жеке тұлғалар. Мұндай салық режиміндегілер арнайы мобильді қолданбаны міндетті түрде пайдаланады. Олардың айлық табысы 300 АЕК-тен (2026 жылы 1 297 500 теңгеден), ал жылдық — 3 600 АЕК-тен (2026 жылы 15 570 000 теңгеден) аспауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке табыс салығын (ЖТС) төлемейді. Ал табыс пен өзге де міндетті төлем есебін E-Salyq Business мобильді қолданбасында жүргізеді.

Салық пен әлеуметтік төлем

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ай сайын табысының 4% мөлшерінде әлеуметтік төлем төлейді. Бұл сомаға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМСЖ) және әлеуметтік аударымдар (ӘА) кіреді.

Олар жеке табыс салығын төлемейді, бірақ ЖТС-ны 0% мөлшерлемемен есептейді.

Есеп тапсыру тәртібі

Арнаулы мобильді қолданба арқылы

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салық декларациясын тапсырмайды. Олар кіріс пен әлеуметтік төлем бойынша есепті E-Salyq Business арнаулы мобильді қолданбасы арқылы жүргізеді.

Клиенттен төлемді кез келген тәсілмен қабылдауға болады. Төлем жасалғаннан кейін қолданбада міндетті түрде чек шығару керек. E-Salyq Business жүйесі көрсетілген кіріс сомасы негізінде салық пен әлеуметтік төлемді автоматты түрде өзі есептейді.

Әлеуметтік төлем есепті айдан кейінгі айдың 25-іне дейін мобильді қолданба арқылы төленуге тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салық кезеңі — бір ай. Мысалы, қаңтардағы әлеуметтік төлемді 25 ақпанға дейін төлеу керек.

Интернет-платформа арқылы жұмыс істеген жағдайда 

Кәсіпкер интернет-платформа (мысалы, Wolt, Яндекс Go немесе маркетплейстер) арқылы жұмыс істесе, платформа операторы салық агенті ретінде табыстан салық пен әлеуметтік төлемді автоматты түрде ұстап қалады. 

Интернет-платформа операторы ұстап қалған соманы бюджетке аударады:

  • ЖТС — есепті айдан кейінгі айдың 15-іне дейін
  • әлеуметтік төлем — есепті айдан кейінгі айдың 25-іне дейін

Бұл жағдайда өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам есеп жүргізбейді, төлемді аудармайды — бәрін платформа операторы атқарады.

Интернет жоқ жағдайда

Егер интернет болмаса, кәсіпкер кiрiс пен әлеуметтік төлем сомасын өзі есептеп төлейдi. Мұны ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-іне дейін жасау қажет.

Төлем жасалғанын растайтын құжаттар болса, бұл сома ресми түрде төленген болып есептеледі. Интернет қосылғаннан кейін кіріс пен міндетті төлем туралы барлық мәліметті E-Salyq Business қолданбасына енгізу қажет.

 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ЖК ретінде тіркелмей жұмыс істейді. Олардың жеке табыс салығы 0%, ал әлеуметтік төлемдері 4% мөлшерлемемен есептеледі. Декларация да тапсырмайды — есеп пен төлемдер арнайы мобильді қолданба арқылы жүргізіледі. Ал интернет болмаған жағдайда кіріс пен төлемдерін уақытша өз бетімен есептеп, кейін деректерін қолданбаға енгізеді.